Ұстаз есімі ұлықталды
Елдің келешегі, жұрттың болашағы саналатын ұрпақтың білім үйреніп, тағылым алуында мұғалімнің алар орны қашанда бөлек. Қадір-қасиеті де ерен, ерекше. Ұстаз деген ұғым кейін қалыптасқанмен, халқымыз атам заманнан ел жақсыларын сол ұстаз дәрежесінде алақанға салып ұстаған. Себебі ұстаз – талай бұлақтың көзін ашқан ұлылықтың үлгісі. Осындай арда азаматтардың бірі – марқұм Гүлсайран Әбләкиева. Өзінің саланы ғұмырын білім саласына арнаған ол – Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы секілді алыптардың ісін, ізін жалғап қана қоймай, аталмыш салады өшпес із қалдырды.
Гүлсайран Әбләкиева 1945 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Сондағы Т.Шевченко атындағы №13 орта мектепте алғаш әріп танып, 1962 жылы аталмыш білім ордасын күміс медальмен тәмамдаған.
Сол жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына түсіп, оны 1967 жылы бітіріп, математика пәнінің мұғалімі мамандығын алды. Өзінің алғашқы еңбек жолын 1967 жылы Арал қаласындағы №15 орта мектепте бастап, кейін Қазалы поселкесіндегі №204 жалғастырды. Мұнан соң білікті маман 1979 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Қаныш Сәтбаев атындағы №216 орта мектепте адал қызмет атқарды.
Ол өзінің саналы ғұмырында білім саласында үлкен жетістіктерге жетіп, шәкірт даярлап, үздік сыныптар қатарын көбейтуде үлкен үлес қосты. Тиісінше, төгілген маңдай терінің, жұмысының жемісін жеген Гүлсайран – апай Білім Министрлігінің құрмет грамоталары мен «ҚР Білім беру ісінің үздігі» сынды жоғары марапаттарға лайықты деп танылған.
«Жақсыны көрмек үшін, үлгі етіп жүрмек үшін» дегендей, 2017 жылы өзі еңбек еткен білім ордасында Гүлсайран Әбләкиеваның құрметіне математика кабинеті ашылды. Тіпті ұстаз есімін ұлықтау, кейінгі буынға насихаттау мақсатында аталмыш мектепте математикадан аудандық турнир ұйымдастырылып келеді.
Сәрсенбіде өткен аудандық турнир де білім саласында өзінің өшпес ізін қалдырған ардақты ұстаз – Гүлсайран Әбләкиеваның 80 жылдығы құрметіне һәм аяулы ұстазды еске алу мақсатында ұйымдастырылған еді. 7-8 сынып оқушылары арасында өткен білім додасына ауданға қарасты барлық мектептерден 79 оқушы қатысып, бақ сынады. Білім додасының қорытынды шарасы әсерлі көрініспен түрілді.
Мұнан соң мектеп директоры Эльмира Сматуллаева сөз алып, аталмыш турнирдің өтуіне сүбелі үлес қосып жүрген Сәбит Өтегенов секілді ардақты ұстаздың ұрпақтары туған-туысына алғысын білдірді. Сонымен қатар барша талапшыл жастарға сәттілік тіледі.
Келесі сөз кезегі Г.Әбләкиеваның жақындарына берілді. Сахна төріне шыққан Фатиха апай жеңгесі жайлы жүректі қозғар жылы естеліктер айтып бастағанда жұрт жиналған залда бір сәтке тыныштық орнады. Одан әрі туғаны Сәбит Өтегенов сөйлеп, барша ұйымдастырушы мен қатысушыларға шын жүректен алғысын білдірді.
Онан соң турнир қорытындысы дайын болып, аудандық білім бөлімінің мамандары жеңімпаздарды марапаттауға кірісті.
Жетінші сынып оқушылары арасында өткен білім додасында көпті басып озып №204 орта мектеп I орынды жеңіп алды. II орынды №92, 102 және 249 мектеп-лицей иеленді. Ал III орынға №90, 91, 97, 182 және 249 мектептер жайғасты.
Сегізінші сынып оқушылары арасындағы сайыста I орынды №165 мектеп алса, II орынды №92, 102, 249 мектептер иеленді. Ал III орынға №94, 190, 226 мектептер лайықты деп танылды. Үздік үштіктен көрінген мектеп оқушылары қаржылай сыйлық алды. Сондай-ақ басқа да қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Серік АҚМЫРЗА