Өнегелі өмір өрнегі
«Ұстаз – ұлы тұлға» деген сөзді естігенде көңіліңе шаттық ұялатып, есіңе түсетін бірнеше мұғалім болады. Атап айтар болсам Мақсат Оразбаев, Набиға Мұратова, Әмірхан Өтепбергенов, Мадина Әбішева, Разия Балмурзина сынды апайдың тәлім-тәрбиесі, білім-білігі бөлек ұстаздар еді. Осындай ұлағатты ұстаздардан білім алғанымды мақтан тұтамын. Осы ұстаздарымның арасынан химия пәнінен сабақ беріп, сынып жетекші болған Набиға Мұратова апай туралы сөз қозғағым келді.
Набиға Ермаханқызы 1940 жылдың 6 ақпанында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Төретам қыстағында дүниеге келген. 1960-1965 жылдары Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының химия-биология мамандығы бойынша оқуға түседі.
Еңбек жолын 1958-1960 жылдары Қармақшы ауданына қарасты Төретам кентіндегі мектепте пионер вожатый болып бастайды.
1960-1969 жылдары Қазалы ауданындағы Құмжиек ауылындағы №92 мектепте химия пәнінің мұғалімі, 1969-1974 жылдары Қызылту ауылындағы №103 мектепте химия пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. 1974-1990 жылдары Қазалы ауданы Ақсуат ауылындағы №100 Кеңтүп орта мектебінде химия пәнінің мұғалімі болды. Осы жылдары Набиға апайдың тәлім-тәрбиесін алған шәкірттерінің бірімін. Апайымыздың әр сабағы, әр тәрбиелік, өнегелі істері өмірлік ұстанымым болып келе жатыр.
Набиға апай осы мектептен зейнетке шықты. Еңбегіне сай марапаттарын да алған. Ұлағатты ұстаз 1981 жылы «Заведующая кабинетом по химии сш 100» құрмет грамотасы, 1984 жылы Қаз ССР оқу министрінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Қазір 85 жастағы 32 немере, 22 шөбере сүйіп отырған бақытты әже «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төс белгісінің, «Еңбек ардагері»медалінің, «Батыр ана» орденінің, «Алтын алқа» алқасының, «Ұлы Отан соғысына – 75 жыл» медалінің иегері.
Тек ұстаздар қауымына ғана емес, бүгінгі жастарға Набиға Мұратов апайдың өмір жолы да, еңбек жолы да өнеге. Жасаған ісің кемел болса, кейінгіге айтатын сөзің де салиқалы болатынын осындай ұстаздың ісінен көруге болады.
Ақынсара ДАУЛОВА,
№100 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі