Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Есірткі сату екпіндеп тұр

Есірткі сату екпіндеп тұр

Фото: Елдар Қаба
Есірткі саудасы әлемде тауар айналымы бойынша қару-жарақ саудасы секілді заңсыз, мұнай саудасы сияқты ірі сауда түрлерінен кем түспейді. Ол көлеңкелі бизнес түріне жататындықтан, оның тауар айналымы жайлы нақты, анық дерек жоқ. Кейбір деректерде әлемдік есірткі саудасының көлемі 800 миллиард АҚШ доллары екені айтылса, тағы бір деректерде бір триллион АҚШ долларына дейін жететіні жазылады.
Астыртын жүргізілетін есірткі саудасы тарихта ашық әрі алпауыт мемлекеттердің сыртқы саясаты ретінде жүргізілген. Мәселен, «күн батпайтын империя» болған Англия ХІХ ғасырда Үндістанға есірткі ектіріп, қытайлықтарға оны шектіру арқылы қыруар табысқа кенеліп отырды. Отар елдерді қанаған Англияның бұл әрекеті Қытайдағы атақты «Апиын соғысын» туғызды. Әлемде географиялық орналасу, атмосфералық ерекшеліктеріне байланысты есірткі түрлерін өндіретін, экспорттайтын негізгі бірнеше өңір бар. Мысалы, есірткі саудасындағы кокаинды дайындаушы және экспорттаушы елдердің негізгілері Оңтүстік Америкадағы Перу, Колумбия, Венесуэла мен Боливия сияқты елдер болса, апиын мен героинды өсіріп, таратушы мемлекеттер қатарында Ауғанстан, Иран, Пәкістан мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Лаос, Мьянма бар. Ал марихуананы Солтүстік Африка, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Батыс Азияның кейбір мемлекеттері өндіріп, экспортқа шығарады. Бұлардан бөлек синтетикалық есірткі заттарын өндіретін Нидерланды, Қытай Халық Республикасы және Морокко сынды елдер де бар. Strategy2050.kz аналитикалық порталының мәліметінше, Қазақстанның Жамбыл облысы, Шу ауданындағы 150 мың шаршы метрлік есірткі алқабында өсетін қарасора да еліміздің өңірлеріне ғана емес әлемнің өзге аймақтарына тасымалданатын есірткі түріне жатады.
Біріккен ұлттар ұйымының мәліметінше, 2024 жылы Иранда кем дегенде 900 адам өлім жазасына кесілген. 7 қаңтар күні БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Түрк 2024 жылы Иранда кем дегенде 901 адам өлім жазасына кесілгенін жариялады. Ол желтоқсанның бір аптасында Иранда 40-қа жуық адам өлім жазасына кесілгенін атап өтті. Ол жағдайды өте алаңдатарлық деп бағалады.
«Иранда өлім жазасы жылдан жылға артып келеді. Иран өлімнің бұл толқынын тоқтататын кез келді», деді Фолькер Түрік.
БҰҰ мәліметтері бойынша, өткен жылы Ирандағы өлім жазасының көпшілігі есірткі мен кісі өлтіру қылмыстарымен байланысты болған. Алайда өлім жазасына кесілгендердің арасында 2022 жылғы Ұлттық наразылыққа шыққан азаматтар да болыпты. Айта кетейік, Ислам Республикасы Қытайдан кейінгі өлім жазасы бойынша әлемде екінші орында тұр.

БІЗДЕГІ ЖАЙ ҚАЛАЙ?

Қазалы ауданының полиция бөлі­мі есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында есірткі өткізу, сақтау, жарнамалау және притон ұйымдастыру фактілерін анықтау бағытында жедел жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Былтырғы жылдың қорытындысымен, қылмыстық теріс қылық бойынша 6 дерек анықталып, 5-уі сотқа жолданған. Есірткі заттарын сатуда анықталған істің тергеу әрекеттері жүргізілуде. Есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалаудың 1 дерегі тіркелген. 3-рет өткізілген «Дәрмек» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында 4, ауруханада есірткі өнімдерін сақтау қағидаларын бұзу бойынша 2 дерек белігілі болыпты.
Сонымен қатар есірткі затын ірі мөлшерде сақтау дерегін анықтауда жедел профилактикалық іс-шаралары барысында, есірткіні егу дерегімен жан-жақты мәліметтер жинақталып, аудандағы құзырлы органдармен бірлесіп аралау жұмыстары жүргізіліпті. Былтыр жыл басынан бастап «Қарасора – 2024» іс-шарасына сәйкес, есірткі алқабымен 4 дерек анықталып, құрықталған. Кәмелетке толмағандармен жастар арасында есірткінің зияны мен зардаптары туралы 45 рет мектеп оқушылары, колледж студентеріне дөңгелек үстел, сұхбат, кездесулер өткізіліпті. Аудан көлемінде орталық алаң, көше, адамдар көп шоғырланатын жерлерде есірткіден сақтану жолдарын алдын алу мақсатында арнайы әзірленген хабарламалар ілініп, осы тақырыпта жадынамалар таратылған.
Есірткі қылмыстарына қатысты қолға алынған іс-шаралар бағытында жеке құрам арасында бірлескен жұмыстар ұйымдастыру мақсатында соның ішінде есірткі трафигі мен контрабандасы, есірткі тұтынуды ұйымдастыру, ұйымдасқан қылмыстық топ құрып синтетикалық және құрамында психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтаудың алдын-алу жүзеге асуда. Жастар көп жиналатын ойын-сауық орындары, оның ішінде түнгі кафе, сауналар және білім беру ұйымдарында есірткіні пайдалануға көндіру, есірткі тұтынуға мәжбүрлеу, притон ұйымдастыру, есірткіні талан-таражға салу, заңсыз есірткі айналымы, арнайы мекемелерде есірткіні сақтау, тіркеу ережелерін бұзу, ірі және аса ірі көлемде есірткі контрабандасымен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау бағытында жан-жақты жедел-жұмыстар жүзеге асуда. Бұдан бөлек қоғамдық орындарда, көшелерде масаң күйінде жасалатын қылмыстардың алдын-алу бағытында былтырғы 10 ай көлемінде белгіленген уақыттан тыс уақытта алкоголь өнімін сату бабымен 7 дерек анықталған. Одан бөлек, ауданда жергілікті атқарушы органдары басшылары, депутаттар, ауданның беделді азаматтарынан құрылған топтар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, түннің екінші жартысында кафелерде, жастар жиналған аумақтарда бірлескен профилактикалық жұмыстарға тартылуда.

«ҚАРАСОРА» БҰҒАУ МА?

Ішкі істер министрлігі жаз бен күз мезгілдерінде жыл сайын «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізеді. Ол есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы тұруға бағытталған. Қолайлы климаттық жағдайларға байланысты елдің оңтүстік өңірлері жабайы қарасора өсетін табиғи ошақтар болып табылады. 2014 жылдан бастап Қызылорда облысында құрамында «тетрагидроканнабинол» деп аталатын есірткі бар үнді және голландиялық қарасора белсенді түрде өсіріледі.
Соңғы 10 жыл ішінде «Қарасора» операциясы кезінде ІІМ тікұшақ техникасын қолдана отырып, әуе арқылы іздестіру іс-шараларын ұйымдастырып келеді. Есірткі тәркілеудің талдауына сүйенсек, 10 жыл ішінде 230 тоннадан астам каннабис тобының есірткілері жойылған. Жоғары көрсеткіш 2015-2017 жылдары болған. Ол кезде 30 тоннаға дейін есірткі тәркіленген. 2019 жылдан бастап төмендеу байқалады.
Операция барысында құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсу аймақтары анықталыпты.
– Қаскүнемдер ыстық және құрғақ климаты бар жаңа егіс алқаптарын іздей бастады. Олардың пікірінше, мұндай жерлер полицияның назарынан тыс қалады және әуе барлауымен қамтылмайды. Бұл Түркістан, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстарының аумағы, сондай-ақ елдің батыс өңірі, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті.
Айта кету керек, операция басталғалы бері каннабис тобының 16 тонна есірткісі жойылды. Оның ішінде 12 тонна қарасора, 4,2 тонна марихуана, 450 кг гашиш бар. Төрт мың шаршы метрге жуық есірткі егістігі жойылды.
Заман дамыған сайын есірткі заттары да түрленіп жатыр. Бұрын оны арнайы егіп, біраз уақыт дайындайтын болса, қазір химиялық препараттардан синтетикалық есірткі атты өте улы еліткіш әзірленетін болған. Ең өкініштісі, ол жастар арасында белең алып барады. Сарапшылардың сөзінше, оны бір рет қолданған адам есірткіге тәуелді кәнігі нашақорға айналады. Ал ол күніне сондай мыңдаған доза әзірлейтін жүздеген жасырын зертханалардан шығып жатыр. Егер 2019 жылы – 3, 2020 жылы 8 заңсыз есірткі зертханасы табылып жойылса, 2023 жылы 81 жасырын лоборотория анықталып, жойылған. Прекурсорларға келсек, егер 2019-да 10 келі, 2020-да 50 келі прекурсор тәркіленсе, 2023 жылы 1 тоннадан астам прекурсор алыныпты. Ал былтырғы статистика тіпті жаға ұстатады. 31 жасырын есірткі зертханасы табылып, 10 тоннадан астам синтетикалық есірткі шикізаты және 1 тонна дайын өнім тәркіленген. Бұл шамамен 3 миллион доза.

ДӘРІГЕ ДЕ БАҚЫЛАУ КЕРЕК

Есірткі бизнесі әлеуметтік желілер арқылы да қарқын алып барады. Түрлі жасырын жазбалар мен кодтық сөздер арқылы жастардың арасына еніп кеткен. Әлеуметтік желіде айтылып жатыр, Астана қаласындағы оқушылар сарайының есігінің ішкі жақтауына QR код ілінген. Оны ашып қараса, осындай таратудың мекен жайлары көрсетілген.
Нашақорлар арасында кең таралған еліткіш заттардың тағы бірі – құрамында есірткісі бар дәрі-дәрмектер. Ондай препараттарды дәрігердің нұсқауынсыз сатқан фармацевтер енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал бұған дейін ол тек әкімшілік жазамен шектелген. Бірақ айыппұл салумен қылмыстың бұл түрі тыйылмапты. Сырт мемлекетте бұл үйреншікті жағдайға айналса, біздің елде де саудасын қыздырғандардың қатары артпаса, кемімей тұр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі мен қылмыс басқармасы жариялайтын баяндамасына сүйенсек, 2018 жылы әлемде 269 миллионға жуық адам есірткі тұтынатыны анықталған. Бұл 2009 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30 процентке көп. Ал әлемде 35 миллионнан астам адам есірткі пайдаланудың кесірінен денсаулығын құртып, зардабын көруде.
2024 жылдың дерегі бойынша, ҰҚК есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша 96 операция, оның ішінде 23-і шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен жүргізген. Нәтижесінде 24 халықаралық және 17 аймақтық есірткі жеткізу арнасы, сондай-ақ 16 жасырын есірткі зертханасының қызметі жойылған. Заңсыз айналымнан 1,3 тоннадан астам есірткі құралдары мен психотроптық заттар, 4,6 тонна көкнәр сабанының шикізаты және синтетикалық есірткі жасау үшін пайдаланылатын 13,6 тонна химиялық реагенттер алыныпты. «Қара нарықта» алынған есірткінің құны шамамен 17 миллиард теңгеге бағаланады, ал айналымға жіберілген көлем шамамен 5 миллион бір реттік дозаны құрайды. ҰҚК деректері бойынша, Қазақстанның 54 азаматы мен шетелдіктерге қатысты сотқа дейінгі тергеулер жүргізілуде. Сонымен қатар ҰҚК Шекара қызметі халықаралық қатынас жолдарында есірткі құралдарын тасымалдаудың 200-ден астам әрекетінің жолын кесті. Заңсыз айналымнан 790 келіден астам есірткі және психотроптық заттар алынды. Осы бағыттағы іс-шаралар жалғасуда.
Ал Қызылорданың полицейлері ірі мөлшерде синтетика сақтаған тұрғынды анықтаған. 18 жастағы тұрғын ірі мөлшерде синтетикалық есірткі затын өткізу мақсатында сақтағаны үшін құрықталды. «Қарасора – 2024» іс-шарасы барысында Қызылорда қалалық ПБ ЖПҚБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қала орталығында күдікті азаматты тоқтатып, тексеру барысында қолындағы сөмкесінен және қалтасынан 64 қара изолентамен оралған ақ түсті ерекше иісі бар ұнтақ заттар анықталды. Сондай-ақ оның қала аумағында есірткі жасырған 30 нүктесі табылды. Сараптама қорытындысымен тәркіленген ұнтақтың жалпы салмағы 148,79 грамм «а-пирролидиновалерофенен» немесе «a-PVP» психотроптық заттарға жататыны бекітілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Парламентте депутаттардың бастамасымен әзірленген, есірткі және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін заң жобасы пысықталып жатыр. Күшті әсер ететін заттарға «Трамадол», «Тропикамид», «Тапентадол», «Прегабалин», басқа медициналық мақсаттағы препараттар жатады. Сарапшылардың түсіндіруінше, «Тропикамид», «Азот тотығы», «Сомнол», «Прегабалин» сияқты медициналық препараттарды, әсіресе нашақор жастар көп пайдаланады. Бұл заттардың көмегімен есірткіге тәуелді адамдар синтетикалық есірткінің әсерін күшейтеді, нәтижесінде оның медициналық емес айналымдары өсіп кетті.
Жыл басы басталғалы да Қызылорда облысында ірі есірткі жеткізу арнасының жолы кесілді. Самара – Шымкент М-32 тасжолында ҚР ІІМ Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің полицейлері Байқоңыр қаласында жылдамдық режимін бұзған Hyundai автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында көліктің жүксалғышынан төрт үлкен полиэтилен пакетіне оралған жасыл түсті зат анықталып, айғақ зат ретінде алынды. Сараптама қорытындысымен алынған зат 19 кг 530 гр кептірілген марихуана екені нақтыланды. Есірткі шамамен 20 миллион теңгеге бағаланды. Автокөлікті тізгіндеген 51 жастағы жүргізуші Байқоңыр қаласының тұрғыны болып шықты. Күдіктіге қатысты сот санкциясымен 2 ай мерзімге күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жүргізілуде.
Айта кеткен жөн, ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті 2024 жылдың қорытындысын шығарды. Өткен жылы барлығы сегіз мыңға жуық есірткі құқық бұзушылығы анықталды, оның ішінде 3 430-ы қылмыс. Қылмыстық топ құру және оны басқару бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды. 21 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді. 63 есірткі зертханасы жойылды. Есірткі таратуға қатысты ақпаратты қамтитын 7400 интернет-ресурс анықталды.

Айнұр ӘЛИ
18 қаңтар 2025 ж. 48 0

Қара шаңның қасіреті

17 қаңтар 2025 ж. 90

Есірткі туралы ертегі

17 қаңтар 2025 ж. 75

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031