Есірткімен күрес: «Қарасора» қара нарыққа тосқауыл ма?
Осыдан бірнеше жыл бұрын Саматтың (аты өзгертілген) нашақорлыққа салынып, отбасының ойранын шығарып, барлық көрші-көлемге «құбыжықтай» көрінгені бар еді. Кеш қарайса балалар аулада ойнауға қорқатынбыз. Жақын маңдағы дүкенге барып-келудің өзі мұң. Анадай жерден аяқ асты шыға салатыны көршілердің зәресін алатын. Өзімен өзі жүрсе мейлі ғой. Жан-жағын жайпап өтетін. Шырғалаңға түскен тағдыры мұнымен біте қоймады...
Кешқұрым. Көше маңын торуылдап қоршаған полицейлер әлгінің қолын қайырып әкетті. Бала болған соң ба, бізге құдды кинодағыдай болатын. Анасы ентелей жерге отырып «құлыным-ау» деп зар жылауда. Келіншегі болса, есік алдында мелшиіп тұрып қалған. Не әрі емес, не бері емес, қимылсыз. Ал шиіттей 5 баласы көзі жәутеңдеп полицей көлігінің соңынан жүгіруде. Оюлаған түрлі-түсті жарық. Қарбаласып кеткен отбасы. Барлығы да баяу кадрдай зырғып жатыр...
Кейін не болғаны нақты белгісіз. Бірақ Саламаттың нашақорлыққа салынғанымен қоймай, есірткі саудалағаны белгілі болды. Өзі бірнеше жылға темір тордың құрығына түссе, анасы көп ұзамай дүниеден озды. Ал әйелі болса балаларын алып, өзге қалаға көшіп кетті. Тұтас тағдыр есірткінің зардабынан «быт-шыт» болды.
Қош. Қазақстанда 18 мыңнан астам адам нашақор ретінде есепте тұр екен. Құзырлы органдар есірткіге еліткендердің қатары күн санап көбейіп барады деп дабыл қағуда. Себебі есірткінің тез тәуелді ететін түр-түрі шығып жатыр. Әуесі кеткендерді қалай тыямыз? Күрес қашан күшейеді?
ЖАҺАНДЫҚ ЖАҒДАЙ
Есірткі саудасы әлемде тауар айналымы бойынша қару-жарақ саудасы секілді заңсыз, мұнай саудасы сияқты ірі сауда түрлерінен кем түспейді. Есірткі саудасы көлеңкелі бизнес түріне жататындықтан, оның тауар айналымы жайлы нақты, анық дерек жоқ. Кейбір деректерде әлемдік есірткі саудасының көлемі 800 миллиард АҚШ доллары екендігі айтылса, тағы бір деректерде бір триллион АҚШ долларына дейін жететіндігі жазылады. Астыртын жүргізілетін есірткі саудасы тарихта ашық түрде, әрі алпауыт мемлекеттердің сыртқы саясаты ретінде жүргізілген. Мәселен, «күн батпайтын империя» болған Англия ХІХ ғасырда Үндістанға есірткі ектіріп, қытайлықтарға оны шектіру арқылы қыруар табысқа кенеліп отырды. Отар елдерді қанаған Англияның бұл әрекеті Қытайдағы атақты «Апиын соғысын» туғызды. Әлемде географиялық орналасу, атмосфералық ерекшеліктеріне байланысты есірткі түрлерін өндіретін, экспорттайтын негізгі бірнеше өңір бар. Мысалы есірткі саудасындағы кокаинды дайындаушы және экспорттаушы елдердің негізгілері Оңтүстік Америкадағы Перу, Колумбия, Венесуэла мен Боливия сияқты елдер болса, апиын мен героинды өсіріп, таратушы мемлекеттер қатарында Ауғанстан, Иран, Пәкістан мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Лаос, Мьянма бар. Ал марихуананы Солтүстік Африка, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Батыс Азияның кейбір мемлекеттері өндіріп, экспортқа шығарады. Бұлардан бөлек синтетикалық есірткі заттарын өндіретін Нидерланды, Қытай Халық Республикасы және Морокко сынды елдер де бар. Strategy2050.kz аналитикалық порталының мәліметінше, Қазақстанның Жамбыл облысы, Шу ауданындағы 150 мың шаршы метрлік есірткі алқабында өсетін қарасора да еліміздің өңірлеріне ғана емес әлемнің өзге аймақтарына тасымалданатын есірткі түріне жатады.
БІЗДЕГІ ЖАЙ ҚАЛАЙ?
Мәжіліс депутаттары есірткі, психотроптық заттардың және олардың қоспасының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заман дамыған сайын есірткі заттары да түрленіп жатыр. Бұрын оны арнайы егіп, біраз уақыт дайындайтын болса, қазір химиялық препараттардан синтетикалық есірткі атты өте улы еліткіш әзірленетін болған. Ең өкініштісі, ол жастар арасында белең алып барады. Сарапшылардың сөзінше, оны бір рет қолданған адам есірткіге тәуелді кәнігі нашақорға айналады. Ал ол күніне сондай мыңдаған доза әзірлейтін жүздеген жасырын зертханалардан шығып жатыр. Егер 2019 жылы – 3, 2020 жылы 8 заңсыз есірткі зертханасы табылып жойылса, 2023 жылы 81 жасырын лоборотория анықталып, жойылған. Прекурсорларға келсек, егер 2019-да 10 келі, 2020-да 50 келі прекурсор тәркіленсе, 2023 жылы 1 тоннадан астам прекурсор алыныпты. Ал биылғы статистика тіпті жаға ұстатады. Жыл басынан бері 31 жасырын есірткі зертханасы табылып, 10 тоннадан астам синтетикалық есірткі шикізаты және 1 тонна дайын өнім тәркіленген. Бұл шамамен 3 миллион доза.
Есірткі бизнесі әлеуметтік желілер арқылы да қарқын алып барады. Түрлі жасырын жазбалар мен кодтық сөздер арқылы жастардың арасына еніп кеткен. Әлеуметтік желіде айтылып жатыр, Астана қаласындағы оқушылар сарайының есігінің ішкі жақтауына QR код ілінген. Оны ашып қараса, осындай таратудың мекен жайлары көрсетілген.
Нашақорлар арасында кең таралған еліткіш заттардың тағы бірі – құрамында есірткісі бар дәрі-дәрмектер. Ондай препараттарды дәрігердің нұсқауынсыз сатқан фармацевтер енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал бұған дейін ол тек әкімшілік жазамен шектелген. Бірақ айыппұл салумен қылмыстың бұл түрі тыйылмапты. Сырт мемлекетте бұл үйреншікті жағдайға айналса, біздің елде де саудасын қыздырғандардың қатары артпаса, кемімей тұр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі мен қылмыс басқармасы жариялайтын баяндамасына сүйенсек, 2018 жылы әлемде 269 миллионға жуық адам есірткі тұтынатыны анықталған. Бұл 2009 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30 процентке көп. Ал әлемде 35 миллионнан астам адам есірткі пайдаланудың кесірінен денсаулығын құртып, зардабын көруде.
Биыл жыл басынан бері ҰҚК есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша 96 операция, оның ішінде 23-і шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен жүргізген. Нәтижесінде 24 халықаралық және 17 аймақтық есірткі жеткізу арнасы, сондай-ақ 16 жасырын есірткі зертханасының қызметі жойылған. Заңсыз айналымнан 1,3 тоннадан астам есірткі құралдары мен психотроптық заттар, 4,6 тонна көкнәр сабанының шикізаты және синтетикалық есірткі жасау үшін пайдаланылатын 13,6 тонна химиялық реагенттер алыныпты. «Қара нарықта» алынған есірткінің құны шамамен 17 миллиард теңгеге бағаланады, ал айналымға жіберілген көлем шамамен 5 миллион бір реттік дозаны құрайды. ҰҚК деректері бойынша, Қазақстанның 54 азаматы мен шетелдіктерге қатысты сотқа дейінгі тергеулер жүргізілуде. Сонымен қатар ҰҚК Шекара қызметі халықаралық қатынас жолдарында есірткі құралдарын тасымалдаудың 200-ден астам әрекетінің жолын кесті. Заңсыз айналымнан 790 келіден астам есірткі және психотроптық заттар алынды. Осы бағыттағы іс-шаралар жалғасуда.
Ал Қызылорда полицейлері ірі мөлшерде синтетика сақтаған тұрғынды анықтаған. 18 жастағы тұрғын ірі мөлшерде синтетикалық есірткі затын өткізу мақсатында сақтағаны үшін құрықталды. «Қарасора – 2024» іс-шарасы барысында Қызылорда қалалық ПБ ЖПҚБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қала орталығында күдікті азаматты тоқтатып, тексеру барысында қолындағы сөмкесінен және қалтасынан 64 қара изолентамен оралған ақ түсті ерекше иісі бар ұнтақ заттар анықталды. Сондай-ақ оның қала аумағында есірткі жасырған 30 нүктесі табылды. Сараптама қорытындысымен тәркіленген ұнтақтың жалпы салмағы 148,79 грамм «а-пирролидиновалерофенен» немесе «a-PVP» психотроптық заттарға жататыны бекітілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Жыл басынан бері елде құқық қорғау органдары заңсыз есірткі айналымына қатысты 60 қылмыстық іс қозғаған. Оның жартысы контрабанда фактісімен қозғалған. 100-ден астам адам ұсталған. Оның 12-сі ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі. 100 келі есірткі тәркіленген. Осы іске қатысы бар 30 мыңнан астам банк картасы бұғатталған. 55 Telegram арнаның қызметі тоқтатылды. Жалпы айналымы 48 миллиард теңгені құрайтын есірткі бизнесіне тосқауыл қойылды.
OLX-ТАҒЫ БҰҒАУ
Есірткіге еліткен талайы кезекті доза іздеп қарызға батты. Наша үшін заңды белден басып, қылмысқа ұрынды. Тығырыққа тіреліп, өмірде басқа қызық-құмар таппай, өзіне қол салғандары да жетерлік. Қайтпек керек? Үкімет те жай жатқан жоқ. Мәселен, Президент биылғы Ұлттық құрылтайда ұлтқа қауіп төндіретін, жастарды құрдымға әкететін синтетикалық есірткімен күресті күшейтуді тапсырды. Үкімет те, Парламент те Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындауға күш салып жатыр. Осы мақсатта Мәжіліс «Кейбір заңнамалық актілерге есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң аясында есірткі өндірушілерге елдегі ең жоғарғы жаза – өмір бойға бас бостандығынан айыру енгізілмек.
2023 жылғы 29 маусымда Үкіметтің «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» бекіткен. Мұның сыртында Үкімет нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске тартылған мемлекеттік органдарды техникалық жарақтандыру жағына мән беретін болады. Әйтпесе, бос уағыз-насихатпен бұл кесапатқа тоспа құру мүмкін емес.
Президент тапсырмасын орындау аясында есірткі айналымының жаңа түрлерімен күреске бағытталған бірқатар заңнамалық бастама іске асырылуда. Есірткіні сатуға, есірткіні жарнамалауға немесе насихаттауға қатысқаны үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық түзетулер қабылданды.
Қазақстанда қылмыстың жаңа құрамы – есірткіні жарнамалау және насихаттау бабы пайда болды. Оған есірткі жасырылған орынды нұсқайтын немесе есірткі сатылатын сайтты жарнамалайтын «граффити-суреттер» және есірткінің заңсыз айналымы туралы өзге де ақпаратты таратушылар жатқызылды. Құзырлы органдардың дерегінше, 2024 жыл басталғалы есірткімен байланысты 20 139 қылмыс әшкереленген. Соның ішінде 549-ы – өткізу фактісі. Оның үштен бірінен астамын – 169-ін қылмыскерлер интернет арқылы жүзеге асырды. Сондай-ақ есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 156 фактісі анықталған.
Депутаттар құпия сөздерді пайдалана отырып, есірткінің интернеттегі тегін хабарландырулар сервистері арқылы сатылатынын айтып жүр. Былтыр OLX Group өкілдігімен тікелей өзара іс-қимыл ұйымдастырылған. Нәтижесінде, курьерлік жұмыс түріндегі «кепілгерлерді», «закладчиктерді» жалдау бойынша 4300-ден астам хабарландыру жойылыпты. Ол үшін мемлекеттік органдар өкілдерінің, OLX өкілі және еріктілердің қатысуымен арнайы чат құрылған. Бұл әшкереленген заңсыз жарнаманы 5 минут ішінде жоюға мүмкіндік береді екен.
Халықаралық ынтымақтастық аясында ҚМА ТМД кеңістігінде есірткі таратқан трансұлттық интернет-дүкендерді жою бойынша Қазақстан, Беларусь және Ресей қаржы барлаушыларының қатысуымен арнайы операция жүргізді. Үш елдің аумағында үш ауқымды есірткі дүкені жабылды, 35 наркодилер ұсталды, 1 тоннадан астам психотроптық заттар және клиенттерге сатуға дайын 3,5 мың дозаға жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Халықаралық «есірткі сатушылардың» жалпы табысы шамамен 30 миллион АҚШ долларын құрады, оның 12 миллионы криптовалютада шығарылды.
Ішкі істер министрлігі жыл сайын жаз бен күз мезгілінде «Қарасора» профилактикалық шарасын өткізеді. Бұл шара есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы бағытталған. Елдің оңтүстік өңірлерінің ауа-райы қарасора өсіруге қолайлы. Түркістан, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстары мен батыс аймақтар алдыңғы қатарда. 2014 жылдан бері Қызылорда облысында Үнді және Голланд қарасорасы жиі өсірілуде. Соңғы 10 жылда ІІМ «Қарасора» операциясының аясында тікұшақпен іздеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында 230 тоннадан астам есірткінің көзі жойылған. 2015-2017 жылдары тәркіленген есірткі көлемі 30 тоннаға дейін жеткен. Ал 2019 жылдан бастап бұл көрсеткіш азайған.
Нашақор дәріден де у табады. Парламентте депутаттардың бастамасымен әзірленген, есірткі және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін заң жобасы пысықталып жатыр. Күшті әсер ететін заттарға «Трамадол», «Тропикамид», «Тапентадол», «Прегабалин», басқа медициналық мақсаттағы препараттар жатады. Сарапшылардың түсіндіруінше, «Тропикамид», «Азот тотығы», «Сомнол», «Прегабалин» сияқты медициналық препараттарды, әсіресе нашақор жастар көп пайдаланады. Бұл заттардың көмегімен есірткіге тәуелді адамдар синтетикалық есірткінің әсерін күшейтеді, нәтижесінде оның медициналық емес айналымдары өсіп кетті.
Түйін: «Наркобарондар» енді мәңгілікке түрмеге қамалмақ. Заң жобасында есірткі өндіргені үшін 15-20 жылдан бастап, өмір бойға бас бостандығынан айыру жазасы енгізілмек. Заң жоба авторларының түсіндіруінше, мұндай қатаң шараға өмір шындығы итермелеген: бұрынғы жылдары Қазақстанда қылмыскерлер қарасорадан есірткі жасауға ғана күш салатын. Героин және кокаин сияқты есірткілер республикада мүлдем өндірілмейді. Олар қылмыстық арналармен басқа елдерден жасырын тасылады. Бірақ 2019 жылдан бері Қазақстанның өзінде синтетикалық есірткілер өте көп көлемде, тіпті өнеркәсіптік ауқымда, сериялық жолмен өндіріле бастады. Бұл жаңа жаза бірінші кезекте солармен күреске бағытталған. Иә, есірткімен күресу – адамзат ұрпағының бүгінгі таңдағы көкейтесті басты мәселелерінің бірі. Есірткі саудасы – ел үшін де үлкен қатер. Мұның зардабын көбіне қарапайым халық тартуда. Енді қайтпек керек?
Айнұр ӘЛИ