Аударыспақ: Абадандар аламаны
Ата-бабамыз жылқы жануарын ерекше қасиет санап, одан ажырамаған. Содан бері қанға сіңген қасиетті жоғалтпай, жылқы жаратып, көкпар тарту секілді ат спортын дамытудан қол үзбей келеміз. Жылқы десе делебесі қозатын халық емеспіз бе? Әлі күнге дейін жылқы баптап, теңге алып, аударыспақ ойнап, көкпар тартқан жастар ауданда да бар.
Көшпелі қазақтың көне ғұрпы мен ұлттық спорты қазір кең таралуда. Солардың ішінде көкпар, күрес, бәйге секілді көп дәріптелгендері көк жәшіктен де көрсетіліп, ел аузында жүр. Ал ат үстіндегі күрес саналатын аударыспақ ойыны енді-енді жаңғырып келеді. Аударыспақ – ат үстіндегі кәдімгі күрес. Салмақ ерекшелігіне байланысты қос балуан белді айғырлармен алаңға шығады. Екеуі ат үстінде күреседі. Аттан қайсысы бұрын ауып түссе сол жеңілген болып саналады. Осындай абадандар аламанында топ жарып жүрген Мухамет Бегімовты атап өтпеске болмас. Қазалылық жас №216 мектепте білім алады. Бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Оның айтуынша, осыдан 3 жыл бұрын Бекарыстан би ауылында үлкен ас берілген. Сол жерде аударыспақ ойнап, жігіттер жылқының құлағында ойнайды. Көзге түскен жігіт сол жылы облысқа барып, алтын күз спартакиадасына қатысып, бірінші орынды қанжығасына байлайды. Содан бері ат үстінде күрескен жігіт талай додаларда жүлделі оралады. Биыл Жаңқожа батырдың 250 жылдығына арналған асында республикалық көлемде сайыс өтті. 90 келі салмақта бас жүлдені қанжығаға байлаған балуан көпшіліктің көзайымына айналды.
– Осыдан 3 жыл бұрын Қазалыда алғаш рет ұйымдастырып, көкпар бердік. Кәсіпкер жігіттердің арқасында жан-жаққа шығып, тарихта қалардай жобаны жүзеге асырдық. Осыдан бір жыл бұрын қай ауданда көкпар бар, сол жерде федерация құрылсын деп ұсыныс келген. Жігіттердің қолдауымен сол федерация құрылып, мені президенті қылып сайлады. Бізде көкпар шабатын жер болмағаннан кейін әкімнен жер сұрадық. Әкімнің қолдауымен Қазалы ауданына жақын жерден жер алдық. Осы жерде көкпар өтіп жатыр. Жақын аралықта облыстық деңгейде 6-ға жуық көкпар тартылды. Көкпарға, аударыспаққа ешқандай ақша бөлінбейді. Сол үшін аудандағы кәсіпкер жігіттер демеу болып, ұлттық ойынымыз ұлықталып жүр. Команда бойынша аударыспақтан облыста ІІІ орын иелендік. Бұл бізде болмаған жағдай. Өйткені команда бойынша есептеуде аймақта үшінші орынға жайғастық. Бұйырса алға қойған мақсат көп. Жігіттер атсалысып, нағыз көкпардың аттары көбейсе, алдағы уақытта да ұлттық ойынымызды одан әрі дамыта түспекпіз, – дейді ол.
Елдіктің ертеңі, біздің ұлттың беткеұстар қалқаны да осы ұлттық құндылық емес пе?
Аудан абаданына бәрекелді дейміз.
Айнұр ӘЛИ