Бата дарып, бақ қонсын
Жуырда «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының жобасы аясында Қазалы қалалық мәдениет үйінде «Бата дарып, бақ қонсын» атты аудандық батагөйлер фестивалі өтті.Ақ батаның тәлім-тәрбиесін, берер өсиетін түсіндіруді мақсат тұтқан шараға 60 жастан астан жеті қария қатысып, өз бақтарын сынады. Тағылымға толы шараны Қазалы қаласы әкімінің орынбасары Уәлихан Ықыласов ашып, фестивальдің маңыздылығына тоқталды.
– Қазақы танымда ақ тілек ешқашан жай сөз болмаған. Бата – елдің ынтымағын бекемдеп, адамға жол сілтейтін рухани бағдар. Бұрынғының батырлары мен билері де үлкеннің ақ батасын алып, сапарға аттанған. Бұл дәстүрдің астарында аға буынның өмір тәжірибесіне деген құрмет жатыр. Сондықтан бүгінгі шараны тек бата айту сайысы деп қарауға болмайды. Мұнда біз ұмыт бола бастаған ұлттық сөз өнерін жаңғыртып, қария мен кейінгі буын арасындағы сабақтастықты күшейтуді көздеп отырмыз. Ақсақалдың батасы төрден орын алып, жас ұрпақ сол сөздің қадірін түсінсе, бұл – дәстүрдің өміршеңдігінің айғағы, – деді Уәлихан Әуезханұлы.
Сондай-ақ «Әділет» партиясы Қазалы аудандық филиалының төрағасы Нұрғиса Жалғасбаев пен Қазалы ауданының бас имамы Рүстем Ешмахан да сөз алып, ақ батаның қадірін арқау еткен өнегелі шараға ақжолтай тілектерін арнады.
Негізгі бөлім басталғанда батагөйлер өз таңдауларына сай халқымыздың дәстүрлі бата үлгілерін ұсынды. Дастарқанға, ұл мен қызға, балаға, қоныс тойға, қыз ұзатуға, жас жұбайларға, елге және жаңа туған нәрестеге арналған ақ тілектер айтылды. Сонымен бірге бабалардан жеткен баталар да жаңғыртылып, әр қатысушы өзіне тиесілі сөз саптауымен жеткізді.
Қатысушылардың өнерін Шәкен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық батагөйлер фестивалінің бас жүлде иегері Әзілхан Үмбетов, Қазалы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Ысмайлов және білім саласының ардагері, аудандық батагөйлер байқауының жеңімпазы Қазыбай Саниязов бағалады. Қазылар қариялардың сөз саптауына, бата мазмұнына және орындау мәнеріне назар аударды.
Фестиваль қорытындысымен барлық қатысушы батагөй қариялар бірқатар аталымдармен марапатталды. Атап айтсақ, «Қазыналы қария» аталымымен майдакөлдік Шыңғыс Мұсаев, «Айтқыр қария»аталымымен шәкендік Молдабай Алмақов, «Шешен сөзді қария» аталымымен тасарықтық Әбдімінәп Тасмамбетов, «Заманауи қария» қазалылық Ертай Алғашбай, «Асыл сөзді қария» аталымымен жанкенттік Егізбай Елубаев, «Қазыналы қария»аталымымен кенттік Нұртай Базар, «Баталы қария» аталымымен абайлық Сұлтанай Қарымсақұлы марапатталды.
Барша қатысушыларға «Әділет» партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ «Жанқожа батыр» орталық мешітінің бас имамы Рүстем Айтбайұлы ардагерлерге құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Одан бөлек, «Халық» мешіті ұжымының барша қатысушыларға жолдаған арнайы сыйлықтары тарту етілді.
А. ЖҮСІПОВА














