Мәңгілік мұра – қолөнер

Халқымыздың ғасырлар қойнауынан жеткен асыл қазынасы, атадан балаға жалғасқан киелі мұрасы – қолөнер шеберлігі бүгінде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің басты тетігіне айналып отыр. Осы орайда Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен және Бозкөл ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ұлттық қолөнерімізді насихаттауға арналған «Мәңгілік мұра – қолөнер» атты облыстық қолөнер шеберлерінің байқауы жоғары деңгейде өтті. Аталмыш сайыс еңбек ардагері, ұста Бекқожа Бөлебайұлының 90 жылдығына орай ұйымдастырылды. Маңызды басқосу Бозкөл ауылдық мәдениет үйінде өтіп, оның фойесінде қатысушы шеберлердің қолдан жасаған таңғажайып бұйымдарынан арнайы көрме ұйымдастырылды. Күмбірлеген күй әуені мен сахна төріне орнатылған проектордың көмегімен келген қонақтар рухани әлемге еніп, шеберлердің туындыларымен кеңінен танысты.
Байқаудың ашылу салтанаты 1-қазан – Халықаралық қарттар күнімен тұспа-тұс келуімен ерекшеленді. Жүргізуші өз сөзінде «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, осындай қасиетті мұраны көздің қарашығындай сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп отырған ардақты қариялар мен алтын қолды шеберлердің еңбегі ерекше екенін атап өтті. Сахна шымылдығы Бәкір Тәжібаевтің сөзіне жазылған «Ақбұлақ» әнімен ашылып, Бозкөл ауылдық мәдениет үйі жанындағы домбыра үйірмесінің өнерпаздары көрерменге ерекше көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мұнан соң байқаудың көркін қыздырған облыстың түкпір-түкпірінен келген талантты талапкерлер қошеметпен сахна төріне шақырылды. Олардың қатарында Жаңақорған ауданының Қыраш ауылынан келген Назерке Мырзахметова, Қызылорда қаласының Қараөзек ауылынан Шолпан Ахметова, Шиелі ауданының Майлытоғай ауылынан Назерке Шайланова, сондай-ақ Қазалы ауданы Бозкөл ауылынан Жансая Мірәлі, Қожабақыдан Мөлдір Пайзекеева, Тасарықтан Жансая Әмірбек, Шәкеннен Ақмарал Қоланова, Абайдан Айткүл Саудаева, Арандыдан Мейрімжан Өтепберген, Өркендеуден Шапағат Әбдуәли мен Арал ауданының Шөмішкөл ауылынан келген Зере Жүсіпова сынды оннан астам шебер бар.
Шараның салтанатты ашылу рәсімінде Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Абай Дидаров пен Қазалы аудандық мәслихат депутаты Райымбек Бөлебаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі және ұлттық өнерді жаңғыртудың маңызына тоқталды. Осыдан кейін байқау қатысушыларының еңбегіне әділ баға беретін қазылар алқасы таныстырылды. Қазылар алқасының құрамында Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Нұржан Аралбай, Қазақстан этнодизайнерлер одағының мүшесі, №70 Жанқожа батыр атындағы мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі, қазылар алқасының төрайымы Жадыра Жолдыбаева және Қазақстан этнодизайнерлер одағының мүшесі, қолөнер және қылқалам шебері Талант Сахитов жұмыс істеді. Байқаудың шарты бойынша шеберлер өз өнерлерін екі кезеңде көрсетті. Бірінші кезеңде қатысушылар өздері жасаған дайын қолөнер бұйымдарының көрмесін таныстырып, оның жасалу барысын көрсетсе, екінші кезеңде өздерінің әлі аяқталмаған 1 жұмысын сол ортада аяқтап немесе жаңадан туынды жасап, оны қазылар алқасы алдында қорғап шықты.
Сайыс қорытындысымен Шиелі ауданы Майлытоғай ауылынан келген Назерке Шайланова Бекқожа Бөлебайұлы атындағы бас жүлдеге ие болды. Бірінші орынды жерлесіміз бозкөлдік Жансая Мірәлі иемденсе, екінші орынды қожабақылық Мөлдір Пайзекеева мен Арал ауданындағы Шөмішкөл тұрғыны Зере Жүсіпова жеңіп алды. Ал жаңақорғандық Назерке Мырзахметова, Тасарықтан қазалылық Жансая Әмірбек және Қызылорда қаласының Қараөзек ауылынан Шолпан Ахметова үшінші орынды қанағат тұтты. Қалған қатысушылар да құр алақан қалмады. Оларға арнайы бағаммен ынталандыру сый ұсынды.
Мазмұнды жиын барысында ел арасындағы көне мұраларды жаңғыртып жүрген қолөнер шеберлері мен ауыл әкімі Ақылбек Бөлебай сахнаға шығып, қатысушыларға арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табыстады. Ұлттық руханияттың көгінде жарқыраған «Мәңгілік мұра – қолөнер» облыстық байқауы осылайша өз мәресіне жетіп, қатысушылар мен көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырды. Бүгінгі таңда қолөнерді жеке кәсіпкерлікпен ұштастырып, оны дамытуға үлес қосып жүрген шеберлердің басқосуы ұрпақ тәрбиесіне, жастардың санасына оң әсер етіп, белгілі бір кәсіпке бейімделуіне жол ашатын игілікті істің жарқын көрінісі болды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА













