Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал азамат – ұлы мұрат

Адал азамат – ұлы мұрат

Тәрбие – ұлттың ертеңге қалдырар ең қымбат аманаты. Ол бір күндік іс-шарамен өлшенбейді, бір сағаттық әңгімемен аяқталмайды. Тәрбие – баланың күн сайын көрген өнегесінен, естіген тағылымды сөзінен, оқыған кітабынан, тыңдаған күйінен, туған жеріне деген сүйіспеншілігінен, үлкенге құрметі мен кішіге қамқорлығынан біртіндеп қалыптасатын тұтас рухани әлем.
Қасиетті Қазалы топырағында ұрпақ тәрбиесі қашанда елдік мұратпен сабақтасып келеді. Сыр бойының сан ғасырлық тарихы, ел мен жердің амандығын ойлаған тұлғалардың тағылымды жолы, сөз қадірін білген қариялардың өнегесі, өнер мен еңбекті серік еткен азаматтардың ғибратты ғұмыры – бүгінгі жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі. Қазыналы Қазалының әрбір тарихи ізі мен ел жадында қалған өнегелі есімінде жас буынға айтар тағылым бар.
Бүгін сол дәстүрлі тәрбие арнасын заман талабымен сабақтастырып, ұлттық болмыс пен заманауи білімді қатар ұстау – білім саласындағы басты міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің білім беру ұйымдарында жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының орны айрықша.
Бағдарламаның өзегіндегі тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық құндылықтары – бүгінгі жас ұрпақтың бойынан табылуға тиіс басты қасиеттер.
Тәрбие ісі жөніндегі орынбасар ретінде мен үшін осы құндылықтардың қағаз жүзіндегі ұғым болып қалмай, баланың күнделікті әрекетіне айналуы аса маңызды.
Өйткені отаншылдық – Отан туралы жаттанды сөз айтудан емес, туған жеріңнің бір уыс топырағын қадірлеуден басталады. Адалдық – ешкім көрмеген жерде де ар алдындағы жауапкершілікті жоғалтпау. Еңбекқорлық – бастаған ісіңді соңына дейін жеткізе білу. Әділдік – өзіңе де, өзгеге де бірдей талап қоя алу. Ал заң мен тәртіп – жазадан қорқу емес, өзгенің құқығы мен қоғам тыныштығын құрметтеу.
Осындай ұстаным №266 мектеп-лицейдегі тәрбие жұмысының да негізгі арқауына айналып келеді.
Мектеп – бала үшін тек білім алатын ғимарат емес. Ол – бала күнінің елеулі бөлігі өтетін, достық пен сыйластықты үйренетін, өзін танып, қабілетін байқап, көзқарасын қалыптастыратын орта. Сондықтан мектеп-лицей ұжымы үшін білім сапасымен бірге оқушының адамдық болмысына ықпал ететін қауіпсіз, тағылымды әрі мазмұнды тәрбие кеңістігін қалыптастырудың маңызы зор.
Мектеп-лицейдегі тәрбие жұмыстары «Адал азамат» бағдарламасының бағыттарымен сабақтастырыла отырып, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылық пен буллингтің алдын алу, қауіпсіз орта қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, адал еңбекке баулу, шығармашылық пен зияткерлік ізденісті қолдау, ата-анамен байланысты нығайту бағыттарында жүйелі жалғасын табуда.
Ұрпақ тәрбиесі бір ғана мектептің жұмысы бола алмайды. Осы орайда Қазалы ауданында бала қауіпсіздігі мен жасөспірімдер тәрбиесіне қоғам болып көңіл бөлінуі көңіл қуантады. Мектеп, ата-ана, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өзара ықпалдастығы баланың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
№266 мектеп-лицей қабырғасында аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысының өткізілуі де тәрбиенің ортақ жауапкершілік екенін айқындай түсті.
Бүгінгі баланы ұлттық құндылықтарға тәрбиелей отырып, жаңа заманнан шет қалдыруға болмайды. Осы бағытта мектеп-лицейімізде ұйымдастырылған «Цифрлық болашақ: AI, IT, VR және робототехника әлемі» жобалар көрмесі оқушылардың ғылым мен технологияға, жаңашылдық пен ізденіске деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді. Бір жағында – бабадан қалған рухани мұра, екінші жағында – жасанды интеллект пен жаңа технология. Осы екеуін үйлестіре алған ұрпақ қана ұлттық болмысын сақтай отырып, болашаққа нық қадам басады.
«Адал азамат» бағдарламасының мазмұнындағы алты әлеуметтік жоба да осы тәрбиелік мақсатты нақты іспен ұштастырады. «Қамқор» баланың жүрегіне мейірім мен жанашырлық ұялатып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға, еріктілік пен қайырымдылыққа жетелейді. «Еңбегі адал – жас өрен» адал еңбектің қадірін сезіндіреді, еңбек адамына құрметпен қарауға баулиды. «Шабыт» ән мен күй, өнер мен шығармашылық арқылы баланың рухани әлемін байытады. «Ұшқыр ой алаңы» ойын еркін әрі дәлелді жеткізетін, өзгенің пікірін тыңдай білетін саналы тұлға қалыптастыруға ықпал етеді. «Smart Bala» жаңа технология мен инновациялық ойлауға жол ашса, «Балалар кітапханасы» жас ұрпақты кітаппен табыстырып, ойлау мәдениетін тереңдетеді.
Осы алты жобаның атауы бөлек болғанымен, барар бағыты бір. Ол – баланы жақсылық туралы айтуға ғана емес, жақсылық жасауға; адалдықты түсіндіруге ғана емес, адал болуға; еңбекті дәріптеуге ғана емес, еңбек етуге үйрету.
Ұлттық тәрбиенің тағы бір алтын арқауы – ұлы тұлғалардың тағылымды ғұмырын жас ұрпаққа таныту. Абайдың адам болмысы туралы терең ойы, Ыбырайдың білімге бастаған ағартушылық жолы, Ахмет Байтұрсынұлының ұлт алдындағы адалдығы, әл-Фарабидің ғылымға құштарлығы, Алаш арыстарының елдік мұраты – бүгінгі бала үшін тарих бетінде қалған дерек қана емес, өмірлік бағдар болуы тиіс. Сонымен қатар Қазалы топырағынан түлеп ұшқан елге белгілі тұлғалардың, ардагерлердің, ардақты ұстаздар мен еңбек адамдарының ғибратты жолын жас ұрпаққа таныту – туған жерге деген сүйіспеншілікті тереңдетудің бір жолы.
Тұлғаны таныту – оның өмірбаянын жаттатумен шектелмеуі керек. Бала сол ғұмырға қарап, «Мен туған жеріме не бере аламын?», «Еліме қандай еңбегіммен пайдалы боламын?» деген сауалды өзіне қоя бастаса, тәрбиенің шынайы мәні де сонда ашылады.
Мектептегі тәрбие кейде бір ауыз сөзсіз-ақ баланың жүрегіне жол табады. Үзіліс кезінде дәлізге соғылған қоңыр күйдің үні – соның бір мысалы. «Күй күмбірі» арқылы ұлттық әуеннің мектептің күнделікті тынысына енуі – тамыры терең тағылым. Күй – халқымыздың сөзсіз жазылған шежіресі. Бала күн сайын сол үнді естіп өссе, Құрманғазының өр рухы мен Динаның даралығын, Тәттімбеттің сыршылдығы мен Қазанғаптың қоңыр сарынын жатсынбайтын болады. Ұлттық өнер осылайша оның рухани әлемінің табиғи бір бөлшегіне айналады.
«Күй күмбірі», «Менің Қазақстаным», аптаның дәйексөзі, қауіпсіздік сабақтары сынды жұмыстардың әрқайсысының астарында да бала бойына жақсы әдет қалыптастыру идеясы жатыр. Бірінде бала ата-анасымен сырласады, бірінде ұлттық ойынды меңгереді, бірінде ысырапқа жол бермеуді үйренеді, енді бірінде өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараудың маңызын түсінеді. Осындай қарапайым әрекеттер күн сайын қайталана келе әдетке, ал дұрыс әдет уақыт өте мінезге айналады.
Тәрбие саласында еңбек ете жүріп түйгенім – атқарылған жұмыстың нәтижесін өткізілген іс-шараның санымен немесе жазылған есептің көлемімен өлшеу жеткіліксіз.
Нағыз нәтиже – ешкім ескертпесе де мектеп мүлкіне жанашырлықпен қарайтын бала. Әлсізге әлімжеттік жасамай, керісінше оған қорған бола алатын жас. Ата-анасының еңбегін бағалап, ұстазын құрметтейтін шәкірт. Заңнан қорыққандықтан емес, өзінің азаматтық жауапкершілігін түсінгендіктен тәртіп сақтайтын оқушы. Туған жерінің жетістігіне қуанып, мәселесіне бейжай қарамайтын азамат.
№266 мектеп-лицейдегі тәрбие жұмысының да діттегені – осындай тұлға қалыптастыру. Бұл жолда мектеп жалғыз емес. Отбасы мен мектептің, ұстаз бен ата-ананың, қоғам мен баланың арасындағы сенім мен өзара жауапкершілік берік болғанда ғана тәрбиенің тамыры тереңдейді.
Біздің алдымызда отырған әр бала – бір әулеттің үміті ғана емес, елдің ертеңі. Бүгін оның қолына кітап ұстатып, жүрегіне ізгілік ұялатып, санасына заң мен тәртіптің маңызын сіңіріп, домбыраның қоңыр үнін тыңдатып, туған жердің тарихын танытып, еңбекке баули алсақ – ертең ел тізгінін ұстайтын азаматтың іргетасын бүгіннен қалап жатырмыз.
Қасиетті топырағымыздан тамыр тартқан тағылым мен бүгінгі мектептегі жүйелі тәрбие өзара сабақтасқанда ғана ұлттық болмысын жоғалтпаған, білімді, ойы сергек, еңбегі адал, заман көшінен қалмайтын жаңа буын қалыптасады.
Біздің мақсатымыз – тек жақсы оқушы тәрбиелеу емес. Біздің мұратымыз – біліміне білігі сай, сөзіне ісі сай, туған жеріне жанашыр, жүрегінде Отанына деген сүйіспеншілігі бар Адал азамат тәрбиелеу. Өйткені бүгінгі мектептің тынысы – ертеңгі елдің тынысы. Ал ұрпаққа берілген дұрыс тәрбие – ел болашағына қалдырар ең қымбат аманатымыз.

Сағыныш МҰХИТҚЫЗЫ,
№266 мектеп- лицейдің
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
06 қазан 2026 ж. 26 0

Бата дарып, бақ қонсын

06 қазан 2026 ж. 64

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031