Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғанидың ғибратын алған шәкірт

Ғанидың ғибратын алған шәкірт

Келесі жылы Шығыс жастарының жалынды жетекшісі, Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысы ұйымдастырушыларының бірі Ғани Мұратбаевтың туғанына – 125 жыл. Осы айтулы дата қарсаңында оның шәкірті, туған жердің түлеуі, өркендеп өсуіне өлшеусіз үлес қосқан бірегей азамат Жүндібай Баянбаев туралы ой қозғауды жөн санадық.

БІЛІМ – ӨМІР ШЫРАҒЫ

Қазалының тумасы, жоқшылық пен жетімдіктің ащы дәмін ерте татып, ел ісіне араласып, еңбегімен өрнек қалдырған Жүндібай Жайшылықұлы жайлы айтылар пікірлер көп.
ХХ ғасырдың басы – қазақ даласы үшін ақ пен қара арпалысқан, әлеуметтік сілкіністер мен рухани ояну қатар жүрген алмағайып заман. Осындай дүрбелең жылдардың тұсы – 1909 жылы қазіргі Ғани Мұратбаев ауылы мен Қазалы қаласының іргесіндегі Желдермен аталатын жерде дүние есігін ашқан.
Әр нәрсенің екі жағы болатыны тағы бар. Әдетте қиындық көрген бала ширақ өседі. Қандай жағдайға бетпе-бет келіп, қаймықпайтын қайсар болып қалыптасады. Ең жақындарынан айырған қатал сынақ болаттай жігерлі жастың қайрат-жігерін жасыта алмады. Ағасы Бержан Мұсанның қамқорлығында тәрбиеленеді.
Алғаш Қазалы қаласындағы Ғанибай мешітінің табалдырығын аттап, арабша-қазақша сауат ашқан ол алғырлығының арқасында өзгерістер лебін ерте сезінеді. Өмір сүрудің, жақсы жетістіктің кілті – жауапкершілік пен білім екенін ұғынып, ынтызалдығы білмекке ұмтылдырады.

ҒАНИДЫҢ ШАПАҒАТЫ

Қазалы топырағында дүниеге келген, қазақ жастарының басын біріктіріп, оларды өркениет, білім мен ғылымға жетелеген Ғани Мұратбаевтың есімі ерекше аталады.
Бастауыш білім алып жүрген тұсында Қазалыға Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы, Коммунистік Жастар Интернационалының қайраткері Ғани Мұратбаев келеді.
Жүндібай Баянбаев ұстазы Ғани Мұратбаев туралы мынандай естелік қалдырады.
«Ғани Мұратбаев 1902 жылы 3 маусымда Қазалы ауданы, бұрынғы Қалыңбас болысында дүниеге келген. Әкесі Мұратбай Қожаметов – жер емген диқан болған.
Мұратбай алты ағайынды жігіт болғанымен, туыстары ерте қайтыс болады. Інісі Салықбайдан Ағыбай деген бала бар. Ғанимен бірге туған апасы Жәнет Қарақалпақ АСС-і Кегейлі ауданында тұрады.
Мұратбай Ғани 4 жасқа толатын жылы қайтыс болған. Шешесі Пәтима Ғанидың адам болуы үшін небір ауыр бейнеттерді басынан өткереді. Пәтима баласы Ғани мен қызы Күләшті асырау үшін Қазалы қаласындағы Ғанибай деген байға жалданып, жұмыс істейді. Байдың қатал бәйбішесі Пәтиманы талай соққыға жығады. Ақыры сол үйдің есігінде жүріп қайтыс болады. Ғазиз ана көзі тірісінде ұлын әуелі Қазалыдағы татар мектебіне, кейін түземдік мектепке оқуға түсіреді. Күләш та бай үйінде жұмыс істеп жүргенінде қаза табады», – дейді.
Естелікте Ғанидың теміржолшылардың астыртын больщевиктік ұйымдарымен байланыс жасағаны жазылған. Октябрь социалистік революциясы орнағаннан кейін Қазалыдан балалар үйін ашып, қазақ балаларын мектепке тарқанын мәлімдеген.
Өмірінің ең маңызды кезеңі туралы былай деп әңгімелейді. «1922 жыл. Қазақ мектебінің бірінші класында оқып жүрген кезім еді. Жасым 13-те болатын. «Қазалыға Ғани келеді» дегенді есітіп, іздеп бардым. Ол кісі түсетін үй – уездік атқару комиетінің представителі Тұрмахан Мейірмановтың үйі.
Аталмыш үйге барып, келу себебімді айттым. Сәлден соң Ғани шықты. Үстіне көк жібек пижама киген, бұйра шашы маңдайына түсіп тұратын жиырма жасар жігіт екен. Көз қара, өткір, нұрлы адам. Мен ата-анасынан айырылған бала екенімді, интернатқа орналасқым келетінін айттым. Аға басымнан сипап тұрды да: «Шырақ, Ташкенттен Москваға бара жатыр едім. 2-3 айда қайта соғамын. Сонда орналастырайын. Аты-жөніңді айтшы», – деді.
Ғани сөзінде тұрады. Межелі уақытта Қазалыға қайта ат ізін салып, уездік халық бөліміне хат жазып береді. Онда: «Товарищ Сайдозов, примите в детком круглая сирота Баянбаева Жундибая. Гани» деген жолдар болады. Бұған дейін үш рет барғанында, қуып жіберген интернат бастығы Ғанидың ықпалымен қабылдайды.

БЕЛ-БЕЛЕСТЕР

Халқымызда «Бір адам қазған қазықтан, мың адам су ішеді» деген таныс тәмсіл бар.
«Балалар үйі осы күнгі ауылшаруашылық техникумының ғимаратында орналасқан еді. Екінші класта оқып жүргенімде, жатақханаға мені бір адам іздеп келіпті. Кім екенін білмекке, асығып шықсам, Ғани ағай. Менің оқуым, жағдайымды сұрап, төртінші класты жақсы оқып, бітірсем, Ташкентке алып кететінін айтты. Кетерінде қолыма 5 сом ұстатты. Мен уәде бердім.
Ғани ағай сөзге жүйрік еді. Сөзіне орыс тілін өте аз қосады. 1923 жылы қаладағы клубта ІІІ Интернационал жөнінде лекция оқыды. Ағайды көру үшін барғанымыз болмаса, ол сөздердің мәнін жіті түсіне қоймадық. Таң қалдырғаны, қолында ешбір конспекті жоқ. Тек шырпының қорабындай блокнотынан кейбір цифрларды қарайды. Сол кезде уездік партия комитетінің секретары Назаров Ғаниға алғыс айтып, қолын алғанда, жұрт ду қол шапалақтады.
Келесі кездесу 1924 жылы болды. Сарман есімді әжейдің шақыртыпты. Үйленген кезі болатын. Амандық-саулықтан соң ағаның науқастанып жүргенін, осында қымыз ішіп, емделуге келгенін білдім. Сол жолы алдағы жылдың күзінде Ташкентке ала кететінін, жақсы оқып, комсомолға кіруім керектігін нықтап тапсырды.
Жақсы оқып, талпынғаныммен, ағаның мақсаты, менің арманым орындалмады. Өмір өз дегенін жасап, 1925 жылдың 15 сәуірі күні әзиз жүрек тынысын мәңгіге тоқтатты. Мен ауылда қала бердім».
Жас кезіндегі бұл кезеңдер Жүндібайдың кейінгі өмір жолына айрықша әсер етеді. Осылайша, бір кездері Ғани Мұратбаевтың қолдауымен білім жолына түскен Жұндібай Баянбаев кейін өзі де ел басқару ісіне араласқан азаматқа айналады.
Тұрмысы түзеліп, жағдайы жақсарғаннан кейін Ташкентке оқуға барады. Елге оралғаннан кейін түрлі жауапты қызметтер атқарып, қоғамдық жұмыстарға араласады.
Оның өміріндегі маңызды белесінің бірі – Алматыда статистика саласының мамандарын даярлайтын арнайы курста оқығаны. 1927-1930 жылдары Алматы қаласында жаңадан ашылған республикалық статистика мамандарын даярлайтын үш жылдық курсына аудан басшыларының келісімімен барып, маман ретінде Қазалыға қайта оралады. Жұмысшылар факультетін бітірген жігітке оқу онша қиынға соқпайды. Бітіріп, маман болып, Қазалыға қайта келеді.
1930 жылдары аудандық әскери комиссариатта жауапты қызметтер атқарады. Арада 4 жыл өткенде әскери теңіз флотында теңізші болып қызмет етеді. 1937-1942 жылдары Қазалы аудандық әскери комиссариатын басқарады.
Азаматтық өмірге оралған соң да елдік істерден шет қалмайды. 1942-1950 жылдары Қазалы машина-трактор станциясының партиялық ұйымдастырушы болса, 1950-1955 жылдары аудандық статистика мекемесі басшылығы қызмет атқарады. 1955-1958 жылдары қоғам қайраткері. Соғыс жылдарында «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасақтауға қаржылай қолдау көрсетіп, елге еңбегі сіңген. Ленин, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған, КСРО Жоғарғы Кеңесіне үш рет депутат болып сайланған Қашқабай Пірімовпен бірге және қазіргі Қ.Пірімов ауылында басқару жұмыстарына араласады. 1958-1964 жылдары Сарыкөл ауылдық кеңесін басқарады.
Ал 1964 жылдан 1973 жылға дейін Ғани Мұратбаев ауылында ауылдық кеңес қызметін атқарып, еңбек демалысына шығады.
1940 жылы Зәрухан Ермырзаева есімді қызбен шаңырақ көтеріп, өнегелі отбасы өмірге бес перзент әкеледі. Қыздары Бақыт пен Рахима еңбекте медицина саласына тер төккен мақтаулы маман болса, отбасында көпбалалы ана атанып, немере-шөбере қызығына бөленуде. Мұхтар – жолаушы тасымалдау саласында абыройлы қызмет еткен. Өкініштісі, ортаншы ұлдары Абай мен Асқар бүгінде өмірде жоқ.
Ел ісіне ерте араласқан Жүндібай Жайы­шылықұлы ғұмырында түрлі жауапты бас­шылық қызметтерді атқарып, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарады. Қай қызметте жүрсе де, ел мүддесін, еңбек адамының жағдайын басты орынға қойып, ұйымдастырушылық қабілетімен танылады. 1974 жылдың 5 қарашасында 65 жасында жүрек талмасынан қайтыс болды.
Бір адамның тағдыры –
бір дәуірдің көрінісі
Хакім Абай: «Ішінде кімнің оты бар, Қар жауса да сөнер ме?» дейді. Ғанидың өзі оқуға жетелеп, ертеңінен үміт күткен Жүндібай аға сенімін аласартпай, елге қызмет етіп, абырой биігінен аласармайды.
Мақала кейіпкеріміздің мазмұнды өмір жолы мен көрген-білгендері кейінгі ұрпаққа жету мақсатында материалдарды ұсынған ұрпағы Бақыт Баянбаеваның деректері бойынша дайындалды.
Халықымыз «Ізденген жетер мұратқа» дейді. Жүндібай Баянбаевтың жүріп өткен жолы – қараңғылықты білімнің нұрымен жеңген, қиындыққа мойымаған рухтың жеңісі. Оның ғұмыры – бір ғана адамның өмірбаяны емес, тұтас бір дәуірдің, аласапыран заманда білім мен еңбекті ту еткен қазақ зиялыларының жас буынының жиынтық портретіндей. Заман өзгереді, уақыт көші зымырайды, бірақ халық үшін төккен маңдай тер мен жасампаз еңбек ешқашан ұмытылмақ емес. Ел үшін тер төккен ерен ерлер өнегесі – бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік өмір сабағы.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
06 қазан 2026 ж. 23 0

Бата дарып, бақ қонсын

06 қазан 2026 ж. 67

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031