Жол мәселесі жолда қалмайды

Елде республикалық маңызы бар автожолдармен қатар, облыс және ауданішілік жолдарды жаңғыртуға баса көңіл бөлінуде. Әсіресе ауыл мен ауданды, шағын елді мекендерді байланыстыратын жергілікті маңызы бар жолдардың жөнделуі – өңір тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Соңғы жылдары облыс ішіндегі және ауданаралық бағыттардағы асфальт жабыны жаңартылып, бұрынғы тозығы жеткен жолдардың орнына жайлы жолдар төселді. Сапалы жол кез келген елді мекеннің дамуының басты көрсеткіші. Ол тек көлік қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, экономикалық әлеуетті арттырып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартатын маңызды инфрақұрылым.
Соңғы жылдары ауданда жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жоба жүзеге асуда. Мәселен, аудан орталығы мен ауылдық округтердегі көшелерді асфальттау, орташа жөндеу және жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Бұл көлік қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, шалғай ауылдардың қаламен байланысын жақындата түсті.
Бүгінде аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесі 91 пайыз. Алдағы уақытта «Қожабақы-Аранды» (жобаның болжамды құны 725 миллион теңге) және «Қарлаң» учаскесінен Бірлік ауылына дейінгі аралықтағы (жоба құны 254 миллион теңге) автомобиль жолдарын жөндеу жоспарда бар. Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр көшесінің айналма жолының құрылысына 378,7 миллион теңге (келісімшарт құны 383,6 миллион теңге), А.Талқанбаев көшесінің жолын қайта жаңғыртуға 114,9 миллион теңге (келісімшарт құны 156,5 миллион теңге) бөлініп, құрылысы жүргізілуде. Әйтеке би кентінің 12 көшесін ағымдағы жөндеуге аудандық бюджеттен 81,6 миллион теңге қаржы қаралып, жұмыс атқарылған. Алдағы уақытта автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуді көздейтін 26 жобаға облыстық экономика және қаржы басқармасына 3,7 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылыпты. «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 32,1 шақырымындағы темірбетонды көпірді күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 363,3 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Келісімшарт құны 367,9 миллион теңге.
Биыл 163,8 миллион теңгеге 4,5 шақырым Т.Бөріқұлақов (114,9 миллион теңге 2,9 шақырым) және Жетес би (37,5 миллион теңге 1,6 шақырым) көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынған. Әйтеке би кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымын қайта жаңғырту қолға алыныпты. В.Счастнов пен Желтоқсан көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлер аумағындағы автотұрақтардың автомобиль жолдарына аудандық бюджеттен 47,0 миллион теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілген. В.Счастнов, Жанқожа батыр және Желтоқсан көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаішілік кәріз желілерін ағымдағы жөндеуге аудандық бюджеттен 5,3 миллион теңге қаржы қаралып, жұмыс атқарылуда.
Бұдан бөлек кенттің сырт аумағында орналасқан сүзгі алаңындағы кәріз суларын тұндырғыш құдықтарды ағымдағы жөндеуге 10 миллион 295 мың теңге қаржы бөлініп, жұмыс толық аяқталып, нысан пайдалануға берілген. Сыр өңірін төрт жылдан астам уақыт басқарған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қолдауымен облыстық басқармалар арқылы бірқатар жоба жүзеге асуда.
Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі аралығындағы 7 шақырымдық төрт жолақты жолға түнгі жарықшамдар орнатуға 102,3 миллион теңге қаржы бөлініп, толықтай іске қосылды. Алайда жарықшамдар жанбағандықтан мердігерге қайта қалпына келтіру үшін тапсырма берілді. Қазалы ауданындағы ауқымды құрылыстың бірі – «Қарлаң» көпірі. Бірнеше жыл бойы құрылысы тоқтап қалған «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16 шақырымындағы «Қарлаң» учаскесіндегі темірбетонды көпір құрылысын жаңа мердігер мекеме «НұрлыТау ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2025 жылы сәуір айында қайта бастаған еді. Былтыр жұмысты жалғастыруға 758,4 млн теңге бөлінді. Жоба-сметалық құжаттарының қаржысына қайта есептеме жүргізіліп, бағасы 6,7 миллиард теңгеге ұлғайтылған. Осы жылға 2,2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Қазір негізгі тірек бөліктері орнатылып, бетон тіреулері құйылып жатыр. Көпірдің 84 свай қағу жұмыстары толық аяқталған, 8 тіреудің 7-еуі бітіп, соңғы тіреу орнатылуда. Құрылыс алаңында 30 арнайы техника мен 80 жұмысшы жұмылдырылған. Бұйырса, желтоқсан айында аяқтау жоспарлануда.
Айта кеткен жөн, еліміздің көлік дәліздерін жаңғырту бағытындағы ауқымды жұмыстар мен жүйелі реформалар өз нәтижесін бере бастады. Соңғы жылдары өңірлерді байланыстыратын күретамырлардың келбеті түбегейлі өзгеріп, заманауи талаптарға сай сапалы жолдар ел игілігіне беріліп жатыр. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында «Жақында «Қызылорда-Жезқазған» жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда, оның «Қызылорда-Ақтөбе» арасындағы бөлігі тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім.
Биыл осы бағытта 4 жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады. Сондай-ақ мен былтырғы Жолдауымда «Бейнеу-Сексеуіл» жолының құрылысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ» деген болатын. Тамыз айында телекөпір арқылы «Қызылорда-Сексеуіл», «Ұлғайсын-Сексеуіл» және «Бейнеу-Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысын бастап берді. Жақында аймақ басшысы алдымен «Қызылорда-Ақтөбе» бағытындағы Қызылорда қаласының айналма жолы мен «Қызылорда-Сексеуіл» автомобиль жолының құрылыс алаңына барды.Қызылорда қаласының айналма жолының ұзындығы 25,8 шақырым, келісімшарт құны 39,5 миллиард теңге. Ислам даму банкі есебінен қаржыландырылуда. Бас мердігері «Қыран», жобалаушысы «Семдорпроект» серіктестіктері. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026-2029 жылдар. Құрылысқа 150 жұмысшы және 85 арнайы техника жұмылдырылған.
«Қызылорда-Сексеуіл» автомобиль жолының 130,8 шақырымын қамтитын жобаның құны 242,3 миллиард теңге. Қаржыландыру көзі Ислам даму банкі болса, мердігері «Integra Construction KZ», қосалқы мердігері «Элит Строй Комплект» серіктестіктері. 2026-2029 жылдар аралығында іске асады.
Қазір құрылыс жұмыстарына 70 жұмысшы мен 43 арнайы техника тартылған. Аталған жобалар өңірдегі жол-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, көлік қозғалысы қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруға, транзиттік бағыттардың өткізу қабілетін жақсартуға мүмкіндік береді.
Иә, республикалық магистральдар елді экономикалық тұрғыдан байланыстырса, облыс және ауданішілік жолдар халықтың әлеуметтік тыныс-тіршілігін жақындастырады. Әрбір ауыл мен аудан арасындағы тегіс асфальт – өңірлердің тұрақты дамып, халықтың тұрмыс сапасының жақсарып жатқанының нақты дәлелі.
Айнұр ӘЛИ













