Тұлпар баптап, көкпар тартқан
Біз қазақ жылқы десе делебесі қозатын халық емеспіз бе? Ата-бабамыз жылқы жануарын ерекше қасиет санап, одан ажырамаған. Содан бері қанға сіңген қасиетті жоғалтпай, жылқы жаратып, көкпар тарту секілді ат спортын дамытудан қол үзбей келеміз.
Көкпар десе ішкен асын жерге қойып, бір иығын беріп тұратын ауыл жігіттері ортамызда бар. Соның бірі – Ақниет Бөлеков. Ол 1989 жылы Жалаңтөс батыр ауылында дүниеге келген. Қашақбай Пірімов атындағы №103 орта мектепте тәлім алып, түлеп ұшады. Жас күнінен атқа құмар болып өскен жігіт, көптеген жүлделерге қол жеткізген. 10-11 жастан бастап атқа мініп, бәйгелерге қатысады. Мектеп бітірген соң аудан атынан «Алтын күз» іс шарасына қатысып, аударыспақ сайысынан жүлдегер болады. Қазіргі таңда ұлттық спорт түрлерін дамытуға белсене араласып, өзінің үлесін қосып жүр. Жеке кәсіпкерлікпен де айналысады.
– Ауылда туып-өскендіктен кез келген жігіт жылқы малына жақын болады. Көкпар ойнамайтын, көкпарға қызықпайтын қазақ жігіттері жоқ шығар, сірә. Көкпардың ортасында жүргендіктен небір қызу қанды, жүректі жігіттерді кездестіреміз. Тепсе темір үзетін жастардың атқа мініп, көкпар тартып жатқанын көріп қуанамын. Көкпардың аты үшін ең басты қажеттілік – жүректі болуы. Былайша айтқанда, өлген-тірілгеніне қарамайтын өте жүректі жылқы ғана көкпарға жарайды. Одан кейін икемділігі, жылдамдығы, иесін тыңдай алуы бар. Көкпаршы мен ат тұтасуы керек. Бірін-бірі өте жақсы түсінуі үшін өте көп еңбек пен уақыт жұмсалады. Ал көкпарға қосатын атты қырық күн мінбей, семіртеді. Бір ай бойы атқа бидай береді. Алғашқы күннен бастап бидайдың мөлшерін жылқының жегеніне байланысты бірте-бірте көбейтіп, кейін керісінше азайтады. Ат әбден қоңданып, жілігі майға толғаннан кейін далаға шығарып аунатып, мінбей жүргізу керек. Бұдан соң өз тәртібімен атты суытып, іш майын қатырған жөн. Жылқы семіз болса, күші көп болады. Бұндай атқа мінген жігіт тартыста серкені оңай іліп әкетеді. Жаратуы кем семіз атты бірден жарысқа қосуға болмайды. Ат арықтап, әлсіреп қалады. Жалпы атты қалай баптау керегін біздің білгеніміз дұрыс. Өйткені атты баптау жануарға бір уыс шөп пен жем беру емес. Бұл – бар ынта-жігермен атқарылатын іс, – дейді көкпаршы.
Бұрындары сәби сүйе алмай жүрген отбасы көкпар тартысын арнайы ұйымдастыратын. Оған қоса көкпарға қосатын атты қырық күн мінбей, баптайды. Бабы қанған аттың күші көп болады. Ал егер бабы келіспесе, бағы байланады екен. Кейіпкеріміз көкпардан бөлек, аударыспақ та ойнайды.
– Бұрын Қазалыда көкпар жоқ еді. Бейбіт деген ағама «ауылға көкпар берейік, ортақ қаражат шығарайық» деп айтып жүріп, Нұржан үшеуіміз осы істі қолға алдық. Көкпар, аударыспақ спортын дамытамыз деп алғаш рет ауданға ат алып келдім. Одан кейін тағы екі ат алдым. Бүгінде көкпар спортына қатысатын 3 ат бар. Жалпы көкпар – мықтылар ойыны. Ол шабандозды шыңдайтын, сәйгүлікті сынайтын дода. Қиқулап тартысқан дүлей күштің тақымына нар ғана шыдас береді. Дода кезінде аттан құлап немесе атпен бірге жығылатын жағдайлар жиі кездеседі. Тіпті жарақат алатын кезің болады. Осының барлығына тәуекел керек. Сондықтан кез келген жас көкпаршы болуға құлшына қоймайды. Ал нағыз көкпаршы жығылса да, жарақат алса да қайтпайды. Додаға түсу үшін, алдымен жарамды ат, екіншіден жүректі жігіт керек. Ал шеберлік бірте-бірте шыңдалады. Өзім бала күнімнен тайға мініп, ат ерттедім. Ер бала атқа мінсе, рухтанып кетеді. Қазақтың «Ақылды жігіт атқа да мінер, таққа да мінер» дегені атқа мінген баланың болашағының зор екенін меңзегені ғой. Көкпарда қызықты оқиғалармен қатар, өміріңе қауіп төндіретін кездер де көп кездеседі. Мұндайда көкпаршыны тек шеберлігі мен ептілігі құтқарары анық, – дейді Ақниет.
Қазіргі таңда көкпаршы біршама мақсатын жолға қойыпты. Соның бірі – алдағы уақытта Әйтеке би кентіндегі саябаққа ат әкеліп, атқа мінетін алаң ашу. Иә, сейістік, көкпар шауып, аттың құлағында ойнау – ата-бабадан қалған асыл мұраның бірі. Мұндай мирасты, ұлттық құндылықтарды қолға алып, оның жоғалып кетпеуіне Ақниеттің осындай өзіндік үлесі бар. Мұндай жандар барда ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, ұлттық құндылық пен ұлттық спортымыз дами бермек.
Айнұр ӘЛИ