Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көкпар рухты оятады

Көкпар рухты оятады

Туған өлкенің ат спортына байланысты әзірге ауыз толтырып, ештеңе айта алмаймыз. Себебі бұл спорт түрі кешеуілдеп келгендіктен енді ғана қолға алынуда. Дегенмен аудан тұрғындарының басым көпшілігінің қызығушылығы аламан бәйге болғандықтан аударыспақ, теңге ілу, көкпар жарыстары кенжелеп қалған еді. Алайда ат спортын дамыту мақсатында 2022 жылы жаппай көкпар ойындары 3 мәрте ұйымдастырылса, былтыр 5 рет ұйымдастырылды.
– Көкпар әдетте ер балалардың физикалық шынығуына әсер етіп қана қоймай, олардың бойына жылдамдық, ұтқырлық, табандылық секілді қасиеттерді сіңіріп өсуіне жол ашады, – дейді бекарыстанбилік Мұхаммед Бегімов.
Ежелден Орта Азия, Қазақстан, Ауғанстан елдерінде көкпар ең танымал ұлттық спорт түрлерінің бірі саналады. Көшпенділер өзінің мінезін, жаугершілік қырларын, сондай-ақ шабандоз ретінде де өздерін осы ойын арқылы сынап отырған. Көкпар – екі топқа бөлінген ат үстіндегі шабандоздардың ешкі немесе қой тушасына таласу сайысы. Ойын жеңімпаздары, командалардың тушаны қазандыққа салу есебімен анықталады.
"Көкпар" түрікше "көк бөрі" сөзінен аударылған. Ертеректе айтылған аңыздарға сүйенсек, қойды соққан қасқырлар бөлтіріктеріне тушасын апарып отырған. Бөлтіріктер оған таласып, бірін-бірі қуып ойнаған. Содан кейін барып бөлтіріктер ойыны, немесе "көк бөрі" атауы осыдан шыққан. Ойын арқылы шабандоздың ғана емес, сонымен бірге аттың да мықтылығы сыналады. Көшпенділер бұл ойын кезінде физикалық қабілеттерін жетілдіруге аса мән берген. Сондықтан да ойын ел арасында кеңінен танылған. Жер, су, жем-шөп үшін талас көшпенділер арасында жиі болып тұрған. Ел арасында қақтығыстар болмаған кезде де, жас жігіттер өзін бабында ұстап, кез келген соғыста жауға тойтарыс беру үшін көкпарға қатысуды жөн санаған.
– Көкпар сайысын ұйымдастырғалы екі жылдай болып қалды. Бұл ойын екіге бөлінеді. Жаппай ойынға қатысатын адам саны шексіз. Топтықта 12 адамнан қатысады. Оның сегізі ойынға қатысса, 4-еуі ойыннан тыс күтіп тұрады. Өз басым осымен ауданда және одан тыс жерлерде ірілі-кішілі он жарысқа қатысып, жүлделі орындарды иемдендім. Алғашында аудандық "Алтын күз" спартакиадасында "Аударыспақ" сайысында бақ сынап, жеңімпаз атандым. Кейін көкпарға қатысуға ұсыныс түскенде ойланбастан келістім. Бұл ойын түріне еркше қызықтым. Осы күш сынасатын жарыс ұшін арнайы "Алатау" есімді ат сатып алдым. Асылтұқымды ірі, белді, мықты жылқы. Арнайы жем-шөппен 40 күн баптаймын. Кезінде грек-рим күресіне қатысып, аудандық облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткіздім. Соның қарымын жібермей, бүгінде ұлттық спортты дамытуға үлес қосуға әзірмін, – дейді көкпаршы.
Мұхамедтің айтуынша, қазір кәсіпкерлік жолда. Мал шаруашылығымен айналысады. Негізінен жылқы асырайды. Балалық шағында Қарақұмдағы нағашыларына қыдырып барғанында осы жануарға деген қызығушылығы артқан. Кейін жеке шаруақожалығында ат бағуға кіріседі.
– Көкпар ептілікті шыңдап қана қоймай, ешбір жаттығу арқылы қозғай алмайтын бұлшықеттің де жұмысын жақсартады. Сонымен бірге ойын ауылдастар арасындағы ауызбіршіліктің сақталуына, ауылдың біртұтастығын демеп отыруға септігін тигізеді.
ХХ ғасырдың 70-ші жылдарына да дейін бұл ойынға мән берілмей, аса қауіпті ойын түрі ретінде қаралды. Ойынға ешқандай дәреже берілмей, тіпті спорт түрі ретінде еш реестрде тіркелмеді. Бірақ ауыл арасында ойын кеңінен тарап, әуелде тек қызығушылық ретінде ойналса, кейіннен дәстүрлі түрде мереке, тойларда ойнатылып, танымалдыққа ие бола бастады. 80-ші жылдарға қарай ойын түрі жаңа статусқа ие болып, тіпті ұлттық спорттың осы түрінің арқасында күрестен олимпиада чемпиондары шыға бастады. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық спорт түрлері одан әрі дамып, әлемдік деңгейге дейін көтерілді. 2001 жылы Бішкекте көкпардан Халықаралық федерацияның негізі қаланды. Бұл ұлттық спорт түрінің жаңа деңгейге көтерілуіне септесті. Бірақ бұл ойын түрі Оңтүстік жақта жақсы дамығанмен бізде сәл кешеуілдеп қолға алынуда. Сонда да болса, қанда бар ептілік пен қайсарлықтың нәтижесінде есемізді оңайлықпен бермеспіз, – дейді Мұхамед Бегімов.
Күш-қуаты бойында тұрған жас мұнымен қоса ат бәйгесіне қатысу үшін жуырда "Бұйрық" ныспылы жүйрікті арнайы сатып алған. Алдағы уақытта оны бәйгеге қосу ниетте.
Аудандық спорт бөлімі мамандарының мәліметінше, бүгінде жастар көкпар ойынына қызығушылық танытуда. Осыған орай Ұлттық спорт түрлерін дамыту бағытында, көкпар ойындарының көкпаршыларына 10 дана бөрік сатып алынды.
Биыл қажетті жабдықтар сатып алу үшін 2 дана ер тоқымға, көкпаршыларға 10 дана бөрік, 10 дана саптама етікке бюджеттік өтінім тапсырылды. Жалпы 33 ұлттық спорт іс-шара өткізілді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА


26 ақпан 2024 ж. 217 0