Конституция – кәсіпкер құқықтарының кепілі
«Конституцияда азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатысты нормалардың қамтылуы – қоғам үшін маңызды мәселе. Оның ішінде кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың құқықтық қорғалуы экономиканың дамуына тікелей әсер етеді деп есептеймін. Себебі кәсіпкерлік – тек жеке адамның кәсібі немесе табыс көзі ғана емес, ол жергілікті жердегі экономикалық белсенділіктің маңызды бөлігі.
Әсіресе аудан көлемінде шағын және орта бизнестің маңызы ерекше. Көп жағдайда жергілікті кәсіпкерлер халыққа күнделікті қажетті тауарлар мен қызметтерді ұсынып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын қалыптастырады. Бір кәсіптің дамуы бірнеше отбасының тұрақты табыс табуына мүмкіндік береді. Сондықтан кәсіпкердің қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасау – оның жеке мүддесімен қатар, қоғамның да мүддесі деп қарауымыз керек.
Бұл ретте Конституцияда бекітілген құқықтық қағидалардың мәнін халыққа, әсіресе кәсіпкерлерге қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу маңызды. Азамат өзінің қандай құқықтары бар екенін және қандай міндеттерді орындауы керектігін жақсы білген жағдайда, мемлекетпен де, басқа да қоғамдық институттармен де өзара қарым-қатынасы тиімді қалыптасады. Құқықтық сауаттылықтың жоғары болуы – заң талаптарын сақтаудың ғана емес, өз құқығын қорғаудың да негізі.
Аружан ЖАНДОСОВА,
Қармақшы ауданының
жастар ресурстық орталығының кеңесшісі














