Өнегелі жолы жастарға үлгі
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жас ұрпаққа азаматтық жауапкершілік пен патриотизмді дамыту, отансүйгіштік, адалдық, елге қызмет ету және азаматтық жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу мақсатында Максим Горький атындағы №16 мектеп-лицейінде қыркүйек айының 26-ы күні «Өнегелі ғұмыр» атты тағылымды кездесу өтті. Кездесудің қадірлі қонағы – жерлесіміз, мектеп түлегі, Кеңес Одағының, ҚР Жоғары Қарулы Күштерінің, Ауған соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз», «Мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі орденімен, АҚШ президентінің «Құрметті аймақ» ордендерімен және көптеген медальмен марапатталған генерал-майор Ерниязов Әлімжан Қанағатұлы.Тағылымды жүздесу барысында генерал-майор өзінің өмір жолы, әскери қызметтегі тәжірибесі, сұрапыл соғыстағы қиын күндері, ел алдындағы жауапкершілігі және кәсіби қалыптасу кезеңдері туралы кеңінен әңгімеледі. Әсіресе, туған жердің адам өміріндегі орнына, мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбиенің маңызына, Отанға адал қызмет етуге, елжандылық пен тәртіптің адам бойындағы басты қасиеттер екеніне ерекше тоқталды. Жас ұрпаққа бағыт-бағдар берген Әлімжан Қанағатұлы оқушыларды білім алуға, ізденуге, спортпен шұғылдануға, өз мақсатына табандылықпен жетуге шақырды. Сонымен қатар әскери мамандықты таңдауға қызығушылық танытқан оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Кездесуге арнайы қатысқан қадірлі қонақтар да жас ұрпаққа өздерінің жылы лебіздері мен ақ тілектерін білдірді. Олардың қатарында қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Темірбек Қанышұлы, Қазалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Сейтханов Нұрлыбек Қалыбекұлы, Ауған соғысының ардагері Тәжібеков Ғабиден, Ауған соғысының ардагері «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, Қазалы ауданының құрметі ардагері, Қазалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің қызметкері Серікбаев Күмісбай Серікбайұлы болды. Кездесу оқушылар үшін ерекше әсерлі өтті. Жастар өз жерлестерінің ел алдындағы еңбегін мақтан тұтып, генерал-майордың өмір жолынан үлкен тағылым алды. Оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, қонақтармен еркін пікір алмасты.
Туған жерден түлеп ұшып, ел қызметінде жүрген азаматтың мектепке арнайы келіп, кейінгі буынмен жүздесуі – өскелең ұрпаққа үлкен өнеге. Осындай тағылымды кездесулер оқушылардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, туған елге деген құрметін арттырып, ел болашағына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Тағылымды кездесудің соңында лицей директоры Жора Қартқожақұлы генерал-майор Ерниязов Әлімжан Қанағатұлына елге сіңірген еңбегі мен жас ұрпаққа берген тағылымы үшін алғысын білдіріп, арнайы сый-сияпатын табыстады.
Туған жерін ардақтаған азаматтың өнегелі жолы – жас ұрпаққа әрдайым үлгі. Елге қызмет ету – абыройлы міндет, ұрпаққа өнеге – үлкен жауапкершілік.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат











