Мүмкіндікті мүддеге тоғыстырған
Әлемді энергия басқарады деген аксиома бар. Расында солай. Энергия адамзат ойлап тапқан ең құнды, ең бағалы өнертабыс. Қолданысқа енуімен үдеріске үлкен жол ашылды. Тіршілікпен біте қайнасқан оны қандай саладан болса да ажыратып алмайсың Мүмкіндігімізді молайтып, даму драйверін қалыптастырып, өркениетке өрістеуде өлшеусіз үлесі бар электр энергиясы қашан да тұтынушысына қажетті. Күнделікті тұрақты тұрмысымыздағы жарықтың жетуі энергетиктердің кәсібилігі мен жұмысқа деген қарым-қатынасының көрінісі. Сұранысқа ие салада нәтижелі жұмысымен көрініп жүрген қазалылық «Энергомера» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тындырымды тірлігі көпке таныс.
Туыстар таңдауы
Бүгінде «энергетик» ұғымы ұғынықты мәнге ие. Тарихқа үңілсек, осыдан екі ғасыр бұрын алғашқы электр станциясын салғанда, оның жұмысын жүргізу үшін білікті мамандар қажеттілігі туындаған. Сол кезден бастап салада жұмыс істейтін адамдар «энергетиктер» деп аталды.
Аудандағы электр желілерін жобалау, құрылымдау, жағдайын бақылау және жөндеумен айналысатын мамандар топтасқан орынға тілшілер атаулы күндері қарсаңында бас сұқты.
Ағайынды азаматтар негізін қалаған мекеменің орнығуы мен қалыптасуында ізденіс пен тәжірибе қажеттілігі туындағаны белгілі.
Бизнестің басқа да түрі көп. Неге ең қиын да, жауапты жолды таңдағандары туралы болды қызығушылығымыз.
«2000 жылдары нарықтық кезең келіп, әркім өзі мүмкіндігін пайдаланып жатты. Бізге де кәсіп ашып, материалдық жағдайды жақсарту – уақыт талабына ілесу болды», – деп бастады әңгімесін серіктестік директоры Бекетай Мұқашев.
Ресейден жоғары білім алған, ағайындылардың үлкені Бекетай Мұқашев аудандағы энерготарату торабында есепші, бас есепші болып 12 жыл қызмет етеді. Бауыры, бүгінгі орынбасары Ерболат Мұқашев аталмыш мекемеде шебер болады. Осы уақыт аралығында өз кәсіптеріне маманданып қалған олардың ойы бір арнаға тоғысып, тәуекелге бел буады.
Бұл туралы: «Ұзақ ойландық. Біздің қолымыздан құрылыс салу, газ, су тарту келмейді. Өзімізге таныс салаға да жаңашылдық қажет. Оның үстіне халықтың тұрмысы түзеліп келе жатқанда, біздің ісімізге сұраныс барын екеуіміз де білдік. Небәрі үш жұмысшымен жұмысымыз басталып кетті», – деп еске алады.
Тұтынушылар үдесінен табылған
Тыңнан түре салған туыстар үшін бүгінгідей биікке көтерілу оңайға соққан жоқ. Табандылық пен ыждаһаттылықты бойына бала күннен сіңірген жандар талмай талаптанды, батыл байламдар арқылы аз уақытта таңдаулылар қатарына ілігеді.
Тұңғыш тапсырыстары – аудан іргесінен өтетін, Шығыс пен Батысты жалғайтын халықаралық жол торабы айналымынан салынған жанар-жағармай тарату бекеті. Нысанды жарықпен қамтып, трансформатор орнатқан әсерлері олардың әлі есінде. Осылай басталған іс берекесін береді. 2000 жылдардың соңында Қазалыдағы көшелерді жаппай жарықтандыру жұмысын қолға алынады. Тоқырау кезеңінде тозығы жетіп, үзілген, тіпті бағандарына дейін тоналған желіні қайта қалпына келтіруді үлкен жауапкершілік жүгі әрі перзенттік парыз деп қабылдайды.
Бірте-бірте жұмыс ауқымы арта бастады. Елдімекендер көшелеріне жарық жеткізіледі.
Батыс Еуропа – Батыс Қытай Халықаралық көлік дәлізі салынғанда, мердігер шетелдік компаниялар жергілікті сапалы жұмыс істейтін мекемелер қызметіне жүгінеді. Қажеттілікті қанағаттандыруға лайық деп танылған энергомералықтар маңызды істе шеберліктерімен танылады.
Мемлекет маңыз беріп құнды жоба қуатты қондырғылар ісін қосудан кейін көршілес Арал, Қармақшы аудандарынан жұмыс алады. «100 мектеп, 100 аурхана» жобасы жүзеге асқанда, олардың ішкі, сыртқы әуе жұмыстары, өртке қарсы қауіпсіздік дабылы, трансформаторын қояды. Аудандағы 1200 орындық қос мектептің сапалы, уақытында беруілуіне атсалысады.
Энергомера жігіттерінің мүмкіндігі арқылы қолданысқа берілген Арал теңізінің су-реттеу жұмысын электр қуатымен қамтамасыз ету, Қармақшы ауданы Төретам кентінің «35/10 кВ №22 қосалқы станциясын кеңейту және қайта жаңарту» жобасы қолданысқа беріледі.
2009 жылдан бастап қосалқы мердігер ретінде Арал, Қазалы аудандарындағы бірнеше әлеуметтік ғимараттарды табыстайды. Осыдан бес жыл бұрын жұмыс көлемін кеңіткен мекеме бас мердігер ретінде өздері тендерға түсіп, төл тапсырыстарында өз қолтаңбасын қалдырған. Арал ауданы Сексеуіл қаласындағы 300 орындық мектеп, Жаңақорған ауданындағы шаруа қожалығын электрмен жабдықтау, «Жаңа электрмен жабдықтау желілерін салу», Ақтөбе, Қызылорда, Абай, Түркістан облысы маңындағы электрмен жабдықтау желілерін орналастыру сол кезеңнен бері жүзеге асқан жарқын істер.
2017 жылдан бастап Ақтөбе облысынан жұмыс көлемін қабылдай бастайды. Одан кейін Семей, Түркістан облысындағы тапсырысқа қол жеткізеді.
Қауіпсіздікті сақтау – басты талап
Энергетиктер ең қауіпті мамандық саналады. Күрделі және көпқұрылымды саланы меңгеру үшін математикалық ойлау қабілеті, ширақтық пен шыдамдылық қажет екен. Еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие мамандарды жұмысқа қабылдауда қандай талаптар қойылатыны туралы да сұрадық.
«Біздің жұмыс сырт көзге жеңіл көрінгенімен, өте ауыр. Мина үстінде жүретін саперлар сынды ешқашан ағаттық жіберуге болмайды. Кішкентай қателік салдары қайғылы, орны толмайтын жағдайға жеткізуі мүмкін.
Жұмысқа 25-ке дейінгі жас жігіттерді қабылдаймыз. Оларды үйрету оңайға соғатынын тәжірибе көрсетуде. Ықылас танытушыларға жұмыс жүйесі түсіндіріліп, өндірісте қажет болғанда, кез-келген аймаққа таратылуға дайын болатынын ескертеміз.
Физикалық жағдайы мен сыртқы сипатына да ден қоямыз. Электр тарату желісінің тірегіне мініп-түсу толық адамға қиындық тудырады. Монтаждау шеберлері белгіленіп, бас инженердің қадағалауымен, 1-2 айда жігіттер үйреніп кетіп жатады. Биылдың өзінде оннан астам жасты жұмыспен қамтыдық», – дейді басшы.
Жұмыспен қамту дегеннен шығады, әлгінде айтқан, 5 адаммен басталған орыннан бүгінде 57 адам тұрақты жұмыс тапқан. Мамандар санынан гөрі сапаға мән беретін жерде соңғы жылдары техника саны ұлғайғайған. Замануи мүмкіндіктер қарастырылған. Қандай жағдай болса да, өзгеріссіз қалатын бір ғана шарт бар. Ол қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы. Бұл бағытта сақтандыру компаниясымен келісімшарт жасалған. Күн сайын әр маман, қанша жыл жұмыс істеген тәжірибесіне қарамай, техникалық қауіпсіздік талаптарымен танысады, міндеттілігін сезініп, журналға қол қояды. Ал сыртта жүргендер ай сайын ауданға алдырылып, техникалық оқу жаттығу сабақтарынан өтеді.
Жұмысшы–қызметкерлерге жыл сайын жаздық арнаулы киім, үш жылда бір рет қыстық сырт киім беріледі. Айлық-жалақы алуда іркіліс жоқ. Еңбек жолын енді ғана бастаған жұмысшы алатын ең төменгі жалақы көлемі 200 мыңды құрайды. Жауапкершілігіне қарай ұлғая береді. Бір қызығы, мұндағылар қарызсыз адамдар жұмыс істейді. Себебін сұрап едік, басшылық сондай жағдайды қарастырғанын білдік. Қаржылық қажеттілік туындап жатқан қызметкер өз айлығы есебінен үстемесіз ақы алып, оны жалақысының бір бөлігінен төлейді. Бұдан бөлек жыл сайын кәсіби мерекелері қарсаңында еңбекақы көлемінде көтермеақы босатылады. Жаңа жыл кезінде ата-аналары осы мекемеде жұмыс істейтін 13 жасқа дейінгі балалар сыйлық алып, көңілді шырша кешіне қатысады.
Биылғы жылдан бастап жұмысшылардың Сарыағаш, Меркі санаторийларына тынығуға мүмкіндік қарастырылған.
Шеберлік мектебі
Олар желілерді тартып, жарық жеткізіп қана қоймайды, қолданыстағы энергия үнемдейтін жүйелерді жаңартып, кәсіпорынға техникалық қайта жабдықтауды қалай жүргізу керектігін шешетінімен де маңызды. Өндіріс әліппесін осы орыннан меңгерген талай жан бүгінде Қазақстанның энергетикалық кешенін құруға және дамытуға күш жұмылдырып жүр.
Жұмысын тынысым деп білетін, энергетикалық жүйені дамытып, орнатып, электр жабдықтарын реттейтін Сақтаған Бегімбаев, Рахымжан Сержан, Асхат Жүсіпов, Бақытжан Ізтілеуов, Қайролла Оңдасын, Жалғас Нұрниязов, Ырысбек Кемалов, Таңат Қанибаев, Мұрат Қаналиев, Нұрлан Түктібайлар ісімен үлгі, ортасына сыйлы.
Әскерден оралған соң, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналасып, кейін тұрақты орынға қалған жастың бірі Қанат Таңат. Осы мекемеде жұмыс істеген әкесі Балмырза Таңаттың жолын лайықты жалғап келеді.
«Қазалы аграрлы-техникалық колледжінен «Электроэнергетика» мамандығы бойынша білім алдым. Өз таңдауым. Себебі өмір бар жерде еңбек нарығында бұл салаға сұраныс жойылмайды. Электромонтер болып жұмыс істеймін. Мен секілді жас мамандарының келешекте кәсіби өсуі үшін көп мүмкіндіктер бар. Қазір Оңтүстік өңірде жүрміз. Іс сапарларға шығу біздің алдыңғы қатардағы ағаларымыздың тәжірбиесі арқылы кәсіби дағды қалыптастыруға көмектеседі», – дейді ол.
Әкелі-балалы Таңаттар сынды мұнда ұрпақ сабақтастығын түзген Төребек Бөкешов– Дінахмет Қожамұрат, Сабыржан Өтебай – Оңғар Өтебайұлы, ерлі-зайыпты Бақытжан–Индира Ізтілеуовтер жұмыс ырғағының үндестікте өрбуіне өз үлестерін қосуда.
Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп
Ұжым мүшелері атаулы күндерін кәсіби мереке ғана емес, жыл бойы жүзеге асқан жұмыстары мен жетістіктерін санамалап, есеп беру кезеңіне балайды. Жүйелі жұмысты ұйымдастыру арқылы межеден көрініп отырған жарық жеткізушілер игілікті инфрақұрым жаршылары болып, жұртшылықты қуантуда. «Құрметті энергетик» Бекетай Төреахметұлы басқаратын ұжым «Өткен жылға өкпе жоқ, келер күннен үміт көп» деп істі ұтымды ұйымдастыру арқасында халық қажеттілігінен табылуды көздеп отыр.
Облыс көлемінде электр желілерінің тозығы жетуіне байланысты жаңғырту жұмыстары басталған. Сырдария ауданында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында 2023 жылы Аманкелді, Айдарлы, Жетікөл және Қоғалыкөл елді мекендерінің электр бағаналары мен желілері, трансформаторлары толық жаңартуға қатысқан.
Осы жылы тапсырылған объектілер қатарында "РЗА" АҚ-ның Қазалы ауданында 184,29 гектар суармалы жер учаскесін құру" жобасының сыртқы объектілерін салу, Жалағаш ауданы Т.Жүргенов ауылының тұрғын үй секторын электрмен жабдықтау, Әйтеке би кентінің электр желілерін реконструкциялау, Қызылорда қаласының көше жарығы құрылысы, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 7 қабатты тұрғын үйлердің инженерлі инфрақұрылымының құрылысы бар.
Жыл соңына дейін Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жақ жағалау бөлігіндегі 12 қабатты 66 пәтерлі тұрғын үйлерді электрмен жабдықтау, Абай облысы, Аягөз ауданы, Ақтоғай кентінде электр беру желісінің құрылысы, Шиелі кентіндегі 10/0,4кВ электр желілерін реконструкциялауды жоспарлап отыр.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА