Қазақстанда мемлекеттік аудиттен кейін тағы 28 шенеунік жазаланды
Аудит ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік саласында жүргізілген

Фото: freepik.com

Фото: freepik.com
Жоғары аудиторлық палата ветеринариялық, фитосанитариялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына мемлекеттік аудит жүргізген. Тексеріс қорытындысы бойынша 28 лауазымды тұлға жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеріс биыл тамыз айында өткен.
«Аудит барысында түрлі заңбұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды. Жоғары аудиторлық палата бюджет және өзге де заңнаманың сақталуын қамтамасыз етпеген қызметкерлердің жауаптылығын қарауды тапсырды. Нәтижесінде 28 жауапты қызметкер әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп мәлімдеді ЖАП.
Аудиттен кейін жазаланған шенеуніктер:
- Ауыл шаруашылығы министрлігі: Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры, ғылыми қамтамасыз ету, ішкі сауда және микрокредиттеуді мониторингтеу басқармаларының басшылары;
- Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті: комитет төрағасының орынбасары, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі және биологиялық қауіпсіздік басқармаларының басшылары, «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК бас директорының орынбасары;
- Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті: комитет төрағасының орынбасары, Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының басшысы, Алматы қаласы бойынша аумақтық инспекцияның бухгалтерлік есеп бөлімінің басшысы;
- «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ: ауыл шаруашылығы өнімдерін есепке алу және сақтау департаментінің директоры, басқарушы директор – басқарма мүшесі;
- Қазақстан егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты: басқарма төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары, бас экономист, бас бухгалтер, майлы дақылдар зертханасының меңгерушісі;
- Қазақстан қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты: бас ғылыми қызметкерлер, бас инженер, Семей филиалының бухгалтері;
- С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті: Ғылым және инновациялар департаменті директорының орынбасары;
- «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы: кредит беру және активтерді басқару департаментінің директоры;
- «Тобыл» ӘКК: инвестициялық жобалар және индустриялық аймақты дамыту департаменті директорының м.а.;
- «Солтүстік» ӘКК және «KOKSHE» ӘКК жауапты қызметкерлері.
ЖАП аудит қорытындысы бойынша берілген басқа да тапсырмалардың орындалуын бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Естеріңізге салайық, бұған дейін ЖАП денсаулық сақтау министрлігі мен оған қарасты ұйымдардың бірқатар басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын хабарлаған еді.













