Ауыл тұрғындарымен АЭС құрылысына қатысты кездесу өтті
Бүгін Құмжиек ауылдық округінің орталығы Қ.Пірімов ауылында жергілікті тұрғындармен елімізде атом электр станциясын салу мәселесі бойынша кездесу өтті. Жиынға арнайы Халықтық штаб мүшелері Қасқырбек Мәмбетжан мен Нұрбек Ақпанбетов қатысты.
Бүгінгі күні елімізде электр қуатын өндірудің негізгі көзі көмірмен жұмыс істейтін зауыттар. Олардың үлесіне елдегі өндірілетін электр энергиясының шамамен 70% келеді.
«Қазіргі кезде электр энергиясымен қамтып отырған станциялардың көпшілігі 70% тозған. Ал электр қуатын тұтынудың жылдық өсімі 3% құрап отыр, яғни жыл сайын артып отыр деген сөз. Осындай жағдайларды ескере отырып, әрекет ету шараларын осы кезден қабылдауымыз қажет. Сондықтан энергия тапшылығын жою үшін атом электр станциясын салу ел ертеңі үшін маңызды қадам болып отыр. АЭС салу және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік бірінші кезектегі мәселе. АЭС құнының 40%-ы қауіпсіздік жүйесіне бағытталады», - деді штаб мүшесі Қасқырбек Мәмбетжан.
Электр қуатының тапшылығы елдің оңтүстік аймақтарында байқалуда. Бүгінде бұл өңірлердегі энергия тапшылығы солтүстіктен келетін ағынмен жабылып келеді. Осыған байланысты атом электр стансасын салу экономикалық тұрғыдан ең тиімді шешім болып табылады. Бұл жайында штаб мүшесі Нұрбек Ақпанбетов ауыл тұрғындарына кеңінен түсіндіріп берді.
Өз кезегінде қауіпсіздік мәселесіне бас мән берілсе деген тұрғындар тиімді әрі таза энергия көзі АЭС құрылысын қолдайтындарын білдірді.