Ауыл тұрғындары АЭС құрылысы бастамасына қолдау білдіруде
АЭС салуды қолдау жөніндегі Қазалы аудандық Халықтық штаб төрағасының орынбасары Талайлы Бөріқұлақов пен штаб мүшесі Нұрғиса Жалғасбаев Бірлік ауылдық тұрғындарымен елімізде атом электр станциясын салу мәселесінің тиімділігін талқылады.
Бүгінгі күні елімізде электр қуатын өндірудің негізгі көзі көмірмен жұмыс істейтін зауыттар. Олардың үлесіне елдегі өндірілетін электр энергиясының шамамен 70% келеді. Бұл туралы штаб мүшесі Нұрғиса Жалғасбаев тоқталды.
«Қазіргі кезде электр энергиясымен қамтып отырған станциялардың көпшілігі 70% тозған. Ал электр қуатын тұтынудың жылдық өсімі 3% құрап отыр, яғни жыл сайын артып отыр деген сөз. Осындай жағдайларды ескере отырып, әрекет ету шараларын осы кезден қабылдауымыз қажет. Сондықтан энергия тапшылығын жою үшін атом электр станциясын салу ел ертеңі үшін маңызды қадам болып отыр», - деді ол өз сөзінде.
Ал штаб төрағасының орынбасары Талайлы Бөріқұлақов атом электр станциясы іске қосылған жағдай электр энергиясының тарифі қалай болады, өсе ме? деген сауалға жауап берді.
«Атом электр станциясында өндірілетін электр энергиясының құны басқа энергия көздерімен салыстырғанда жоғары болмайды, өйткені ондағы отынның бағасы тұрақты және энергия сыйымдылығы жоғары. Сонымен қатар станцияның қызмет ету мерзімі 60 жылды құрайды, оны 80 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар»,- деді Талайлы Бөріқұлақов.
Кездесу соңында ауыл тұрғындары АЭС тиімді әрі таза энергия көзі деген пікірлерін айтып, қолдауға ниетті екендіктерін білдірді.