Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тірлігі толымды Тасарық

Тірлігі толымды Тасарық

Соңғы жылдары Қазалы ауданына қарасты ауылдарда құрылыс, абаттандыру жұмыстары қарқын алып, келбеті көркейіп, елдімекендердің ажары артып келеді. Соның ішінде өзіндік тұрмыс-тіршілігі және мәдениетімен ерекшеленетін ауылдың бірі – Тасарық. Тіршілігі қызу, тірлігі түзу ауылға барып, елдімекеннің тыныс-тіршілігі, кешегі һәм бүгінімен танысып қайтқан едік.

Даму жолындағы жетістік

Тасарық ауылы алғаш КСРО-ның шағында 1966 жылы Бөзкөл совхозына қарасты №1 ферма ретінде құрылды. Ел егемендігін алғаннан кейін де ферма өз жұмысын жалғастырып тұрды. Оны әр жылдары елге еңбегі сіңген азаматтар басқарып келді.
1997 жылы ел тоқырауға ұшырағанда, 33 мың басқа дейін қой өсірген ферма жұмысы тоқтап, Бөзкол ауылдық округіне қарасты «Тасарық» шаруа қожалығы деп қайта жаңғырды. Қожалық 2002 жылы жұмысын тоқтатып, 2005 жылы Тасарық, Бөзкөл ауылдық округінен Лақалы, Тасөткел елдімекендерімен бірге бөлініп, өз алдына ауылдық округ болып құрылды.
Жалпы ауылдық округ бойынша 864 тұрғын болса, барлығы 167 отбасы тұрады. Оның ішінде, экономикалық белсенді халық саны 381, зейнеткерлер саны 56, тылда жұмыс жасағандар 3, батыр аналар 15, көп балалы аналар 54, мектеп жасындағы балалар 193, мектепке дейінгі балалар саны 114 және әртүрлі топтағы 21 ерекше жан мекендеп жатыр.
Округ болып құрылған жылдан бас­тап аумақ инфрақұрылымының аяқ алысына көз ілесе алмады. Дамудың алғашқы қадамының бірі – үш ауылға электр жарығының тартылуы болды. Жарық қуатының келуімен округтің тыныс-тіршілігі жаңа бағытқа ауысып, тұрғындар түрлі тұрмыстық техникалар сатып алып, тіршілігін жеңілдетті. Тіпті азық-түлік дүкеніндегі сақталуы қиын тауар түрлері көбейіп, өзге де тұрғындарға кәсіпкерлік жолын ашты.
2006-2007 жылдары Тасарық, Лақалы ауылдарына қара жәшіктің жаңалық жаршысына айналған ұлттық қос арнаны көрсететін мұнара орнатылып, халық игілігіне берілді.
2008 жылы округке «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының Қазалы аудандық бөлімшесі тарапынан радиотолқынды, сымсыз үй телефоны орнатылып, алыс-жақын елді-мекендермен, тіпті елдің кез келген қалаларымен байланыс орнату мүмкіндігі туды.
Содан соң, жыл санап дамыған ауылда бұрын соңды қос арна болса, 2010 жылы «Отау ТВ» спутникті арналары қосылып ондаған телеарна қосылды. Ал бүгінде округ бойынша 111 отбасы спутникті арналар игілігін көруде.
– Ауылға 2013-2014 жылдар аралығында «Қазақтелеком» АҚ Қазалы аудандық бөлімшесі ауыл халқын сымсыз интернетпен қамтамасыз етіп, әрбір үйге Wi-fi қондырғыларын орнатылды. Бұл өзгеріс әсіресе білім ошағындағы жандардың талмай еңбек пен ізденістегі жұмыстарының жеңілдеуіне септігін тигізді. Одан кейін, көп ұзамай округ орталығына «Beeline» ұялы байланыс желісін тарату антеннасы орнатылып, бүгінде Тасарық пен Тасөткел және Лақалы ауылдары игілігін көріп отыр.
2019 жылы округ орталығы Тасарық ауылына талшықты интернет жүргізіліп, онымен әлеуметтік маңызды нысандар ауылдық округі әкімі аппараты мен №238 орта мектеп және амбулаториялық пункт қамтылды. Жоғары жылдамдықтағы интернет желісі алдағы жылда үш елді мекендегі әрбір үйге қосу жоспарлап отырмыз. Осылайша ауыл тұрғынларының өтінішін қанағаттандырмақпыз.
«Цифрлық Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасы шеңберінде Лақалы елді мекенінде «Актив» ұялы байланыс желісі орнатылып, қазіргі таңда лақалылықтар 3G мобильді интернтті пайдаланып, еш кедергісіз байланыс жасай алатын дәрежеге жетті. 2024-2026 жылдарға талшықты интернет желісін округтегі үш елді мекеннің әрбір үйіне қосу жос­парлануда, – дейді округ әкімі Әлмұхан Ерғалиұлы.
Аудандық «Казпочта» бай­ланыс торабына қарасты ауыл­дық почта бөлімшесі тұрғындарға газет-журналдарды уақытылы таратумен қатар, зейнеткерлер мен мүгедектердің және көп балалы аналардың зейнетақы мен жәрдемақылары дер кезінде мекен жайларына жеткізе алатындай дәре­жеге жеткен.

Тұрғындар игілігін көрер нысан көп

2010 жылы Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Тасарық ауылына 100 орындықты, жаңа екі қабатты мектеп салынып, 2011 жылы 11 сыныптық №238 орта мектеп сонда көшірілген. Қазіргі таңда №238 мектепте 106 оқушы білім алуда. Ал округке қарасты Лақалы ауылында 2016 жылы Республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі екі қабатты 100 орындықты мектептің іргетасы қаланып, 2017 жаңа оқу жылында Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі А.Сағадиевтің қатысуымен ашылу салтанаты өтіп, білім ордасының лентасын министр өзі қиған.
Тасарық ауылдық №238 орта мектеп 1968 жылы 4 сыныптық болып ашылып, Ержанов Шобдар басқарған. Араға бес жыл салып, «Коммунизм» 8 жылдық болып өзгеріп мектеп директорлығына №189 «Қызылқұм» мектебін басқарған Ерғали Кәрібаев тағайындалып 1981 жылға дейін басқарған. Одан бері білім ұясын көзі ашық, көкірегі ояу бірқатар азамат басқарып, білім деңгейінің өсуіне орасан зор үлес қосып, тасын өрге сүйреген. 2021 жылдан бастап, білім ордасын Әлия Талғатбекқызы басқарып келеді. Өз кезегінде Әлия Кеулімжай да №238 орта мектептің гүлденіп, абыройын асқақтатып, білім деңгейін одан әрі күрделендіру жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бұдан бөлек, мектеп жанынан ашылған «Қуаныш» шағын орталығында да балалар зейінін ашуда.
Бұдан бөлек округке қарасты Лақалы ауылында да 1936 жылы Қазалы аудандық ағарту бөлімінің келісімімен бастауыш мектеп ашылды. 1954 жылы құрылысы жаңадан салынып, іске қосылған мектеп жеті жылдық мектепке айналды. 1962-1963 оқу жылында мектеп сегіз жылдық білім беруге кірісті. 1999-2000 жылы тоғыз жылдық мектеп, 2007-2008 оқу жылында он бір жылдық орта мектеп мәртебесін алған.
Білім ордасын 1936-1937 Хаурулла Әбдірахманов, 1937-1939 жылдары Болысбай Сәулебаев сынды басқа да білікті басшылар басқарып келген. Ал 2008-2024 жылдары Серікбол Сансызбаев, биылдың қыркүйек айынан бастап, Ербол Байдилдаев уақытша міндетін атқарушы болып басқарып келеді. Қазіргі таңда білім ордасында 29 мұғалім жұмыс жасаса, 78 оқушы білім алуда. Лақалы ауылындағы №93 орта мектептің жанындағы «Айжұлдыз» шағын орталықтары мектеп жасына дейінгі бөбектерді тәрбиелеуде.
Мектеп құрылысынан бөлек, 2010 жылы Тасарық және Лақалы ауылдарына Республикалық бюджет есебінен, бір уақытта он адамды қабылдай алатын заманауи, жаңадан медициналық бекет салынды. Денсаулық сақтау бекеттері қажетті құрал-жабдықтарымен жабдықталып, бүгінде екі фельдшер, бір мейіркеш қызмет жасауда. Вирустық індетіне қарсы санитарлық талаптар мен күтіну жөнінде халыққа түсіндірме, басқа да түрлі ауруға қарсы егу жұмыстарын уақытылы жүргізіп келеді.
Су – тіршілік көзі. 2009-2010 жылдары округке қарасты үш елді мекенге «Арал-Сарбұлақ» топтық су құбыры арқылы ауыз су кіргізіліп, әр елді мекенге насос стансалары орнатылған. Бүгінде ауылдағы барлық үй мен әлеуметтік нысандарға сервистік жүйемен су кіргізілген. Қазір 167 отбасы мен 7 әлеуметтік нысан ауыз су пайдаланып, игілігін көріп отыр.
Тасарықтық ағайынның тағы бір игілігін көрген нысанның бірі – 2022 жылдың наурыз айында демеушілер есебінен ауыл орталығынан бой көтерген құлшылық орны, мешіттің салынуы болды. Қазіргі таңда мұнда жұма күндері жамағат жиналып, ауылдың имамы мен ақсақалдарының көрегенді әңгімесі мен уағызын қатар тыңдап жүр. Мұнан бөлек бес уақыт намазын да еш ұмытпаған.

Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейген

Округ аудан орталығынан шалғайда орналасса да жан-жақты сабақтастығы үзілмей, экономикалық тұрғыда алға қарыштауда. Соның бір көрінісі ауылдағы кәсіпкерлік саланың өсуі. 2005 жылы Тасарық алғаш округ болып құрылған жылдары ешқандай кәсіпкерлік субъектілері тіркелмеген еді. Қазіргі таңда округ бойынша әртүлі қызметпен айналысатын 42 жеке кәсіпкерлік және 8 шаруа қожалығы бар. Оның барлығы халыққа және өз-өзіне қызмет көрсетуде. «Мақсатбай», «Жасұлан», «Бекқожа», «Рысбаева Манат», «Жақсы Несібе», «Сарым» шару қожалықтары мал басын көбейтумен айналысса, ал «Жанқылыш» шаруа қожалығы тоған ашып балық өсіріп, оны өңдеумен айналысады.
Басқа да 42 кәсіпкердің 3-уі жолаушылар тасымалдауы, 7-уі азық-түлік сату, 2-уі балық аулау ісімен айналысса, қалғаны мал өсірумен айналысады.
Кәсіпкерлердің көбісі мемлекет қабылдаған бағдарламардың арқасында кәсіптерін дөңгелетіп отыр. 2021 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының» екінші бағыты бойынша, 18 жасқа толмаған 4 және оданда көп баласы бар 3 азамат 555 600 теңгеден қайтарымсыз грантқа ие болды.
Ауылдың белді кәсіпкерлерінің бірі – Гүлмира Асанханова. Ол қайтарымсыз грант және өз қаражаты есебінен қажетті жабдықтар сатып алып, шағын нау­байхана ашқан. Бүгінде кәсіпкер ауыл халқын тәтті тоқаш, нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Наубайхананы іске қосуға 2,9 миллион теңге гранты көмек болған. Кәсіпкерлердің көбі мемлекет қабылдаған бағдарламалардың арқасында кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
2023 жылы екі азамат «Өңірлік инновациялық орталық» арқылы 8 миллион, екі азамат КС «Ауыл» ЖШС-і арқылы 29,9 миллион несиеге қол жеткізіп, кәсіптерін дөңгелетуде. 2023 жылдың алты айында 14 кәсіпкерлік субьектісі жаңадан тіркелді. Жалпы ауылдың кәсіпкерлік бағытындағы аяқалысы көңіл қуантады.
– Бұдан бөлек ауылда мал басын көбейтіп, түлетіп отырғандар да бар. Жалпы округ бойынша 1561 бас мүйізді ірі қара, 2850 бас уақ мал, 1357 бас жылқы малы, 8 бас түйе және жүз бас құс бар. Барлық мал басы бірдейлендіріліп, базаға енгізіліп, сырғаланды.
Оның ішінде, 64 бас мүйізді ірі қара, 40 бас уақ мал, 32 бас жылқы «Мақсатбаев» шаруа қожалығының, 35 бас мүйізді ірі қара, 28 бас жылқы «Бекқожа» шаруа қожалығының, 104 бас мүйізді ірі қара, 64 бас жылқы «Жасұлан» шаруа қожалығының, 10 бас жылқы «Сарым» шаруа қожалығының үлесінде.
Тасарық ауылдық округі бойынша ветеринариялық іс-шаралар жоспары жасалып, жоспар бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, халық иелігіндегі барлық мал басы бірдейлендіріліп компьютерлік базаға енгізілген. Биылғы төлдер толық сырғаланып, жұқпалы індеттерге қарсы егу жұмыстары жүргізілді, – дейді ауыл әкімі.

Жыл санап көркейіп келеді

Биыл наурыз айынан бастап ауылдық округі бойынша көркейту-көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Округке қарасты үш елді мекен бойынша барлық қызметкерлері ауыл тазалығын назарда ұстап, сенбілік жұмысына да баса мән беруде.
Қазақтың «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсілін ұстанып, округ бойынша «Ағаш отырғызу» акциясы ұймдастырылған. Онда мекеме мен кәсіпорындар өз ауласына ағаш көшеттері мен қаламшалар отырғызды. Тұрғындар арасында да «Әр үйден бір тал» атты челенджі ұймдастырылып, сол үні тұрғындардың барлығы дерлік ауласына бір ағаш көшеттерінен отырғызды.
Тасарық ауылының кіреберісіндегі, жолдың екі жағындағы «Жасыл белдеу аймағы» бойынша қоршалған бақ, орналасқан жерінің қолайсыздығына байлансты, құнарлы жерге көшіріліген. Қазіргі таңда 200 түп тал көшеттері отырғызылып, күтімге алынды. Лақалы ауылындағы Социалистік еңбек ері – Кәрібоз Әлимаевтың атындағы бақты жердің құнарсыздығына байланысты ыңғайлы жерге көшіру мақсатында жұмыстар да жүргізілуде.
Туған жерден түлеген азаматтар ауылдың кіреберісіне арка тарту еткен. Бұл үрдіс Лақалы ауылында да жалғасын табуда.
Алдағы уақытта қауырсын құбырларды жер астымен жүргізу арқылы ауылды аяқ сумен қамтамасыз ету мәселесі жоспарға қойылған. Биылғы жылы Тасарық ауылының орталық көшесін аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында аудандық бюджеттен қаржы қаралып, бүгінде мемлекеттік сатып алу заңы аясында порталға жарияланды. Жоспар іске асқан жағдайда, Лақалы мен Тасөткел елдімекендеріне аяқ су құбырын жүргізу жұмыстары қолға алынатын болады.
Ауылдық бюджет есебінен Тасарық ауылының орталығына жастар саябағын орнату жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы ауыл жастары бірігіп, саябақ алдына «TUGAN OLKEM TASARYK» монументі орнатқан. Ағымдағы жылда Лақалы ауылы тұрғындарының ұйым­дастыруымен онда «Туған жерім Лақалы» монументі орнатылды.
Көшелерді жарықтандыру мәселесі де шешімін табуда. Тасарық ауылында – 2, Лақалы ауылында – 2 көше түнгі жарық шамдармен қамтамасыз етілген.
Серік АҚМЫРЗА
07 желтоқсан 2024 ж. 381 0

Байқауда бағы жанғандар

11 желтоқсан 2024 ж. 270

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 158

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031