Тасарықты тұрғындар түрлендіруде

Тасарық ауылының кіре берісінде орналасқан жолдың екі жағындағы “Жасыл белдеу аймағы” бойынша қоршалған бақ егілген жердің қолайсыздығына орай құнарлы жерге көшірілді. Лақалы ауылындағы Социалистік еңбек ері Кәрібоз Әлімаевтың атындағы бақты ыңғайлы жерге көшіру қолға алынуда.
Округтегі мекеме, шаруашылық құрылымдары және тұрғындармен қоса есептегенде сенбілікке 206 адам тартылды. Тасарық ауылына, Лақалыға, Тасөткелге барлығы 145 ағаш отырғызылды.
Алдағы уақытта көркейту-көгалдандыру және абаттандыру бойынша Тасарық ауылының жігерлі жігіт ағалары ауылдың кіре берісіне арка орнатуды көздеп отыр. Бүгінде оның іргетасын құю үстінде.
– Аяқ сумен қамтамасыз ету мәселесі тығырыққа тіреуде. Өйткені Тасарықта жердің тегіс болмауынан су жүргізетін арықтарды қазу мүмкіндігі болмай тұр. Осыған сәйкес қауырсын құбырларды жер астымен жүргізу арқылы ауылды аяқсумен қамту жоспарда бар. Күрмеуі қиын жағдайдың шешу жолдары табылса, Лақалы, Тасөткел елді мекендеріне де дәл осылай аяқ су құбырын жүргізу ісі қолға алынатын болады, – дейді Тасарық ауылдық округінің әкімі Әлмұхан Кәрібаев.
Оның айтуынша, ауылдық бюджет есебінен Тасарық ауылының орталығына жастарға арналған саябақ орнату сызбасы әзірленуде. Осы ретте ауыл жастары бірігіп, саябақ алдына “I love Tasaryk” монументін орнатпақ.
Ауылдық округте көркейту-көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары мұнымен бітпей, алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА