Тірлігі толымды Тасарық
Шіркін ауыл деген керемет қой. Әкемнің кезінде “Қаланың тар кеңістігі маған ұнамайды. Мен кең даланың баласымын” дегенін түсінбейтінмін. Оның астарын Тасарық ауылына жол түскенде ұққандаймын.
Әйтеке би кентінен Тасарық ауылдық округі әкімшілігінің әдіскері Ербол “Қазалы” газетінің бетін әрлеп, фото-бейне түсірудің қыр-сырын меңгеріп жүрген Серікпен бірге мені де жеңіл көлігімен Бозкөл ауылына жеткізді. Бұл жерден әрі қарай өзін Әбілхан деп таныстырған Тасарық ауылдық округі әкімінің жүргізушісі “Уаз” автокөлігімен діттеген жерімізге алып кетті. Байқасақ, бұрын құмды болған жолға қиыршық тас төсегеннен машинаның жүруіне тежеу болады. Тек осы маркалы көлік пен “Нива” және “джиптер” ғана жолды әрең еңсереді екен. Онан қалса ойдым-ойдым жерлерден зуылдаған көлік ішінде қаттырақ ұстап отырмасаң салмағың ауыр болса да біраз секіртетіні тағы бар. Осылай 1-2 сағат аралығында Тасарыққа жетіп, ауыл әкімімен жолықтық. Әлмұхан Ерғалиұлы кішіпейіл де, мәдениетті жан екен. Бізді жылы шыраймен қарсы алып, амандық-саулық сұрасқан соң өзінің жұмыс орнына беттедік. Мұнда азды-кем ауыл тіршілігі жайында біраз мәліметтен хабардар болдық.
Ауыл басшысының айтуынша, Тасарықтың табиғаты құс, балық, түз жануарларына өте бай көрінеді. Оған жолай келе жатып көзіміз жетті. Жеңіл көліктің алдынан құлақтары тікірейіп жүгіріп өткен қоянды көріп таңқалғанымды жасырмаймын. Шағын көлшіктерге қонған қасқалдақ пен қырғи және тасбақалар да жиі кездесті.
– Сонау тоқсаныншы жылдары Кеңес Одағы ыдырап, ел Тәуелсіздік алған тұста қой шаруашылығы жабылып, барлық мүлік талан-таражға түсті. Мал саны күрт азайып кетті. Халықта жұмыс пен жалақы жоқ. Содан біразы үдере қалаға қарай қоныс аударды. Ауылды қимағандар өз мекенінен тапжылмады. Дегенмен сол кезде тұрғындарды маңайдағы көлдің көптігінен ондағы балығы мен құсы, түздегі қояны азық болып қыспақтан сақтап қалды, – дейді Тасарық ауылдық округінің әкімі Әлмұхан Кәрібаев.
Жаңғыру жолында...
Ертеректе ауыл алғаш ферма ретінде құрылған уақытында халық мал шаруашылығымен қатар балық аулау, бау-бақша, егін өсірумен де айналысқан. Бақшалыққа су тарту мақсатында тұрғындар ауқымды су жүргізу арықтарын қазған. Көнекөз қариялар жалпыхалықтық жұмыстар кезінде сол жерлерден тастар көп шыққандығын айта жүреді. Бертін келе ол маңды халық тастыарық деп кейін “Тасарық” атауы содан қалыптасқан. Бір қызығы, әлі күнге дейін кейбір жерді аударғанда астынан тастар шығады екен.
Жалпы округ 2005 жылы Бозкөл ауылдық округінен бөлініп құрылған. Құрамында Тасарық, Лақалы, Тасөткел (Отгон) елді мекені бар. Орталығы Тасарық ауылы. Мұнда 2 орта мектеп пен ауылдық клуб және ауылдық кітапхана жұмыс істейді. Сондай-ақ бастауыш мектеп, медициналық бекет, фельдшерлік пункт, почта байланыс бөлімшесі бар. Мұнымен қоса, қос-қостан телеарна орталығы мен байланыс телефон, 3 ауызсу айдау насос стансасы және 35 кәсіпкерлік субьектісі мен 9 шаруа қожалығы халыққа қызмет көрсетуде. Бұл 520 халқы мен 94 үйі бар ауыл үшін жақсы көрсеткіш.
Округте алғаш әкімдік тізгінді ұстаған Құттыбай Аханов аумаққа төрт жыл қызмет еткен. Сонан соң үш жылдай Нәби Үргенішбай басқарса, кейін екі жылға жуық Ақылбек Бөлебай ауыл басшылығын қолға алды. Оның артынша Құттыбай Аханов қайта қызметке келсе, бұдан кейін Болат Қалымбетов және Марат Сұлтамұратов өткен жылға дейін басқарып келді. Ал былтырдан бастап Тасарық ауылдық округі Әлмұхан Кәрібаевтың іскерлігіне сенім білдіріліп тапсырылды.
Негізі Тасарық ауылы кеңес заманында 1966 жылы ең алғаш Бозкөл совхозының №1 қой фермасы болып құрылған. Ферманы әр жылдары елге еңбегі сіңген азаматтар басқарды.
1997 жылы тоқырауға байланысты ферма тараған. Сол жылдар аралығында қой басы ферма бойынша 33000 жеткен деген де дерек сақталған.
Жайылымы малға толған
Қазір аудан орталығынан шалғайда орын тепкен Тасарық халқының жағдайы біршама жақсарған. Соңғы кездері ауыл маңы қайта мал басына тола бастады.
– Округ бойынша 1249 мүйізді ірі қара, 1350 қой, 1475 ешкі, 649 бас жылқы бар. Тек түйе ұстамаймыз. Жан-жағымызда көл көп болғандықтан маса, сона, шыбын-шіркей арқылы ауру өршитіндіктен бұл жануарды ұстау тиімсіз. Жалпы одақ тұсында мұнда 50 мың бас мал болған. Бұл көрсеткішке жетпесе де, жеңілдікпен несие алып қолда бар шаруа қожалықтарын ұлғайту ойда бар, – дейді ауыл басшысы.
Бұған орай мемлекеттік бағдарламаның берері мол. Оның игілігін ауыл тұрғыны көпбалалы 3 отбасы 555600 теңгеден қайтарымсыз грантқа ие болды. Олар 12 бастан барлығы 36 бас уақ мал алып кәсіптерін өрлетуде. Бұдан бөлек Жұмамұрат Бекжанов “Сырдария-1” өңірлік инвестициялық орталығы, микроқаржылық ұйымы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 10 миллион теңге несие алуға ниетті. Ол сиыр өсіру мақсатында бизнес жобасын қорғап, қаржысын күтуде.
Сонымен қатар ауылда әртүрлі қызмет түрімен айналысатын 44 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның 6-уы азық-түлікпен қатар аралас-заттар сатуды қолға алса, 3-уі жолаушылар тасымалымен айналысады. Қалған кәсіпкерлер мал басын көбейту, балық аулау сынды қызметтерді көркейтіп отыр. “Мақсатбай”, “Жасұлан”, “Бекқожа”, “Рысбаева Манат”, “Байділдаева Жұпар”, “Жақсы Несібе”, “Сарым”, “Таласбай” шару қожалықтары мал басын көбейтуді көздесе, “Жанқылыш” қожалығы балық өңдеудің таптырмас шеберлері.
Инновация ел игілігіне
Бүгінде аумақ біраз дамыған. 1995 жылы тоқырау жылдарында ауылдарда электр жарығы ажырап 10 жылға жуық тұрғын білтелі май шаммен отырған. Округ атанған кезде Тасарық, Лақалы, Тасөткел ауылдарына электр жарығы тартылған. Май шамның бейнетінен арылған халықтың тыныс-тіршілігі осы кезде мүлдем басқа бағытқа ауысты. Қуаныш үстіне қуаныш сыйлаған атқамінерлер Тасарық пен Лақалыға “Қазақстан” және “Хабар” телерналарын тарататын мұнаралар орнатқызды. Осылайша жаппай телевизор алған халық соңғы жаңалықтардан хабардар болып, ақпарат алмасу жеделдетілді. Ауыл тұрғындары тұрмыстық техникалар тоңазытқыш, кір жуғыш машина, нан пісіру пештерінің игілігін көрді. Сақталуы қиын азық-түліктің түрлері көбейіп, жаңа дүкендердің ашылуына да септігін тигізді.
Мұнан соң округке “Қазақтелеком” акционерлік қоғамының Қазалы аудандық бөлімшесі тарапынан радиотолқынды, сымсыз үй телефоны құрылды. Соның арқасында алыс-жақын елді мекендермен, тіпті елдің кез келген қалаларымен байланыс орнату мүмкіндігі туды.
2010 жылы ауыл Ұлттық “Отау ТВ” спутнигі арналарына қосылған болатын. Енді бірнеше телеарнаны тамашалап, қалаған бағдарламаларын көруге қол жеткізді. Қазіргі таңда округ бойынша 111 отбасы спутникті арналарды қызықтайды. Ауыл инновациялық тұрғыда дамуы мұнымен тоқтамай “Қазақтелеком” АҚ аудандық бөлімшесі ауылды сымсыз интернетпен қамтамасыз етті. Әрбір шаңыраққа “Wi-fi” қондырғыларын ұсынды. Оқушылар, мұғалімдер жұмыстары мен сабақтарына қатысты мәліметтерді интернет ресурстарынан іздей алатын дәрежеге жетті. Артынша Тасарық ауылына “Билайн” ұялы байланыс желісін тарату антеннасы орнатылып, Тасарықпен қатар Тасөткел, Лақалы ауылдары да оны пайдалануда. Осы күні мобильді интернет жүйесі көпке қол жетімді.
Бүгінде смартфондағы мобильді қосымшалар арқылы алыстағы ағайынмен хабарласып отырған Серік Әлмағамбетұлы сымсыз байланыстың пайдасы зор екендігін жеткізді. Оның айтуынша, қажетті ақпаратты еш қиналмай ұялы телефонның көмегімен алу мүмкіндігі мол. Әрбір басшы ауылға осындай тың жаңалықтарды енгізгеніне тұрғындар атынан алғысы шексіз.
– 2019 жылы округ орталығы Тасарық ауылына талшықты жерасты кабелі арқылы интернет жүргізілді. Бұл арнайы әлеуметтік маңызды нысандар округ әкімдігі ғимараты, мектеп, амбулаториялық пунктіне тартылды. Бір-екі жылдықта талшықты интернет желісін округтегі үш елді мекеннің әрбір үйіне қосу жоспарда бар, – деген ақпарымен бөлісті округ әкімі Ә.Ерғалиұлы.
Айта кеткен жөн, “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өткен жылы Лақалы елді мекенінде “Актив” ұялы байланыс желісі құрылды. Қазір лақалылықтар ауылдың кез келген жерінде мобильді интернетті пайдаланып, кедергісіз байланыс жасай алады.
Тасарықтың жан-жағында жиырмаға жуық көл болғанымен ауылдың көкке орануы қиынға соғып тұр. Себебі орналасқан жері тегіс болмағандықтан аяқсу жүргізілмеген. Бұл мәселені ауыл әкімі ақсақалдармен ойласа келе, оңтайлы жолын қарастыруда. Арнайы құбыр арқылы жер астымен ең жақын көлден аяқсу тартуды жоспарлап отыр. Қажетті құжаттарды дайындап, аудан орталығына ұсыныпты. Енді келісім беріліп, қаржы бөлінсе әрбір үй маңынан аяқсу сарылдап ағатын күн де алыс емес.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА