Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа игіліктерге иек артқан

Жаңа игіліктерге иек артқан

Дұрыс саяси шешімдер қабылдауда зор маңызға ие сала – статистика. Халықаралық талаптар деңгейіне сай дамып келе жатқан аудандағы бөлімге жүктелер жүк ауыр. Әлеуметтік экономикалық деректерді қалыптастыратын қызметтің өткеніне көз жүгіртіп, бүгініне байыптадық.

Өткен күнде белгі бар
Кез келген статистикалық мәлімет ұлттық және әлемдік деңгейдегі бизнес шешім қабылдауда, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің қалыптасуына ықпалдасады. Әсіресе мемлекеттік басқару органдары, халық­аралық ұйымдар, еңбекпен қамту және жұмыссыздық, баға нарығы, инвес­тиция, төлем көрсеткіші, макро, микро экономикалық ақпараттарсыз ешбір ел саяси болжам жасап, болашағын байыптай алмайды.
Қазақстан аумағында тұрақты және орталықтандырылған статистикалық қызмет ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында пайда болды. Тарихқа үңілсек, Үкімет қаулысымен 1920 жылғы 8 қарашадағы Қазақ АССР–нің Статистикалық басқар­масы құрылады.
Алғаш 1947 жылы жұмысын бастаған орган 1954–1959 жылдары аудандық есеп-қисап мекемесі атанған.
Сол кезеңнен бастап ел дамуы мен қоғам көрсеткішін нақты деректер арқылы алға жетелеген сала өз маңызын жойған жоқ.
1988 жылы статистика жөніндегі мемлекеттік комитет болып қайта құрылады.
Онда білікті мамандар жұмыс істеді. Аудандық статистика қызметкерлері бұл саланы жетік меңгеріп, 3 рет республика жеңімпазы, 1 рет одақтық дәрежедегі жеңімпаз болды. Әр жылдары сала көшін алға жетелеген басшылар Өтеулі Қазанқапов, Жүндібай Баянбаев, Орда Матаев, Сахи Бекетов, Жаппарберген Жалғасбаев, Қоянбай Оразалыұлы мен 2011 жылдан мекеме тізгінін ұстап отырған Бақытжан Әлімбайдың өлшеусіз үлесі бар.

Төл дәйек дерекшілері
Тәуелсіз Қазақстанның сындарлы жолдардан өтіп, байыпты болжам жасап, жаңа игіліктерге иек артуында санақшылар атқарған шаруа көп.
Қазақстанның мемлекеттік статистикасы өз қызметін 1992 жылғы 15 сәуірде Женевада БҰҰ-ның Статистикалық комиссиясы мақұлдаған ресми статистиканың негізгі принциптерін басшылыққа алады.
Мемлекеттік статистика жалпы жұрт қабылдаған халықаралық стандарттармен, әдістермен үйлесімді және салыс­тырмалы болуы, статистикалық қызметті жүзеге асыру кезіндегі кәсіптік тәуелсіздік және дербестік, пайдаланушылардың ресми статистикалық ақпаратқа тең­дей қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Алғашқы статистикалық деректердің құпиялылығы және олардың тек қана статистикалық мақсаттар үшін пайдаланылуын қамтиды. Сондай-ақ сапасы, уақытылығы, шығындар және респондеттерге жүктемені ескере отырып, ақпарат дереккөздерінің барлық түрлерін пайдалану, ресми статистикалық ақпараттың дәйектілі, ғылыми негізді, уақытылы берілуі мен жалпыға бірдей қолжетімділігі, статистикалық ақпараттың, алғашқы статистикалық және әкімшілік деректердің сақталуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету принциптерін жүзеге асырады.
Бұл бағытта нәтижелі қызметімен көрініп келе жатқан Қазалы ауданының статистика бөлімі Қызылорда облысының статистика департаменті ҚР статистика комитетінің аумақтық органы ретінде қызмет атқарады. Мемлекеттік органдар, іскер топтар, өңір қоғамын және Республиканы Қызылорда облысының әлеуметтік- экономикалық дамуы туралы обьективті статистикалық ақпараттармен қамтамасыз ету, статистикалық қызмет саласында мемлекеттік саясатты қадағалау және бақылау бойынша басқа да қызметтерді санамалауда қызмет етіп келеді.
1998 жылы желтоқсан айында мемлекеттік статистика комитеті тарайды. Арада бір ай өткен соң, яғни 1999 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасы статистика агенттігінің ақпараттық статистикалық орталығының құрамдас бөлігі болады. Аудандар ақпараттық статистикалық орталыққа, облыс агенттікке қарайды. Ол тұста статистерге тек мемлекеттік статистикалық мәліметтерді жинап, облысқа дер кезінде беру міндеті жүктеледі. Олар кітапша болып шығып, басшы органдарға таратылады. Ал 2004 жылы ақпараттық статистикалық орталығы таратылып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің басқару органдарының оңтайландыру әрі жетілдіру бағдарламасына сай, Қазалы аудандық статистика бөлімі болып қайта құрылады.
2005 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сай статистика органы Қазақстан Республикасы Статистика Агенттігі болып қайта құрылымдалады. Облыстық басқарма Қызылорда облысының статистика департаменті болып, аудандар департаменттің бөлімі атанады.
2009 жылдың қараша айынан бас­тап Қазалы аудандық статистика басқармасы болса, 2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті Қызылорда облысының Статистика депар­таментінің Қазалы ауданының статистика басқармасы болып қайта аталды.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын айтпай жеткізетін мамандар жыл сайын ауданның аталмыш көрсеткіштері жақсарып, халықтың әл-ауқатының артып келе жатқанын айтады. Тәуелсіздік алғаннан бері де оң өзгерістер орын алған. Мал басы молайып, құрылыс, инвестиция, ауыл шаруашылық, сауда демографиялық салаларда күрделі өзгерістер байқалған.
1999 жылы 24 ақпан – 6 наурыз аралығында Қазақстанда Бірінші Ұлттық халық санағы өткізіледі. Саяси науқанды жауаптылықпен атқарған аудан санақшылары санатында кәсіби мамандардан бөлек 300-ден астам адам қосымша тұрғындар тартылады. Бұл санақ қорытындысы ауданда 68900 адам бар екендігін нақтылайды.
2005 жылы Қазақстан мемлекеттік статистикасының 85 жылдығы, 2010 жылы Қазақстан мемлекеттік статистикасының 90 жылдығы мерейтойы аталып өткенде, аудандық статистика басқармасы рейтингілік баға көрсеткіштері бойынша алдыңғы қатардан көрінеді.
2006 – 2007 жылы елімізде тұңғыш рет ауыл шаруашылығы санағы 2 кезеңде өткізіледі. Қорытынды шығарылған кітапша облыс бойынша өзге әріптестерге үлгі етіледі.
2009 жылы ақпан – наурыз айы аралығында екінші Ұлттық санақ өткізілгенде, қалалық жерде 4, ауылдық жерде 3 санақ бөлімі құрылып, саяси маңызы бар күрделі жұмысты ойдағыдай өткізеді. Бұл 2009 жылғы санақ бойынша ауданда қазалылықтардың саны 74730 адамға жеткені туралы дерек анықталады.

Туралық. Нақытылық. Жауаптылық
Туралық, нақтылық, жауаптылық. Осы ұстанымды ұстанатын мұндағы мамандар отыратын орынға ат басын бұрдық. Бұрынғыдай қат-қабат қағаз, кезек күткен адам жоқ. Сапалы қызмет көрсету жолға қойылған. Нақты, тексерілген мәліметті берумен бірге мамандар үнемі ізденісін арттырып отыратынын білдік.
Мекеме басшысы Бақытжан Әлімбайдан бөлек бас маман Дәуірхан Тәжмағамбет, жетекші маман Қасым Әлдебай тәжірибесі көпке үлгі. Сондай-ақ Гүлбақыт Бақбергенова, сұхбатшы Жаңагүл Нағашыбаева, Ләйлә Оспан, Айғаным Аймашева да маманданып үлгерген. Ізденістегі жастар Айдана Жұмамұратова, Ақтоты Төлепберген лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес бөліп берілген есептіліктерді жинақтауға машықтануда.
Бөлім жұмысы заманауи цифрлық жүйеге көшірілген. Интеграция игілігін тұтынуда 2024 жылы есептілік тізім бойынша 10 айда 11841 респондент түскен. 94,5 процент респондент есепті онлайн тапсырса, 608, яғни 5,5 процент есеп қағаз түрінде қабылданған. Олардың 4078-і жылдық, 1769-ы тоқсандық, 5994-і айлық есептер.
Жыл басынан респонденттермен 7 семинар-кеңес, бөлім мамандарымен 6 техникалық оқу өткізілген. 750 кеңес берілген. Телефон арқылы кеңес алу мүмкіндігі жолға қойылған.
Сауалнама жүргілген интервьюрлер жұмысына бақылау орнатылған.
Қаңтар – қазан айларында ауданда әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіш бойынша оң өсім қалыптасқан.
Сандарды сөйлетсек, кент, қала, 19 ауылдық округтегі халық саны – 79183 адам. Әйтеке би кентінде 46000 адам, Қазалы қаласында 7439 адам тұрады.
Заңды тұлға саны – 456, 474 жұмысшы болса, 103 қызметін уақытша тоқтатқан тұрғын бар.
456 шаруа қожалығының 410-ы жұмыс істейді. Тіркелген 4045 жеке кәсіпкердің 3929-ы жұмысын жүргізіп отырса, 116-сы қызметін уақытша тоқтатқан.
Аудан статистері осындай ахуал тұрақтылығы мен құнсыздану деңгейі туралы дайындаған мәліметпен бірге, баламалы дерек көздердің статистикасын да жүргізеді. Әрбір саланы талдаудың өзіндік әдіс-тәсілі, ережелер жиынтығы бар. Мұндағы әр дерек мемлекеттік статистикалық ақпаратты жинау мен өңдеудің орталықтандырған жүйесіне енгізіледі.
Ашық қоғамды қалыптастыруға бағыт алған елдегі барлық тұрғын қажетті мағлұматына қанығуға мүмкіндік қарастырылған. Мәліметтер қолжетіміділігін арттыруға қызмет ететін бөлім мамандардан жан-жақтылықты қажет етеді. Қоғам айнасын айқындаушылардан қазір атқарып жатқан маңызды жұмыстарының бірімен бөлісуді сұрадық.
«Өздеріңізге белгілі, 2025 жылы ауыл шаруашылығы санағын өткізу жоспарланып отыр. Пилоттық санақ аграрлық сектордың дамуына болжам жасау және саланың қазіргі шынайы жағдайы туралы толыққанды ақпарат алуға мүмкіндік тудырады.
Осы жылдың 20 тамыз – 30 қыркүйек аралығында Ғ.Мұратбаев ауылында қанатқақты санақ өткен болатын. Санақты өткізуде жәрдемдесу жөнінде аудандық комиссия құрылып, ҚР ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындалу мен жүргізу жөніндегі іс-шаралар, санақты ақпараттық қамтамасыз ету жөніндегі медиа-жоспар бектілді», – дейді бөлім басшысы Бақытжан Әлімбай.
Санақта Ғ.Мұратбаев ауылының 300 үйі толықтай араланып, толық мәліметтері жинақталған. 1 заңды тұлға, 50 шаруа қожалық, 31 жеке кәсіпкер онлайн есеп тапсырған.
Қашан да қоғам айнасын қалып­тастырып, шешім шығаруға ұйытқы болатын дерек­шілерге артылған міндет көп. Үдеріске үздіксіз үлес қосқан ілкімді ісімен ілгерілеген орында болғанда осыны ұғындық.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
30 қараша 2024 ж. 65 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031