Ереулі атқа ер салмай...
Ж.Жабаев атындағы №234 қазақ орта мектебінің кітапханашылары Мира Садық, Жания Жеткербай, қосымша білім беру маманы Жансерік Сейтенов, ұйымдастырушы-педагог Нұргүл Қожанова, тәлімгер Асылзат Әлеу және аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің бірлесіп, ұйымдастыруымен өр рухты күрескер ақын Махамбет Өтемісұлының туғанына – 220 жылдығына орай «Ереуіл атқа ер салмай...» атты Махамбет оқулары өткізілді.
Байқаудың мақсаты – ақын поэзиясының мазмұны мен мәнін ұғындыру, ондағы азаматтық, отаншылдық рухын сезіндіру, оқушыларға ақынның өз бейнесі мен Махамбет тұлғасын таныту, туған жерді жан аямай Махамбетше сүюге, бабалардың ерлік рухын сезінуге тәрбиелеу, шығармаларын тарихи құндылық ретінде қабылдауға жетелеу.
Байқауға қатысушы талапкерлер елім деп еңіреген қазақтың қайсар ақыны, тәуелсіздік жолындағы батыл күрескері М.Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығынан кеңірек мәлімет бере отырып, ақын өлеңдерін жатқа оқыды.
«Қызылорда облысының тілдерді оқыту» орталығы КММ Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік тілдің оқытушысы Жұбатқан Таңжанов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Ботакөз Тарзан, аудандық «Қазалы» газетінің тілшісі Алтын Қосбармақова әділ-қазылар алқасында мүшелік етті.
Аталмыш шара аясында Айару Ашықбай, Ақжан Серік, Жансель Әзен, Жолбарыс Серік, Нұрилла Серік, Жұлдызай Оңғарбек, Әсел Нәби сынды талапкерлер алғыс хаттармен марапатталды. Ал үздік үштіктің қатарын Аружан Жеңісқызы, Ұлжан Жанұзақ, Бақыт Ақмарал, Нұржігіт Бақытжан және Дидар Әбілғазылар толықтырды. Айзере Амандықова, Жанерке Шабар, Нұршат Темірбектер екінші орынды қанжығасына байласа, бірінші орынды Айару Таласбек, Қызғалдақ Оңбосын иеленді. Байқаудың бас жүлдесін бәрінен дараланған Нұрайым Қайратқызы жеңіп алды.
Жанды сергіткен жыр кешін «Қызылорда облысының тілдерді оқыту» орталығы КММ Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік тілдің оқытушысы Жұбатқан Таңжанов қорытындылап, жеңімпаздарды марапаттады. Барлық қатысушыларға арнайы дипломдар табысталып, сондай ақ жеке кәсіпкер Нұрсұлтан Сыдықұлының демеушілігімен бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Қаракөз СЕРІКҚАЛИҚЫЗЫ