Серілер сынға түсті
Болашаққа сеніммен нық қадам басқан халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен нағыз қазақ жігітінің бойынан табылар асыл қасиетті сіңірген серіні анықтау мақсатта қазалылықтар жыл сайын сайыс өткізуді әдетке айналдырған. Осыған орай жуырда Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің көсемі әрі жалынды жыршы, халқының азаттығын көксеген күрескер, ел бастаған батыр, өр рухты ақын Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығы аясында «Жігіт сұлтаны – 2023» байқауы өтті.
Батылдар байқауында жауырыны қақпақтай, сөзі өткір алмастай, өзіне жеті өнерді аз санаған он бір талапкер үш кезең бойынша бақ сынады.
Оның алғашқысы – «Жігіттің жеті қазынасы». Онда қатысушылар жеребе бойынша әртүрлі тақырыпта бейнероликтер дайындап, таныстырып шықты. «Өнерлі жігіт өрге озар» атты екінші кезеңде Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған сахналық қойылым көрсетіп, қатысушылар өз өнерін паш етті.
Ал «Алысқа шабар жүйрік бол, намысқа шабар жігіт бол» атты кезеңде өр намысты жігіттер спорттық сайыста күш сынасты.
Сынға түскен серілерге аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы, ақын қазылар алқасының төрағасы Есет Табынбаев, аудандық мәдениет орталығының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, әнші, актриса қазылар алқасының мүшесі Айгүл Маратқызы және Қазалы аудандық спорт клубы директорының орынбасары, ұлттық ойындар жаттықтырушысы, қазылар алқасының мүшесі Пайзулла Набиев әділ бағасын берді.
Үш сағатқа созылған үш кезең тәмамдалған соң, әділ қазылар бәсі биік сайыс жеңімпаздарын анықтады. Бас жүлдені һәм ауданның «Жігіттің сұлтаны» атағын Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектеп мұғалімі Ержан Төлеу жеңіп алды. Ал I орынды Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Қанат Сырлыбай иеленсе, II орынды Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Боташ місе тұтып, III орынды Ақсуат ауылының №100 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрлыбек Балғара иеленді.
С.ӘЛИҰЛЫ