Робототехника – жаңа талап, заманауи білім
Қазіргі таңда балалардың IT саласына, роботтар жасауға, құрастыруға деген қызығушылығы ерекше. Барлық білім беру орындарында «Робототехника» үйірмесі жұмыс жасайды. Шығармашыл шәкірттердің заман талабына сай жаңа технологиялардың қыр-сырына қанық болып өсуіне ұстаздар да ерекше атсалысып келеді. Мәселен қырық бес жылдан астам уақыт оқушыларға есігін айқара ашып, дарынын дамытуда сүбелі үлес қосып отырған аудандық оқушылар үйі.
«Білім мен тәрбие егіз» деген ұстанымды ұстап келе жатқан Қазалыдағы қосымша білім беру ұйымының бірі – аудандық оқушылар үйі. Аудандағы пионерлер үйінің іргетасы 1978 жылы қаланып, Совет атқару комитетінің қаулысымен 1978 жылы 1 наурызда ашылды. 1996 жылы «Аудандық оқушылар үйі» болып атауы өзгерді. Бұнда әрбір баланың интеллектуалды дамуына, оның қызығушылығы мен әуестенушілігіне, дарынын көрсетуге, шығармашылық қабілетіне, кәсіби бағдар алуға және де бос уақытында өнердің барлық саласын үйренуге жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыру, қосымша білім және тәрбие беру, оларды жан-жақты дамыту, кәсіби бағдармен бірге қосымша білім беру бағытында еңбек етіп келе жатқан ұжымның үйретері көп.
2023-2024 жаңа оқу жылын Қазалы аудандық оқушылар үйі жаңа қарқынмен бастады. Үйірме мүшелері көркем эстетикалық, сәндік қолданбалы, техникалық, экологиялық, туристик-өлкетану, қоғамдық-гуманитарлық, тілдік, ұлттық ойын бағыттары бойынша білім ала отырып, «Таным шығармашылық», «Бейіндік оқыту», «Көркем өнер», «IT KAZALY» атты төрт бірлестік бойынша жұмыс жүргізеді. Оқушылар үйінде 35 педагог қызмет атқаруда. Оның 33-і жоғары, 2-уі арнаулы білімді мамандар. Жаңа оқу жылында 27 үйірме жұмыс жасап, оларға 27 ұстаз жетекшілік етуде. Үйірмелерге 1205 оқушы қатысады.
Бүгін біз бір ғана «Робототехника» үйірмесі жайында айтпақпыз. Үйірме жетекшісі Қайрат Ораз білікті де білімді маман. Отыз екі жылдан астам уақыт білім беру саласында еңбек етіп келе жатқан Қайрат Кемалұлының және шәкірттерінің жетістіктері жетерлік. Талай мәрте марапат төрінен көрінген ұстаздың соңғы жылдардағы жетістігін ғана жіпке тіздік. Ұстаз «KazRoboSport-2017», «KazRoboProject-2017» чемпионатының облыстық кезеңі аясында өткізілген шеберлік сыныбына қатысқаны үшін облыстық білім басқармасының және Федерация Президентінің Сертификаты, ұйымдастырушылар тарапынан шараға белсене қатысқаны үшін алғыс хат иеленді. Республикалық қосымша білім беру оқу әдістемелік орталығының «Әуе, көлік, кемемодельдеу және ауыл шаруашылығының техникасы» бейнесабақтар интернет байқауы, «Әртүрлі кластағы көлік модельдері (стендтік, жарыс, трассалық) номинациясы бойынша ІІІ орын алды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін үйірме жетекшісі әр жылдары біліктілігін арттырып отырады. Шығармашыл ұстаздың Bilimtime.kz ұстаздарға арналған әдістемелік сайтында «Отбасылар сайысы», «Схема бойынша тізбек құрастыру», «Үйірме сабақтарында оқушыларды техникалық шығармашылыққа баулу» тақырыбында материалдары жарияланған. «Ел-назар» республикалық журналының 2015 жылғы №3 санында «Үйірме сабақтарында оқушыларды техникалық шығармашылыққа баулу» тақырыбында сабағы жарық көрді.
Қайрат Ораздың шәкірттері де осал емес. 2021 жылдың жылдың 8 сәуірі күні аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың (әуе, зымыран, көлік, кеме құрастыру)» республикалық жарысының аудандық кезеңі өткізілді. Жарыстың мақсаты –Қазақстан Республикасында балалардың техникалық шығармашылығын дамыту, тұлғаның шығармашылық құзыреттілігінде бәсекелестік артықшылықтарын қалыптастыру, білім алушылардың өзін-өзі кәсіби анықтауы үшін жағдай жасау. Жарыс ережелеріне сәйкес F-4-В кеме моделін дайындаған «Электротехника» үйірмесінің мүшелері Елдос Жалғасбай мен зымыран модельдерінен S9А – ротошют дайындаған Нұрасыл Бақберген І орын алып, облыстық кезеңге жолдама алды және екі жұмыс республикалық кезеңге жолдама алып, Нұрасыл Бақберген «Алтын зымыран» бағамын иеленді.
«Робототехника» үйірмесінің шәкірттері Қызылорда қаласында «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялар байқауының облыстық кезеңінен «Робототехника» үйірмесінің мүшесі Сартай Тәжібай, Имран Амангелді, Нұрбек Әлихановтар бақ сынап, жүлдегер атанды. «Техникалық шығармашылық және өнертапқыштар», «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың республикалық байқауында аудандық, облыстық кезеңдерде Мәди Аязби, Асанәлі Қайратұлы, Рамазан Оңдабай, Нұрхан Әлиханов топ жарып, жеңімпаз атанды.
Оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында аудан мектептері арасында «Робо турнир – 2024» байқауы ұйымдастырылып, нәтижесінде жеңімпаздар марапатталды. «Техникалық шығармашылық және өнертапқыштар» республикалық жарысының аудандық кезеңінен «Робототехника» үйірмесінен Асанәлі Қайратұлы мен Рамазан Оңдабай бірінші, Данияр Қабыл үшінші орын, Мәди Аязби Алғыс хатқа ие болды. «Робототехника» үйірмесінде «Жанасу датчигі» тақырыбында ашық сабақ өтіп, шәкірттердің шығармашылығын шыңдауда үйірме жетекшісі жан-жақты мәлімет берді.
Бір сөзбен айтқанда, әр үйірменің атқарар рөлі зор. Әр баланың бойындағы талантты тауып, шығармашылыққа баулуда ұстаздардың қаншама еңбегі жатыр. Ел ертеңі – жас ұрпақты жан-жақты білімді, өнерлі етіп өсіруде өлшеусіз үлес қосып отырған ұжымның әлі талай толағай табысқа жетеріне сенім мол.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА