Үйірме үздік болуға үйретеді
«Білім мен тәрбие егіз» деген ұстанымды ұстап келе жатқан Қазалы ауданындағы қосымша білім беру ұйымының бірі – аудандық оқушылар үйі. Аудандағы пионерлер үйінің іргетасы 1978 жылы қаланып, Совет атқару комитетінің қаулысымен 1978 жылы 1 наурызда ашылды. 1996 жылы «Аудандық оқушылар үйі» болып атауы өзгерді. Бұнда әрбір баланың интеллектуалды дамуына, оның қызығушылығы мен әуестенушілігіне, дарынын көрсетуге, шығармашылық қабілетіне, кәсіби бағдар алуға және де бос уақытында өнердің барлық саласын үйренуге жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыру, қосымша білім және тәрбие беру, оларды жан-жақты дамыту, кәсіби бағдармен бірге қосымша білім беру бағытында еңбек етіп келе жатқан ұжымның үйретері көп.
Бұнда майталман мамандар, өз ісінің шеберлері еңбек етеді. Тарихы сонау кеңестік дәуірден бастау алатын оқушылар үйінде өзіндік із қалдырған аяулы ұстаздар, бүгінде бірі ардагер атанса, енді бірі білім саласында әлі де еселі еңбек етіп келеді.Өткенге көз жіберсек, оқушылар үйінің қырық жылдық тарихында әр жылдарда білімді де білікті басшылар Ұзақ Сарсенбаев, Күлайша Сексенбаева, Рүстем Жанай, Нұрлан Бозғұлов, Қази Иманбаев, Марат Құдайбергенов, Арман Әуез, Кенжетай Шамшадинов, Ерлан Өтепбергенов басқарса, қазіргі таңда Сейлхан Бердібекұлы ұжым ұйытқысы болып отыр.
Ұзақ жылдар педагогикалық іс-тәжірибесінің нәтижесінде Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі атағын Күлайша Сексенбаева, Ұлмекен Баекешова, Мерует Ерекешова сынды ұстаздар иемденді. Қырық бес жылдан астам тарихы бар аудандық оқушылар үйінің білім беру саласында алар орны ерекше. 1994 жылы «Үздік қосымша білім беру орталығы», 2004 жылы «Үздік тәрбие ордасы», 2017 жылы «Үлгілі ұжым» аталымын жеңіп алып, үздіктер қатарынан көрінді.
– Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Оқушылар үйінде үйірме мүшелері мектепте алған білімін тереңірек жетілдіріп, дамытып, теориялық білімін практикамен ұштастыруға мүмкіндік алады. Жылдар бойы үйірмеге үздіксіз қатысып, білім мен тәжірибе жинақтап, кәсіби мамандық таңдап, сол мамандықтың майталманы атанған оқушыларымыз баршылық. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Өмірқұл Айниязов, Алтын Айниязова кезінде «Вокал» үйірмесіне қатысып, «Әнші балапан» республикалық балалар байқауында өз өнерлерін ұштаған. «Би» үйірмесінің мүшесі Аида Исаева кейін Астана қаласындағы өнер академиясын тәмамдап, қазіргі таңда «Ерке» тобының белді бишісі әрі жеке әншісі. Сол сияқты «Би» үйірмесіне үзбей қатысып, түрлі байқаулардың жеңімпазы атанған Айгерім Өтеген, Ғани Бекмұрза, Рима Ералы Қызылорда қаласындағы гуманитарлық колледжді тәмамдап, туған жерге оралып, балаларға тәлім-тәрбие беруде. Айдана Тыныбай Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжден дәріс алып, қазір Астана қаласында Мәдениет үйінде би маманы болып қызмет етуде. «Жеке ән» үйірмесінің мүшесі Нұртас Омаров Ақтөбе қаласындағы «Ахмет Жұбанов» атындағы музыкалық колледждің «Вокал» класының жетекшісі, филармония әншісі. Гүлзина Жақсылық бүгінде П.И.Чайковский атындағы консерватория түлегі, Президент оркестрінің жеке әншісі. Сымбат Бұзаубаева Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университет студенті, болашағынан үміт күттірер жас әнші, – деп мақтаныштарын атап өтті мекеме басшысы Сейлхан Бердібекұлы.
2023-2024 жаңа оқу жылын Қазалы аудандық оқушылар үйі жаңа қарқынмен бастады. Үйірме мүшелері көркем эстетикалық, сәндік қолданбалы, техникалық, экологиялық, туристик-өлкетану, қоғамдық-гуманитарлық, тілдік, ұлттық ойын бағыттары бойынша білім ала отырып, «Таным шығармашылық», «Бейіндік оқыту», «Көркем өнер», «IT KAZALY» атты төрт бірлестік бойынша жұмыс жүргізеді.Осы оқу жылында оқушылар үйінде 35 педагог қызмет атқаруда. Оның 33-і жоғары, 2-уі арнаулы білімді мамандар. Жаңа оқу жылында 27 үйірме жұмыс жасап, оларға 27 ұстаз жетекшілік етуде. Үйірмелерге 1205 оқушы қатысады.
Өскелең ұрпаққа айтар ақылы, көрсетер өнегесі көп ұжымның игі істеріне ұйытқы болып жүрген ұстаздар баршылық. Атап айтқанда Арухан Қызылғұл, Бақыт Зарипова, Қайрат Ораз, Мәди Тәңірбергенов, Сарқыт Матай, Алтынай Демеуова, Ұлбосын Алматова, Күлмариям Өтегенова, Жанар Әлішева, Нағима Қарымсақова, Темірхан Дербисалиев, Жанар Еламанова, Жанар Илясова сынды ұстаздар үйірме жұмыстарын қызғылықты ұйымдастырып, балаларға заманауи білім беру үлгісін үйретуде. Оқу жылы 15 қыркүйекте басталып, сол күні дәстүрлі түрде ашық есік күні өткізіліп, үйірме топтары жасақталады.
Жаңа оқу жылының басында ұстаздарға жақсы көңіл күй сыйлайтын, ұжымдастарды сыйластыққа бағыттайтын, жұмысқа жаңаша бағыт, серпін беретін «Қызықты психология», «Досболlike», «Көңілді балақай», «Менің мамандығым», «Баланың бас ұстазы ата-ана» тақырыптарындағы педагог-психолог С.Құрманғалиқызының ұйымдастырған тренинг сабақтары көпшілік көңілінен шығып, берері көп болды.
– Оқушылар үйінде үйірмеге қатысушы жайлы барлық дерек, құжат уақытылы тіркеліп, назарда ұсталады. Жылына ата-аналар үшін жалпы жиналыс екі, ал үйірмелер арасында тоқсанына бір рет ұйымдастырылады. «Қосымша білім беруде ата-аналар ынтымақтастығын арттыру», «Отбасындағы тәрбие», «Әкелер мектебі», «Баланың бейімділігін анықтау» тақырыптарында ата-аналар жиналысы өткізілді. Күзгі каникул кезінде үйірмелер арасында «Алтын күз», «Күз кереметі», «Ойна да ойла», «Бәрін білгім келеді», «Табиғат сенің өз үйің» шараларына оқушылар қызыға қатысып, жеңімпаздар анықталды.
Оқушылар үйінің үйірме жетекшілер мен үйірме мүшелері аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде ұйымдастырылған байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иемденіп келеді. Қызылорда қаласында «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялар байқауының облыстық кезеңінен «Робототехника» үйірмесінің мүшесі Сартай Тәжібай ІІІ орын, Имран Амангелді Алғыс хат, Нұрхан Әлиханов сертификат иеленді.Аудандық мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Жаңа Қазақстан ядролық қарусыз мемлекет» тақырыбындағы аудандық қылқалам шеберлерінің байқауында Аия Мақсұт бас жүлде алды. Қызылорда қаласында «Атадан мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілген «Ақ желең» республикалық байқауының облыстық кезеңінен «Сырлы әуен» үйірмесінің мүшесі Айлуна Еділ, Дарын Матжан екінші орын алып, Алматыда өтетін Халықаралық байқауға қатысуға 50% жеңілдікке және Түркия елінде өтетін байқауға жолдамаға ие болды. Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Педагогикадағы тәлімгерлік: тарихи тәжірибе, заманауи мазмұны мен даму ерекшеліктері» тақырыбындағы аудандық семинарға педагог-психолог С.Матай қатысып, ІІ орынды иеленді. «Табиғат сенің өз үйің» онлаин форматтағы бейнероликтер байқауынан «Атамұра» үйірмесінің жетекшісі Р.Елеева екінші, «Биоәлем» үйірмесінің жетекшісі Ж.Еламанова үшінші орын алды. «Өрлеу» Қызылорда облыстық ұлттық біліктілікті арттыру отралығының ұйымдастыруымен өткен «Ұлтын ұлы биіктерге көтерген тұлға» буктрейлер байқауынан «Сөз өнері» үйірмесінің жетекшісі Ш.Сариева ІІ орын, «Атамұра» үйірмесінің жетекшісі Р.Елеева Алғыс хатқа ие болды. «STEAM-ХХІ ғасыр дағдыларын дамыту» атты биология пәні мұғалімдерінің аудандық конференциясында «Биоәлем» үйірмесінің жетекшісі Ж.Еламанова ІІІ орын алса, облыстық оқу орталығының «Нәтижелі оқыту-білім берудің тенденциялары» республикалық ғылыми-практикалық конференцияда тағы да Ж.Еламанова сертификатқа ие болды. Республикалық қосымша білім беру оқу орталығының қашықтықтан өткізілген «Әдістемелік вернисаж» байқауына әдістемелік жұмыс жолдап, С.Матай, Ж.Әлішева, Н.Оразымбетова серификат алды. Республикалық «Педагогикалық идеялар» байқауының облыстық кезеңіне «Өлкетану» үйірмесінің жетекшісі «Сабақ аяқталған соң» бағыты бойынша қатысып, екінші, республикалық кезеңінен ІІІ орынды иемденіп, үздіктер қатарынан көрінді. Алматы қаласында «Бала шабыты» республикалық балалар конкурсы аясында өткен «Winter Stars» балалар өнер байқауында «Би» үйірмесінің «Балдырған» тобы І орынға дайық деп танылды.
Мекеме оқу жылының басында аудан мектептерімен меморандумға отырып, бірлесе жұмыс жасады. Кенттегі №165 мектепте «Сырлы әуен» үйірмесінің жетекшісі Н.Қарымсақованың ұйымдастыруымен «Жас өркен» хор ұжымы «Егемен елімнің ертеңімін» ІІ республикалық рухани патриоттық балалар өнер байқауынан бас жүлдеге ие болды. Жетекшісі «Үздік жетекші» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен бірге аталған хор ұжымы «Шабыт қанатында» IV республикалық байқауынан бас жүлдені иемденсе, Аружан Жұмағали, Айша Қанай жүлделі І орын тұғырынан көрінді.
– Әріптестеріміздің жеткен жетістігі жетерлік. Олар шыңдаған әрбір шәкірт жоғары деңгейде өнер көрсетіп, аудан абыройын асқақтатып жүр. Ауыз толтырып айтар жеңістеріміздің қатарында «Ақ шағала» республикалық хореографиялық байқауы, «Жеті өнер» республикалық байқауы аясында өткен «Аққу – 2024» республикалық би чемпионаты бар. «Жаңа Қазақстан ядролық қарусыз мемлекет» тақырыбындағы аудандық қылқалам шеберлерінің байқауында «Бейнелеу» (жетекшісі Ғ.Қабылов) үйірмесінің мүшесі Аия Мақсұт бас жүлдеге ие болды. Шымкент қаласында өткен «Қарлығаш» VII Халықаралық балалар шығармашылық өнер байқауында би үйірмесінен «Балдырған І» тобы І, «Балдырған ІІ»тобы ІІ орынды иемденді. Жеке орындаушы Мариям Жақсымұрат бас жүлдегер атанды. Жетекшісі К.Өтегенова «Ұлағат» төсбелгісімен марапатталды. Облыстық «Дарын» оқу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Яссауитану» байқауының аудандық кезеңінен «Туристік өлкетану» үйірмесінен Арман ЖолтайІІ, облыстық кезеңінен ІІІ орын алды. Облыстық «Бозторғай» балалар өнер байқауында «Балдырған І», «Балдырған ІІ» би топтары бақ сынады. «Сырлы әуен» үйірмесінің мүшесі Мерей Қыпшақбай облыстық кезеңге жолдамаға ие болды.
Түркістан қаласында өткен «TURKISTAN city fest» балалар шығармашылығы байқауында «Қыз Жібек» бишілер тобы ГРАН ПРИ жеңіп алды. Жеке орындаушы Мариям Жақсымұрат бас жүлдеге ие болды. Республикалық «Табиғатты аяла» жас өлкетанушылар, экологтар, табиғат зерттеушілерінің аудандық форумына «Сәулет өнері» үйірмесінің мүшесі Назгүл Қожбан бірінші, «Шебер қолдар» үйірмесінің мүшесі Азиза Ілиясова екінші орын иеленді, – деген мекеме басшысы үйірме сабақтарының сапасын арттыру мақсатында ашық сабақтарды жаңаша форматта түрлендіріп ұйымдастыру жолға қойылғандығын ерекше атады.
Әдістемелік бөлім меңгерушісі Арухан Қызылғұлқызының ұтымды да шебер ойластырылған жылдық жоспарына сәйкес, үйірме жетекшілері үйірме сабақтарында түрлі әдіс тәсілдерді пайдалана отырып, қызықты да тартымды етіп өткізеді. «Бағдарламалау негіздері» үйірмесінде (жетекшісі Г.Иманалиева) «Ұялы телефондар арқылы видео өңдеу», «Би» үйірмесінде (жетекшісі К.Утегенова) «Зал ортасындағы экзерсис», «Сәулет өнері» үйірмесінде (жетекшісі Нысанбай Светлана) «Қарапайым үй макетін жасау» тақырыбындағы ашық сабақтардың ұйымдастырылуы ерекше болғандығын да атап өтті Сейлхан Бердібекұлы.
Оқу жылының жарты жылдық қортындысы бойынша «Көркемөнер» бірлестігінде «Бақытты балалық шақ – ертеңгі жарқын болашақ» тақырыбында концерт ұйымдастырылса, кіші залда «Үйірменің үйретері көп» атты оқушылар үйінің өмірінен сыр шертетін көрме жұмыстары қойылды. Сонымен бірге жаңа жыл кезінде түрлі ертегі желісінде ертеңгіліктер қою дәстүрге айналған.Мерекегедайындық жасау мақсатында өткізілген «Жаңа жылдық әшекейлер» байқауында он саусағынан өнер тамған шеберлер туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Қазалы топырағында туып, есімі республика көлеміне таныс болған азаматтарды ұлықтау мақсатында жерлес әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі, өнер майталманы Ғалия Оспановамен «Сырлы әуен» үйірмесінің жетекшісі Н.Қарымсақованың ұйымдастыруымен «Ән әлемінің дариясы, Қазалының Ғалиясы» атты сыр-сұқбат өткізді. Алғыс айту мерекесіне арналған «Шын жүректен алғыс айтамын!» шарасы да көптің көңілінен шықты. Оқушылардың физикалық дамуын, шапшаңдығы мен шымырлығын қалыптастыру мақсатында «Спорт» үйірмесінде (жетекшісі Айдос Расбек) «Шынықсаң шымыр боласың», «Қыс қызықтары»,«Ұлттық ойындар» тақырыптарында спорттық ойындар өткізілді. Республика көлемінде жүргізілген «Тоғыз айға, тоғыз іс шара» бағдарламасынан да тыс қалған емес. Әр айға жасалған жоспар бойынша үйірме мүшелерін жұмылдыра отырып, тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қазіргі таңда балалардың IT саласына, роботтар жасауға, құрастыруға деген қызығушылығы ерекше. Оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында аудан мектептері арасында «Робо турнир – 2024» байқауы ұйымдастырылып, нәтижесінде жеңімпаздар марапатталды. «Техникалық шығармашылық және өнертапқыштар» республикалық жарысының аудандық кезеңінен «Робототехника» үйірмесінен Асанәлі Қайратұлы мен Рамазан Оңдабай бірінші, Данияр Қабыл үшінші орын, Мәди Аязби Алғыс хатқа ие болды. «Көлік модельдеу» үйірмесінен Айдар Сүлеймен І, «Бастауыш техникалық үлгілеу» үйірмесінен Нұрбек Малкайдарұлы үшінші орын иемденсе, жарыстың облыстық кезеңінде Асанәлі Қайратұлы ІІІ орын, Рамазан Оңдасын Алғыс хат алып келді.
Әдістемелік бөлімнің жылдық жоспарына сәйкес «Үздіктен үйрен» педагогикалық шеберлік күндері жыл үздіктері атанған Жанар Әлішева, Күлмариям Өтегенова, Ұлбосын Алматова сынды ұстаздардың әдістемелік жұмыстары, шығармашылық күндері ұйымдастырылып, іс-тәжірибелері таратылды.Үйірме жетекшілерін кәсіби құзіреттілігін жетілдіру, дамыту, шығармашылыққа жетелеу мақсатында 1-10 ақпан күндері тілдік үйірмелер арасында «Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем» тақырыбында онкүндік өз жұмысын бастады. Онкүндік шарасы жоспарында түрлі іс-шаралар, ашық сабақтар, шеберлік сағаттары, көңілді үзілістер, қойылымдар қамтылды. «Радуга» үйірмесінде «Знаки препинания» қойылымы, «Сөз өнері» үйірмесінде «Ұйқас тауып, сөз үйрен» тапқырлық тапсырмалары, «Атамұра» үйірмесінде «Менің идеям, менің тәжірибем» тәжірибе алмасу сағаты, «Полиглот» үйірмесінде «Мәуелі ағаш» пантомимикалық экокөрінісі, «My English» үйірмесінде «Ағылшынша үйренейік» ойын сабағы өткізіліп, оқушылар ерекше қызығушылық танытты. Сонымен қатар оқушылар үйінің әдіскері Эльмира Жетібаева «Тәжірибеге арналған демо-сабақ» тақырыбында үйірме жетекшілері үшін әдістемелік дәріс өткізді.
Ал «Техникалық шығармашылық. Ізденіс. Идея.шеберлік» тақырыбындағы техникалық үйірмелер онкүндігінде «Авиамодельдеу» үйірмесінде Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл тоуына орай «Қаһарлы күндердің қаһарман елестері» кездесу кеші, «Робототехника» үйірмесінде «Жанасу датчигі» ашық сабағы, «Көлік модельдеу» үйірмесінде «Қалдықтан жасалған ғажайыптар» көрмесі, «Бағдарламалау негіздері» үйірмесінде «Замауи мұғалімнің кәсіби шеберлігінде АКТ қолдануы» әдістемелік сабағы; «ЗД модельдеу» үйірмесінде «Ғаламтор көлеңкесіндегі кітап» дебаты, «Бастауыш техникалық жобалау»үйірмесінде «Лего құрастыру» ашық сабағы және үйірмеер арасында «Біз чемпионбыз» спорттық ойындары болды. «Ұлттық өнер- ұрпаққа ұлағат, ұмытылмас асыл қазына»атты кезекті онкүндікте «Алтын ине» «Шебер қолдар» үйірмелерінде «Папье маше» әдісімен ыдыс аяқты ою-өрнекпен әрлеу» ашық сабағы, «Мен және менің отбасым» сайысы, «Этнодизаин»үйірмесінде «Алғыс айту» мерекесіне орай Ашық хат жазудан шеберлік сағаты, «Сәулет өнері» үйірмесінде «Жігіт сұлтаны» сайысы, «Бейнелеу» үйірмесінде «Эбру техникасымен сурет салу» шеберлік сағаты, «Кім жылдам?» көңілді үзіліс ойындары ұйымдастырылып, шәкірттерге ерекше көңіл күй сыйлады. «Қосымша білім болашаққа кәсіби бағдар қалыптастыру негізі» тақыбында табиғат және экология онкүндігінде оқушылардың табиғатқа деген жанашырлығы сезіліп тұрды. «Биоәлем» үйірмесінде «Аралар. Аралардың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызы» ашық сабағы, «Туристік өлкетану» үйірмесінде «Педагогикалық идея педагогтың ізденіс шеберханасы» шеберлік сағаты, «Қорқыт мұрасы» ашық сабақ, «Есептер әлемі» үйірмесінде «Есептеу құпиялары» ашық сабағы, «Гидропоника», «Фитодизайн» үйірмелерінде «Ғажайып ботаника», «Қызықты биология» практикалық лобораториялық жұмыстары, «Алтын сақа» үйірмесінде «Лазер сызықтары», «Ханталапай», «Кім жылдам?», «Қызықты сәттер, көңілді үзілістер», «Супер балалар» ойыны, «Winner жеңімпаз» спорттық ойындары мен «Мен репортермын» жас репортерлар байқауы өткізіліп, жеңімпаз оқушылар марапатталды. Осы онкүндік аясында психолог, медиа-тренер Жәния Жоямергенқызы ұстаздармен өте қызықты психологиялық тренингі өткізді. Бұқаралық бөлім меңгерушісі Бақыт Зарипова сценарийін жазған «Ана қадірі» спектаклі көрермен көзайымына айналды.
«Өнер сүйген, білім сүйген, біз Тәуелсіз ұрпақпыз!» онкүндігінде Педагог-психологтың «Ұстаз – жарқын болашақ иесі» психологиялық тренингі, «Сиқырлы оюлар» үйірмелер арасында арт терапиясы, «Бес тас» ұлттық ойыны, «Қорқыт қобыз» STEAM әдісімен ашық сабақ, «Стол теннисі», «Биле, биле», «Жайдарман және біз» ашық сабақтары, «Ұлттық киімдер шеруі», «Асық ату» ұлттық ойындары, «Толағай» отбасылық спорттық сайысы, «Өнерім саған туған ел!» Тәңірбергеновтер отбасылық концерті, «Әжелер мектебі» шеберлік сағаты, «Айгөлек» бишілер байқауы, «Өнерім бар, биікке жетелеген» К.Өтегенованың шығармашылық кеші ұйымдастырылды.
Наурыз мерекесін ұжым түрлі тағылымды мәні зор іс-шаралармен қарсы алды. Көктемгі каникул кезінде «Тазалық – денсаулық кепілі», «Наурыз нақыштары», «Наурыз поштасы», «Туған ел, қандай көркем!», «Қызықты каникул күндері», «Құстар біздің досымыз» атты іс-шаралар ұйымдастырылып, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге үйірме жетекшілері үлкен үлес қосты.
Қазалы аудандық «Жас ұлан» бірыңғай жастар мен жасөспірімдер қоғамдық қозғалысы ұйымының атқарушы хатшысы А.Демеуованың мектеп тәлімгерлерімен жасаған тығыз байланысының нәтижесінде жасұландықтар жұмысы жақсы жолға қойылған. Жыл басынан бастап мектеп тәлімгерлерінің, «Жас ұлан» ұйымының жүйелі жоспары жасалып, бала тәрбиесіне қажетті бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілді.Түрлі тақырыптарда семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, тәлімгерлерге әдістемелік көмек көрсетіліп келеді. Мектеп тәлімгерлері үшін ұйымдастырылған «Жаңа жобалар – тәлімгерлер шеберлігінде» семинарының тәлімгерлерге берері көп болды.
Астана қаласында өткен «Birgemiz: Bilim» жалпы ұлттық жоба қортындысы бойынша форумда Қазалы аудандық «Жас ұлан бірыңғай балалар мен жасөспірімдер қоғамдық бірлестігі мүшесі Еңлік Сахитқызы ІІІ орын және, 80000 теңге сыйақыға ие болды.«Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының бастамасымен аудан мектептері арасында «Маусымашар – 2024» ойындары өткізіліп, жеңімпаздар «Супер лига» жекпе-жек ойынына жолдама алды.
Бір сөзбен айтқанда, әрбір іс-шараның артында қаншама еңбек пен тер жатыр. Әр баланың бойындағы талантты тауып, шығармашылыққа баулуда ұстаздардың еңбегі зор. Ел ертеңі – жас ұрпақты жан-жақты білімді, өнерлі етіп өсіруде өлшеусіз үлес қосып отырған ұжымның әлі талай толағай табысқа жетеріне сенім мол.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
Коллаж: Қаракөз ЕРМЕКБАЕВА