Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұртшылыққа жылу сыйлағандар

Жұртшылыққа жылу сыйлағандар

Адамның өмір сүру дағдысында жайлылық пен тұрақтылық маңызды орынға ие. Жылу беру – әлеуметтік өзекті мәселе. «Қыс келді дегенше, қиындық келді десейші» дегізбей, тұрғындардың талабынан табылып, мекемелер мен ұжым мүшелерінің қалыпты тірліктерін атқаруына атсалысатын «Қызылордажылуэлектр орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы қызмет етеді. Жылу беру маусымының жай-күйі, ахуалын анықтап, атқарылып жатқан істерімен танысу үшін тілішілер аталған мекемеде болып қайтты.

Қажеттіліктен қалыптасқан кәсіпорын
Кенттегі жылу беру орталығының негізі осыдан отыз жыл бұрын қаланады. 1994 жылы Батыс Қазақстан темір жолының қаржыландыруымен іргесі қаланған мекеме 1996 жылы пайлануға беріледі. Ұзақ жылдар «Қазақстан темір жолы ҰК» акционерлігіне қарасты кәсіпорын уақыт талабына сай құрылымда дербес қызмет етіп келеді.
Нарықтық қоғам талаптарына иек артқан мекеме алдымен Қазалы ауданы әкімдігінің қаулысы бойынша «Қазақстан Республикасы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» және «Мемлекеттік кәсіпорын туралы» заңына сәйкес, «Аудандық тұрғын үй комуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқындағы «Қазалы-Теміржол жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны атауын алған. 2016 жылы «Қызылорда облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бұйрығымен «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК-ның теңгеріміне өткізіліп, «Қызылорда жылу электро орталығы» мекемесінің филиалы болады.
Осы уақыттар аралығында ұжым жылу энергиясын өндіріп, оны бөлу, беру және жабдықтау қызметтерін атқарумен айналысып келеді.

Тұрақтылық пен қуаттылық
Істегі іркіліс мұнда болмады деуге болмайды. Ауа райы, түрлі техникалық, әлеуметтік тапшылық титықтатса да, жұмысын тоқтатпаған жылу тарату мекемесі тарихында талай қиындыққа бетпе-бет келгендерін ұжым мүшелері жасырмайды. Жаңғырған қоғаммен бірге жағдайы жақсарып келе жатқан орталық ісі бүгінде оңтайланған, орныққан мекеменің біріне айналып үлгерген.
Ғимарат жөнделген. Жылу қазандықтары айналасы тап-тұйнақтай. Мұнтаздай орында жұмысшыларға барлық жағдай жасалаған. Қауіпсіздік шарттары қатал талап етіледі. 67 адам тұрақты жұмыс тапқан жерде арнайы киім, қалыпты жұмыс режимі қадағаланады. Бір сәтке босаңсуға болмайды. Күрделі құрылымды тоқтаусыз жүргізу үшін төрт ауысымда аға оператор жұмысты үйлестіреді. Қарамағында оператор, қысым қадағалаушы, су жүйесіне жауапты маман, су жүйелері жағдайын қадағалап, саралайтын зертханашы, электрик болады. Олар жылукөздерінің қолжетімді қуаты туралы толыққанды жүйені қадағалайды.
«Біздегі мамандардың дені тұрақты. Мекеме ашылғанына отыз жылға жуық уақыт өткенімен, оған дейін де салада тер төккен жұмысшылар жетерлік. Олардың бай тәжірибесі өскелең ұрпақ, бүгінгі буын жас жұмысшылар толқыны үшін үлкен өнеге», – дейді филиал директоры Еркінбек Алпысбаев.
Бір кездері ел тұтынған коммуналдық шығынын өтей алмай, оны жинау қиынға соққан тұста, жұмысшы-қызметкерлердің айлық-жалақысы кешіктірілуіне байланысты, жұмысқа тұрушылар тұрақтамағын жағдай бүгін өзгерген. «Қандай мәселе бар?» деп сұрағанда, жеке жағдайын емес, жылу жүйесі жұмысының жандануына жаңаша қолдау, батыл бетбұрыс болса деген базынасымен бөліседі. Қазір «Қызылорда жылу электр орталығына» қарасты «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы 96 мекемені жылумен қамтамасыз етіп отыр. Олардың қатарында 12 теміржол және 61 тараптық, 25 бюджеттік мекеме, сондай-ақ 1035 пәтерді қамтитын 80 көпқабатты және 202 жеке тұрғын үй бар.
Қазандық 1, 662 гектар аумақта орналасқан. Онымен бірге «ДЕ – 16/14-ГМ» маркалы 4 бу қазандығы, 14 орталық жылу тарату пункті, 1 насос станциясы жұмыс істейді. Жылу желісі бекітілген 17,67 шақырымның 8,63 шақырымы магистралды, 9,04 шақырымы кварталаралық. Жобалық жылу өндіру қуаты – 40,96 Гкал/сағ.
400 тонналық мазут сақтайтын екі темір-бетон резервуары бар.
Бу қазандықтары 1995 жылғы пайдалануға берілген. 2016 жылы орталық көгілдір газға қосылған. Табиғи отын көзі өндірістік қуаттылықтың артуына ықпалдасып, экономикалық өзгерістерге өрістетеді. Желілік электр энергиясы сөнгенде не газ болмай қалған жағдайда, жедел автоматты түрде қосылатын қосалқы 450 кВт электр энергиясын өндіретін дизелді электр станциясын қосу жолдары жолға қойылған.

Жоспарланған іс жүйелілікке жетелейді
Жылу тарату орталығының негізгі жұмыстары жылу маусымына әзірлік және маусымды атқарудан тұрады.
Бу қазандығының бас инженері Әмин Әжібайдың айтуынша, 2024 жылы №1,2 қазандықтарына жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
№3, 4 бу қазандығы, d-325мм 200 метр жылу желісіне, 14 жылу тарату пункті, 1 насос станциясы, 28 айналым сорғысы, 4 түтін сорғысы, 4 желдеткіш, 8 жылу алмастырғыш, 4 экономайзер, 2 желілік сорғы, 4 қоректік сорғы, 2 деэаратор, 3 сүзгі мен мазут станциясы және ысырмалы тиектерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. В.Счастнов көшесінде кварталаралық d-150 мм 360 метр жылу желісі салынған. Жүйелі жоспарлар нәтижесінде В.Счастнов, Сереев, Тастайбеков көшелеріндегі 120 абонент жеке және көпқабатты тұрғын үйдің жылу жүйесі қалыпқа түсіп, тұтынушылар алғысына кенелген.
Бүгінгі таңда №3,4 қазандықпен ауа райының сырқы температурасына сәйкес жылу босатылуда. №1,2 қазандық резервте.
Әйтеке би кенті бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған тұрғын үйлер мен әлеуметтік насандарды үздіксіз тұрақты түрде жылумен қамтамасыз етуде бөгеліс жоқ.
Филиалдағы ортақ шаруаның ойдағыдай орындалуына жауапкершілігі жоғары мамандардың қажыр-қуаты жеткілікті. Бас инженер Әмин Әжібай, аға шебер Тимур Дөңесов, жылу жүйесінің шебері Нұрлыбек Дәкібаев, Абылайхан Нұрғабыл, жөндеу шебері Нұрлыбек Ережепов еңбегімен еленген жандар
Бізге белгілі болған жағдайларды ескерсек, кезекті жылу маусымына алаңдайтын негіз жоқ. Отын қоры жеткілікті. Нысан жұмыс істеп тұр. Десе де кезегін күткен, жаңалануы тиіс құбырлар мен қондырғылар, қазандықтар бар. Оларды түбегейлі түзеуге тек тарифті қорғау арқылы күн кешетін құрылымның күші жеткіліксіз.
– Жыл жылдың жүгі басқа. Қыс қыр астында. Жауапты кезеңді лайықты өткізу үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдырудамыз. Аса күрделі деген нүктелер жіті қадағалануда. Дегенмен климаты күрделі, суық ерте түсетін өңірдегі жағдайды дөп басып болжауға болмайды. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, қауіп-қатер төнсе, еңсеруге әзірлік жұмыстары пысықталуда, – деді тұтынушылар сұранысын қамтамасыз етіп, белгіленген міндеттер үдесінен табылып жүрген мекеме тізгінін ұстаған Еркінбек Төреханұлы.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
23 қараша 2024 ж. 43 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 42

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930