Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЭО-ның жайы алаңдатады

ЖЭО-ның жайы алаңдатады

Жұрт жұмыс күндерін сәтті аяқтап, сенбіден жексенбіге қараған түні Екібастұз қаласының жылу жүйесінде үлкен апат орын алды. «Екібастұзжылуэнерго» серіктестігінің 4 бірдей қазандығы істен шығып, толассыз ыстық су ысырап болды. Ең сорақысы, қаладағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, кәсіпорындар түнгі сағат 1:30-дың кезінде 30 С аязда жылусыз қалды. Келесі күні пәтерлердегі мұз қатқан жылу батареялары жарылып, үйлерді су басты. Электр пештері шамадан тыс қосылғандықтан, жарық жиі сөніп, алай-дүлей мәселелер пайда болды. Бұл қоғамдық деңгейде резонанс тудырып, мәселе Үкімет назарына жетті.
Қазалы ауданында да көптеген нысан жылу жүйесіне қосылғандықтан көне қазандықтардан аяқ асты ақау табылуы ғажап емес. Қыстыгүні шаңыраққа жылу беру ісімен «ҚызылордаЖылуЭлектро» орталығының «ҚазалыТеміржолжылу» филиалы айналысып отыр. Айта кету керек, тораптық бу қазандығы жылу желілерімен қоса Батыс Қазақстан темір жолының есебінен 1994 жылы құрылысы басталып, 1996 жылы пайдалануға берілген. Сол тұста «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-на қарасты теміржол мекемелерінің құрамында жұмыс істеп келді. 2006 жылы Қызылорда облысының коммунальдық меншігіне беріліп, көп ұзамай аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің шаруашылық жүргізу құқындағы «Қазалы-Теміржолжылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып құрылды. 2016 жылы ғана «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның меншігіне беріліп, осы күнге дейін қазалылықтарға абыройлы қызмет етіп келеді.
Аудан орталығының қай тұсынан қарасаңыз да будақтаған түтіні менмұндалап тұратын биік мұржаның айналасында жүзге жуық азамат нәпақасын айырып отыр. Оның 23-і қыс басталып, қырау түскенде маусымдық жұмысқа тартылады. Олар 3 үлкен қазандықтың қалтқысыз қызмет етуі үшін бабын жасайды. Күн-райының температуралық кестесіне сәйкес тұрақты және үздіксіз жылу берумен айналысады. Құдай басқа салмасын, қазандықтың бірінен ақау пайда бола қалса, резервтегі қазандықты іске қосулары тиіс. Бұл аудан орталығындағы мекемелердің, тұрғын үйлердің, әрі-беріден кейін тұрғындардың жайлылығы үшін жасалып жатқан жауапты жұмыс.
Айтуды ұмытып барамыз, Әйтеке би кентінде филиалдың орталықтандырылған жылу жүйесіне 98 мекеме қосылған. Оның 12-сі теміржол, 61-і тараптық және 25 бюджетке қарасты мекемелерді құрайды. Сонымен қатар 5 және 2 этажды 74 көпқабатты және 203 жеке тұрғын үйге жылу тасиды. Мамандар мұнша нысанды жылумен қамту қазандыққа аз салмақ емесін айтады. Нақтылық үшін көрсетейік, жылу қазандығы 1,662 гектар жерге орналастырылған. Филиалдың теңгерімінде ДЕ-16/14ГМ маркалы 4 бу қазандары жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ мазут сақтайтын сыйымдылығы 400 тонналық 2 темір-бетон резервуары бар. Қазандықтың пайдаланатын негізгі отыны табиғи газ болса да, резервте мазут отынынының қоры жинақталған.
– Әрине, Екібастұзда орын алған олқылық кез келген уақытта, кез келген жылу тарату орталығында орын алуы мүмкін. Себебі елдегі көптеген қазандық көнерген. Соған сәйкес, «Қазалы теміржолжылу» филиаланың қазандығын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Оның жоба-сметалық құжаттарын «Қаз Нұр жобалау құрылыс институты» серіктестігі әзірлеп жатыр. Облыстағы басшылық та көнерген құрылғыларды жаңартуға байланысты ұсыныс беруді сұрап отыр. Көп ұзамай жергілікті жылу қазандықтарының техникалық жағдайы жақсартылатын болады, – дейді орталық директоры Еркінбек Алпысбаев.
Көршінің үйі өртенсе, малдың басын үйітіп алуға жүгіретін қазақ жоқ. Екібастұздағы халыққа қазалылықтар да жылу жинап жатқанын естідік. Осы тұста жылу маусымында ара-тұра жергілікті нысандардан да олқылық байқалып тұратынын жоққа шығаруға болмайды. Керісінше, болған оқиғадан сабақ алып, көзге көрінген кемшілікті жоюға жұмыс істеуіміз керек. Қыстан мал-жан аман шықсын, ағайын!

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
03 желтоқсан 2022 ж. 248 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 46

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930