Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жылу беру жүйесінде іркіліс жоқ

Жылу беру жүйесінде іркіліс жоқ

Аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі әлеуметтік нысандар мен мекеме-кәсіпорындарға, көпқабатты тұрғын үйлерге жылу жеткізіп беру «Қызылорда жылу электрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының «Қазалы-Теміржолжылу» филиалына жүктелген. Бүгінгі таңда қажетті қондырғылары табиғи газға толық қосылған ұжымда биылғы жылу беру маусымы Қазалы ауданы әкімінің өкіміне сәйкес, 2017 жылдың 12 қазанынан басталды.
Осы орайда біз филиал директоры Нұрылда Әбілдаевқа жолығып, мекеменің тыныс-тіршілігі туралы әңгімелескен едік.

– Нұрылда Қалдашұлы, алдымен өзіңіз басқаратын мекеменің тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз...
– Біздің мекеменің құрылымы соңғы уақытта көп өзгерістерге ұшырады. Бұрын теміржолға қарайтын болсақ, кейін жергілікті жерге бағынатын болдық. Ал бүгінгі күні облыстағы «Қызылорда жылу электрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының филиалымыз.
Нақтырақ айтатын болсақ, Әйтеке би кентінде тораптық бу қазандығы желілерімен қоса, Батыс Қазақстан темір жолының есебінен салынып, «Қазақстан темір жолы ҰҚ» АҚ-на қарасты теміржол мекемелерінің құрамында жұмыс істеп келді. Қазақстан Республикасының темір жол көлігін қайта құрылымдаудың 2004-2006 жылдардағы бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 6 ақпандағы №145 қаулысына сәйкес 2006 жылы Қазалы ауданы әкімдігінің қаулысы бойынша «Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қазалы-Теміржолжылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып құрылып, өз жұмысын 2007 жылы 1 қаңтарынан бастады.
Қызылорда облыс әкімінің 2016 жылғы 29 ақпандағы №354 қаулысына сәйкес облыстық меншікке беріліп, Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының шаруашылық жүргізу құқы¬ғындағы «Қызылорда жылу электрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы болып қайта құрылды.
Кәсіпорын жылу энергиясын өндіру, бөлу және жабдықтау қызметтері бойынша жұмыс жасайды. Филиал теңгерімінде ДЕ-16/14-ГМ маркалы 4 бу қазандығы, 1 насос станциясы, 14 ОЖТП (жылу тарату пункті), 35344 метр жылу желісі бар.
Алдағы 2017-2018 жылдардағы жылу беру мау¬сымына жылу көздері мен жылу жүйелерін сапалы және уақытында дайындау мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстарының іс-жоспарға сәйкес бу қазандықтары мен қосалқы жабдықтары 1 насос станциясы 14 жылу тарату пункті, 420 метр жылу желісі ауыстырылып, сыртқы изоляциясы ағымдағы жөндеуден өткізілді.
– «Қазалы-Теміржолжылу» филиалының жылу жүйесін бүгінгі таңда қандай мекемелер тұтынып келеді?
– Филиал бүгінгі күнге 3 бес қабатты, 46 екі қабатты, 184 жеке тұрғын үйлерді және 23 бюджеттік, 12 теміржол және 65 тараптық мекемелерін, 2 мешітті орталықтандырылған жылу энергиясымен қамтамасыз етуде.
«Әйтеке би кентінің жылу беру аясын кеңейту» жобасы бойынша 12 әлеуметтік нысан, «Мелиоратор» мөлтек ауданында «Жаңа қала» ПИК-ке қарасты 23 екі қабатты тұрғын үйлер жылу жүйесіне қосылды. Жылу жүйесіне қосылуға тиісті республикалық, облыстық бюджеттен қаржыландыратын мекемелер қазынашылық банкі, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы, мен Қазалы аудандық ішкі істер бөлімі, «Халық банкі», «Қазпочта», «Қазақтелеком» акционерлік қоғамдары аудандағы бөлімдерінің қаржы мәселесі шешімін таппауда.
2017 жылдың басында ауданымызда ауа райының келеңсіз жағдайынан қаңтар айының 9-10 жұлдызы аралығында электр қуаты болған жоқ. Осыған орай, бізде 9 қаңтар күні сағат 19:45-те электр энергиясы сөніп, 2 сағат 55 минуттан кейін, яғни сағат 22:00-де «Қазалы электрмен жабдықтау дистанциясы ЭЧ-25» мекемесінің қосымша дизель – генераторы іске қосылып, электр қуаты берілді. Әрі қарай бу қазандықтары жұмыс істеп, жылу тарату пункттеріне (ОЖТП) орнатылған қосымша дизель-генераторлары арқылы электр қуаты беріліп, Әйтеке би кентінде филиалдан жылу энергиясын тұтынатын тұтынушылар, жеке тұрғын үйлер жылумен қаматамыз етіліп, авариялық жағдай орын алған жоқ. Осыған орай, бізге қиын сәтте қол ұшын берген «Қазалы электрмен жабдықтау дистанциясы ЭЧ-25» мекемесінің басшысы Асқар Әлмағамбетовке алғысымыз шексіз.
Ауа райының келеңсіздігінен электр энергиясы ұзақ уақытқа сөнген жағдайда, бу қазандықтары тоқтап, жылу желілері қатып, мекемелер мен кәсіпорындарды, әлеуметтік нысандарды, балабақша, мектептер және жеке тұрғындарды жылу энергиясымен қамтамасыз ету мүмкін болмай, оның арты апаттық жағдайға апаратыны белгілі. Осыған байланысты, «Қазалы-Теміржолжылу» филиалына 450 кВт электр қуатын өндіретін қосымша дизель-генератор агрегатын (ДГА) алуға ықпал жасауын сұрап облыс, аудан көлемінде басшыларға хаттар жолданды. Алайда бұл мәселе қаржы тапшылығына байланысты бүгінгі күнге дейін өз шешімін таппай келеді.
– Ауданымыздағы 5 бес қабатты және «Мелиоратор» мөлтек ауданындағы екі қабатты тұрғын үйлерде қандай пәтер иелері кооперативтері жұмыс жасайды?
– Әйтеке би кентінде «Сұлутам», «Жаңа қала» ПИК-тері жұмыс жасайды. Бұған дейін жылу беру мәселесіне байланысты түсініспеушіліктер болды. Бүгінгі күні көпқабатты үйлердің тұрғындарымен жеке-жеке келісім-шартқа отырғанбыз.
ҚР Энергетика министрлігінің 2014 жылғы 18 желтоқсанындағы №211 бұйрығымен бекітілген «Жылу энергиясын пайдалану қағидаларын бекіту туралы» ережесінің 11-бөлігі 62-тармағына сәйкес «...Пәтер иелері кооперативі (ПИК) немесе кондоминиум объектісін басқару органы басқаруындағы көп пәтерлі тұрғын үйлердегі тұтынушы мен энергия беруші ұйымының арасындағы пайдалану жауапкершілігінің шекарасы жылу энергиясы көзі тарапынан басқару торабының кіру ысырмаларының бірінші бөлу ернемегі немесе дәнекерлі тігіс бойынша анықталады» деп көрсетілген. Яғни, жылу энергиясын жеткізуші «Қазалы – Теміржолжылу» филиалы өзінің жылу жүйелері арқылы жылуды көпқабатты үйдегі бірінші ысырмасына (задвижкасына) дейін келісілген температуралық режимде жеткізіп береді. Әрі қарай әр пәтерге жылу энергиясын жеткізу пәтер иелері кооперативі немесе кондоминиум объектісін басқару органының «ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 32-бабына сәйкес міндетіне кіреді.
Ереже нормативтерін жылу беруші де, оны пайдаланушы да, қысқасы, барлық тұтынушы басшылыққа алып жұмыс істеу қажет. Бұл ережеде мынандай тармақтары бар. Кондоминиум нысанын басқарушы заңды тұлғалар жылу қондырғыларына өздері қызмет жасайды. Тұтынушы (ПИК) пәтер иелері қосалқы тұтынушының жылу жүйесіне қосылуына және жылу беруші мекемемен келісім-шартқа отыруына кедергі жасамайды.
Жылу жүйесінің тұрақты және қалыпты жұмыс істеп тұруы үшін тұтынушыға рұқсат етілмейтін жағдайлар бар. Оның бірі – жылу жүйесіндегі ыстық суды басқа мақсаттарға пайдалану (жылу жүйесі мен приборлардан суды ағызып алу), насос қондырғыларын орнату.
Пәтер иелері үйлерінде жылу өз деңгейінде болмауы себепті жүйеден суды ағызып алатын болса, «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы соның салдарынан оның температурасын қалыпты деңгейге көтере алмай жатады.
Тұрғындардың үй ішіндегі жылу жүйесінен ыстық суды ағызуы кесірінен біз орталықтағы қазандықтарды үстемелеп толтырамыз. Оны қайтадан жылыту барысында қаншама газ бен суды артық жұмсап, ысырап жасауға мәжбүр боламыз. Ал, біз өзіміздің жылу жүйесі арқылы жылуды көпқабатты үйдегі элеватор торабының бірінші ысырмасына дейін келісілген температуралық режимде жеткізіп беріп отырмыз.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Әңгімелескен,
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.
28 қараша 2017 ж. 3 008 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031