Қыстың қамын жаз ойла
Аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі әлеуметтік нысандар мен мекеме-кәсіпорындарға, көпқабатты тұрғын үйлерге жылу жеткізіп беру «Қызылорда жылу электрорталығы» кәсіпорнының «Қазалы-Теміржолжылу» филиалына жүктелген. Қажетті қондырғылары табиғи газға толық қосылған ұжымда жылу беру маусымы әдеттегідей қазан айында басталмақ. Мұндағылар күн суытып, айналаны аяз қысқанда жұртшылыққа жылу сыйлайды. Қабағы қатулы қоңыр күз, қылышты қыс қыр астында тұр. Соның себебінен мекеме дайындығын көріп, ұжымның тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Әйтеке би кентінде тораптық бу қазандығы құрылысы жылу желілерімен бірге Батыс Қазақстан темір жолының қаржыландыруы арқасында 1994 жылы басталып, 1995 жылы пайдалануға берілген. Содан бері «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-на қарасты теміржол мекемелері құрамында жүйелі жұмыс істеп келеді. Тұтынушылар сұранысын қамтамасыз етіп, белгіленген міндеттер үдесінен табылды. Жылдар өте келе өзгелердей бұл ұжым да нарықтық реформа талаптарын айналып өте алмады. Сөйтіп түрлі құрылымдық сатыларды бастан кешірді.
Қазалы ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 10 қарашадағы қаулысы бойынша «Қазақстан Республикасы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» және «Мемлекеттік кәсіпорын туралы» заңына сәйкес қайта құрылды. Екі айға жетпей «Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қазалы – Теміржолжылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына айналды.
Бұдан соң тағы да «Қызылорда облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бұйрығымен «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның теңгеріміне берілді. Сол арқылы қазіргі таңда «Қызылордажылуэлектроорталығы» мекемесінің «Қазалы – Теміржолжылу» филиалы деп аталуда. Жылу энергиясын өндіру, бөлу, беру және жабдықтау қызметтерін атқарумен айналысатын жауапты ұжым іргетасы қаланғалы бері осындай өмір өткелдерінен өтті. Бұл ұлық жолдың әлі де жақсылықтармен толығып, жалғаса берері анық. Өйткені қақаған суықта қаншама мекеме мен тұрғындардың үйін уақытылы жылытып отыр.
Бүгінде «Қазалы-Теміржолжылу» филиалының теңгерімінде ДЕ-16/14ГМ маркалы 4 бу қазандары орналасқан. Бір қазанның жылу өндіру қуаты – 10,24 Гкал/сағат, жалпы жобалық қуаты – 40,96 Гкал/сағ, 1 насос станциясы, 14 орталық жылу тарату пункті, 35,344 шақырым жылу желісі 2 желіде бар. Бұған қоса мазут сақтайтын сыйымдылығы 400 тонналық 2 дана темір-бетон резервуары бар. Филиалдың орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы 98 мекеме, 12 теміржол, 61 тараптық және 25 бюджеттік мекеме, 74 КҚТҮ және 203 жеке тұрғын үй жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Негізгі пайдаланылатын отын түрі – табиғи газ. Дегенмен тәртіп бойынша резервте 288 тонна мазут отын қорын сақтауда. Қыстың қамын жаз сайлайтын мекеме жыл сайын жылу беру маусымына алдын ала дайындалады.
– Енді 2022-2023 жылғы жылу беру маусымына дайындық мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстарының кестесіне сәйкес №1, 2, 3, 4 қазандарға және қосалқы жабдықтарға, оның ішінде желілік, қоректік сорғыларына, желдеткіштерге, түтін сорғыштарға, газ жүйесіне, ысырма, вентильдерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге диаметрі 150 мм және 200 мм 8 дана ысырма алынып ауыстырылды, – дейді «Қызылорда жылу электрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының «Қазалы-Теміржолжылу» филиалының бас инженері Нұрылда Байсақалов.
Бас инженердің мәлімдеуінше, басқа да көптеген іс атқарылды. Атап айтқанда, магистральды жылу құбырының 400 метрінің жылу оқшауы қалпына келтірілді. Мелиоратор мөлтек ауданындағы, Жанқожа батыр, Қ.Пірімов, Әйтеке би, М.Шоқай, С.Сейфуллин орталық көшелеріндегі жылу құбырының темір бетоны және темір тіреулері сырланып-әктелді. Сондай-ақ жылу тарату орталықтарына ағымдағы жұмыстары жүргізілді. Филиал бойынша ағымдағы жөндеу шаралары 100 процент орындалды.
«Қызылорда жылу электрорталығы» кәсіпорнының «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы толықтай автоматтандырылған жүйеге көшкен. Қазір мерзімді кезеңді қоса есептегенде 90 адам жұмыс істейді. Негізгі қызметті 68 маман атқарады. Олардан 9-ы әкімшілік құрамда. Әрқайсысының түсін-түстейтін болсақ, «Қызылорда жылу электрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы директоры Еркінбек Алпысбаев, бас инженер Нұрылда Байсақалов, бас есепші Ырысбек Дәкібаев, жетекші инженер Мейрамбек Жақып, экономист Сәкен Райым, жылу инженері Ербол Рахметов, есепші Тұрсын Сапарбаева, қауіпсіздік инженері Мейрамбек Ерешов, заңгер және кадр бөлімінің маманы Нұрсұлтан Нұрғабылов қазалылықтарға қалтқысыз қызмет көрсетеді. Ал бу қазандығының аға шебері Әбен Әжібай осы мекемедегі жұмыстың жүйелі жүруіне жауапты тұлға. Жөндеу жұмысының шебері Тимур Дөңесов қазандық пен насос істен шыққан жағдайда жөнге келтіреді. Мұнда 4 ауысым бойынша 28 адам күн-түн аудандағы жылу жүйесіне жауап береді. Әр ауысымда 7 адамнан, яғни кезекші аға оператор, 4 қазандықты бақылап отыратын оператор, қазандықтың қоректік суын дайындайтын су дайындау бөлімінің маманы, лаборант, электрик, мазут бөлімінің машинисті және күзетші болады. Су дайындау бөлімінің маманы қазандықтың қоректік суын дайындап, оның дұрыстығын қадағалайды. Күніне 1 қазандыққа 13 тонна су құйылады. Мамандардың айтуынша, әркез 40-50 тоннадай су қолданылады. Ал қазандыққа жіберілетін су лабораториялық тексеруден өткізіледі. Құрамында зиянды заттар болмауы керек. Екі сағат сайын қаралады. Зертхана меңгерушісі Зина Адиева қарамағындағы Дәметкен Сембаева мен Лиза Ахметуллаева және Мөлдір Сембаевалармен қойын-қолтық жұмыс істейді. Қазандықтарға суды Арал-Сарбұлақ бөлімінен келісімшартпен алып тұрады.
– Осы жылдың 1 тамызынан бастап газдың бағасы төмендеді. Осыған орай тарифке жеңілдік енді. Алдағы уақытта жылу энергиясының бағасы заңды және жеке тұлғалар үшін төмендеді, – дейді «Қызылорда жылу электрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының «Қазалы-Теміржолжылу» филиалының экономисті Райым Сәкен.
Сонымен қатар ауысымдық орталық тарату пунктері бар. Оған уақытша 6 ай мерзімге мамандар алынады. Жылу тарату желісі бойынша 2 шебер аянбай тер төгеді. Олар электрлі дәнекерлеуші, электрик, жөндеуші слесарь қызметін атқарады. Бұл жұмысшыларға басшылық ететін және негізгі жұмысты атқаратын Нұрлыбек Дәкібаев пен Жанай Нұрлан. Қыс мезгілінде апаттық жағдай болса, кезекші оператор журналға тіркеп, хабар береді. Содан соң авариялық топ ақауды реттейді.
– Соңғы уақыттары Қазалыдағы пәтер иелерінің арасында түсініспеушілік жылда туындайды. Міндеттемені бізге жүктегісі келеді. Бірақ тұрғындар өз тарапынан дайындық жұмысын жүргізуі қажет. Ертеңгі күні ақау жөнделмеген жағдайда жылу беру жүйесіне кедергісін келтіреді, – дейді Нұрылда Байсақалов.
Қазіргі таңда Қазалы теміржол жылу мекемесі ҚР Энергетика министрінің бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу жұмыстарына құжаттар әзірлеуде.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА