“ҮЛГІЛІ АУЫЛ”: тынымсыз еңбек, тындырымды тірлік
Ауыл – қазақтың күретамыры. Салт-дәстүр, мәдениеттің сарқылмас мол қоры ауылда сақталып келеді десек, артық айтқандық емес. Уақыт көшіне ілесіп, өркендеп, дамып келе жатқан елді мекен аз емес. Түрлі мәдени ошақ орналасқан, инфрақұрылым жетілдірілген елді мекенің бірі – Қазалы ауданына қарасты Өркендеу ауылдық окргуі. Тарихы тереңнен сыр шертетін киелі мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі көпке үлгі боларлықтай. Жазда жасыл желегімен көз сүйсінтер өңірдің ел аузында ертегідей айтылып жүрген өз тарихы бар. Заманында жыландар мекені аталған Жанкенттің қазіргі әлеуеттік жағдайы қандай? Газетіміздің кезекті санында тынымсыз еңбек ететін тұрғындардың тындырымды тірлігі туралы жазуды жөн көрдік.
Жанкент аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта, Ұлы Жібек жолы басып өтетін, түркі елдеріне ортақ тұлға Қорқыт баба бен әлемге «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр Әл-Фараби мекендеген Жанкент шаһары маңында орналасқан. Бертін келе «Өркенді», «Екпінді», «Жанкент», «Чкалов» колхоздарының бірігуінен пайда болған. 1950 жылы ВКП (б) Орталық комитетінің қаулысы бойынша 4 колхоз ірілендіріп, біріктіліріп, Ф.Энгельс колхозы құрылды. Колхоздың басқармасы болып, Әбілда Тобаев сайланды. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын дамыту үшін колхоз мүшелері аянбай еңбек етеді. Сол жылдары күріштен мол өнім алған колхоз мүшесі, даңғайыр дихан Иса Жарылқағанов «Ленин» орденімен марапатталады.
1963 жылы Ф.Энгельс, М.Горький және Жданов колхоздары біріктіріліп, Ф.Энгельс совхозы құрылып, орталығы Қожабақы елді мекенінде болды. Жанкент ауылы Ф.Энгельс совхозының бөлімшесі болып жұмысын жалғастырады. 1968 жылы КПСС орталық комитетінің қаулысымен Ф.Энгельс совхозынан бөлініп, өз алдына дербес Өркендеу совхозы болып құрылады. 2018 жылы Қызылорда облысы әкімдігінің қаулысы, Қызылорда облыстық мәслихатының шешімімен Өркендеу ауылының атауы «Жанкент» ауылы болып өзгертілді. Округ орталығында тұрғылықты 1324 адам, 252 үйде 319 отбасы тұрады. Ауылдық округ бойынша елді мекенде ауыл әкімшілігі, мектеп 250 оқушыға арналған, бөбекжай балабақшасы 90 орынды, ауылдық мәдениет үйі 150 орынды, күндізгі стационарлық-амбулатория, малдәрігерлік пункт, кітапхана, почта, сервистік таза ауыз сумен қамту бекеті, жасанды спорт алаңы халыққа қызмет көрсетеді. 250 орынға арналған, 2009 жылы типтік жобада салынған №104 орта мектеп жұмыс істейді. 1992 жылы пайдалануға берілген. 2017 жылы күрделі жөндеуден өткен №5 «Аққоян» бөбекжай-балабақшасының 4 тобында 90 бала тәлім алуда. 2018 жылы жекешелік-әріптестік негізде салынған Жанкент ауылдық амбулаториясының күндізгі стационарда 11 адам емделеді. Сондай-ақ ветеринариялық пункт бөлімшесі және ұзындығы 5 шақырым болатын, қуаттылығы 21,225 шақырым Өркендеу топтық су құбыры бар.
Жанкентте 1989 жылы салынған ауылдық клуб 150 көрерменге қызмет көрсете алады. Өнер ұжымында ән, би, драма, домбыра үйірмелері жұмыс істейді. Осы ғимаратта орналасқан рухани мәдени орынның бірі – ауылдық кітапхана қоры 27005 кітаптан тұрады. Ауылда бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлінген. Осы бағытта салынған спорт алаңы 2012 жылы пайдалануға берілді. Бүгінде тұрғындардың 32 проценті бұқаралық спортпен шұғылданады. Халықты иман мен бірлікке шақырып, туралыққа тәрбиелейтін, 50 адамға арналған «Жолмырза-Ата» мешіті 2010 жылы, халықтың күшімен және Жолмырза ата ұрпақтарының демеушілігімен салынып, пайдалануға берілді.
– 2015 жылы Орталық саябақ пен Жастар бағына абаттандыру жұмыстары жүрді. Ауылға кіре-беріс қақпа салынды. «Ер есімі – ел есінде» ескерткіш тақтасы қайта жаңғыртылды. Жастар бағына іс-шара өткізілетін сахна, Бик-Бен сағаты орнатылды. Ауыл тұрғындары демалатын орындықтар қойылып, жолдарға тас төселді. Ұлы Отан соғысынан оралмаған, тылда еңбек еткен және халық шаруашылығын көтеруде қажырлы еңбек еткен, 500 ауыл азаматтарының тізімі мәрмәр тақтаға жазылып ілінді. Осы жылы ауылдық округ бойынша 78 кәсіпкерлік субьекті аудандық кірістер басқармасына тіркелген. Оның ішінде 11 шаруа қожалығы, 1 өндірістік ауылшаруашылығы кооперативі, 4 аралас заттар дүкені, 1 наубайхана, 1 тігін цехы, 2 маршруттық автобус, 4 такси, 21 жеке кәсіпкер мал шаруашылығымен, 33 әртүрлі қызмет көрсету түрлерімен айналысады 2024 жылдың он айында жаңадан 22 жеке кәсіпкерлік субьектісі тіркелді. 3 азамат жобаларын сәтті қорғап, 1 миллион 500 мың теңге мемлекеттік грант қаражатын жеңіп алды. Қазіргі уақытта әр сала бойынша өз жеке кәсіптерін бастады.
Кәсіпкерлік саласында мемлекеттік бағдарламалар, оның ішінде екінші деңгейлі банктер арқылы Даму қорының субсидиясынан «Өте» шаруа қожалығы 140 миллион теңге, сонымен қатар «Әлмұрат» шаруа қожалығы Сырдария ЖШС несие серіктестігі арқылы 14,1 миллион теңге несие алды. Сондай-ақ, 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиемен ауыл шаруашылық техникасын алып, жоңышқа егіп, шөп дайындап отырған ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Дастан Елубаев өз қаражатына қоғамдық монша құрылысын бастап, жақын арада пайдалануға берілгелі отыр, – деді бізбен әңгіме барысында ауыл әкімі Қожахмет Қуанғали.
Биыл аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы ақылы қоғамдық жұмысқа - 15 адам қабылданған. Атаулы әлеуметтік көмек алушы жанұя саны -1, Әлеуметтік жұмыс орыны бойынша бір кәсіпкерлік субьекті бір жұмыссыз адамды жұмыспен қамтыған. Жастар тәжірибесіне №104 орта мектепке 1 оператор, 1 тарих пәнінің мұғалімі, №5 «Аққоян» бөбекжай-балабақшасына 1 аспазшы, 1 оператор мамандықтары бойынша барлығы 4 жас маман жұмыспен қамтылды.
Қазіргі уақытта ауылдық округ бойынша ірі қара малы 2220, уақ мал 3277, жылқы 1472, түйе-117, құс 200 бас есепке алынған. 2024 жылы ауылдық округ бойынша «Жанкент-Агро» ЖШС 292 гектар, «Мерей» шаруа қожалығы 440 гектар, «Өте» шаруа қожалығы 422 гектар барлығы 1154 гектарға күріш дақылы егіліп, мол өнімі алынды.
Биыл ауыл тұрғындары «Шошқа көл» учаскесінен 15 гектар жерге көкөніс, бақша дақылдарын егіп, артылған өнімдерін Әйтеке би кентіндегі сауда орындарына сатты. Сонымен қатар «Айдәулет» ШҚ елді мекен тұрғындарын табиғи шөппен қамтамасыз етті. Ауылдық ветеринариялық пункт қызметкерлері тарапынан жоспарланған диагностикалық зерттеулер мен профилактикалық іс-шаралар кезең-кезеңмен жүргізіліп келеді. Елді мекендегі мектеп бітірген түлектер ауылдағы мешітке 500 мың теңгеге кілем алып берді. Тағы да түлектердің демеушілігімен Орталық саябақ ішінен ашық аспан астындағы спорттық жаттығу құрал-жабдықтары орналастырды.
– 2024 жылы ұзындығы 1,0 шақырым Жанкент көшесіне асфальт төсеу жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжаттары жасалды. Сонымен қатар Орталық саябақтағы ойын алаңы, тағзым алаңы жөндеуден өтті. Елді мекен бойынша 9 көшенің 6-уы асфальтталған, 2 көше қиыршықтасты. Санитарлық-тазалық айлығы уақытылы ай сайын жүргізілді. Елді мекен жасыл желек, жасыл белдеу қоршауларына, мекемелер айналасына 1000 түп ағаш қаламшалары егілді. Орталық саябақ, жасыл белдеу қоршаулары сырланып, арам шөп өскіндері шабылды. Апта сайын елді мекен көшелері, мекемелер айналасындағы тұрмыстық қатты қалдықтары жиналып, полигонға шығарылды. Жанкент ауылы облыс әкімінің бастамасымен елді мекендерге тазалықты қамтамасыз ету және тазалық-көркейту шараларын ынталандыру мақсатында өткізілген байқауға қатысып, «Үлгілі елді мекен» номинациясын иеленіп, 15 миллион теңге қаржы ұтып алдық. «Таза Қазақстан» акциясына мекеме қызметкерлері белсене қатысып, Жанкент, Құттыбай кесенесі, ауылдағы бұлақтардың айналасын тазаланды. Елді мекен бойынша жасыл белдеулер орналастырылып, ауыл тұрғындары бақша-көкөніс дақылдарын егіп, өз-өздерін қамтамасыз етіп отыр, – дейді ауыл әкімі.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА