Жаңғырған JANKENT
Аудан орталығы Әйтеке би кентінен 40 шақырым қашықтықта орналасқан Ұлы Жібек жолы басып өтетін Жанкент шаһарын білмейтін жұрт кемде-кем. Түркі елдеріне ортақ тұлға Қорқыт баба мен әлемге «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің киелі мекені болған ауылдық округтің бүгінгі тіршілігі жарасымды. Мыңғырған малы, егістік алқабы бар. Он мың гектарға жуық аумақта төрт түлік еркін жайылып, 2150 гектарға егістік егіледі. Осыдан-ақ жанкенттіктердің шаруаға икемді екенін аңғарсақ болады. Оның үстіне округ 2014 жылы облыс әкімінің шешімімен тіректі елді мекендер тізіміне енді. 2018 жылы Қызылорда облысы әкімдігінің қаулысымен Қызылорда облыстық мәслихатының шешімімен бұрынғы Өркендеу атауына тарихи «Жанкент» есімі берілді. 1300-ден астам тұрғыны бар округ орталығында 2009 жылы салынған 250 орынды №104-ші орта мектеп, 90 орынды №5 «Аққоян» бөбекжай балабақшасы, 150 орынды клуб, кітапхана, 2018 жылы жаңадан салынып, пайдалануға берілген күндізгі амбулаториялық емхана қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек аудандық пошта, ветстанция бөлімшесі, азық-түлік дүкендері, мешіт үздіксіз жұмыс істеп тұр.
Соңғы жылдары Жанкент ауылын гүлдендіруге, көне шаһар орнын ашық аспан астындағы музейге айналдыруға қомақты қаржы бөлініп келеді. Мәдениет жанашырларының бастамасымен «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 2015 жылы клуб үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл Орталық саябақ пен Жастар бағын ауыл тұрғындарының демалатын орны ретінде ыңғайлап, абаттандыру жұмыстары жасалды. Сырттан келген қонаққа алғашқы жағымды әсер қалдыру мақсатында кіреберіс қақпа жаңартылды. «Ер есімі – ел есінде» ескерткіш тақтасы қайта жаңғыртылды. Өзге ауылдық округ орталықтарында кездесе бермейтін саябақтағы сахна да, «Биг-Бен» сағаты да, Жастар бағында орналасқан.
Туристік аймақ қатарына қосылуға ұмтылған ауылдың жолдары талапқа сай болуы керек. Бұл үшін аудандық бюджет мәрттік танытып келеді. Бұған дейін Қ.Балтөреев, Қорқыт ата, аралық және Сарыкөл көшелерін орташа жөндеуден өтті. Мұнымен бірге өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде аталған көшелермен бірге ауылдың Жанкент көшесі жарықтандырылған еді. 2017 жылы Өркендеу ауылына кіреберіс және Жанкент аралығына күрделі жөндеу жүргізіліп, келесі жылдың қарашасында аяқталғаны мәлім. Бұл үшін 352 миллион теңге жұмсалғанын көпшілік біле бермейді.
Халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуді жетілдіру және медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында амбулатория дәрігерлері науқастардың емін тауып, денсаулықтарын түзетуге бар күш-жігерін салып келеді. Десек те бұған дейін ақхалаттылар көне ғимараттың қолайсыздығына налитын. Көп ұзамай мемлекет пен жекешелік әріптестік негізінде жаңа амбулатория құрылысы басталып, бірер жыл бұрын ғана пайдалануға берілді. Өткен жылы көне Жанкент қалашығы қоршалып, кіреберіске «JANKENT» стелласы орнатылды. Былтыр Әбілда Тобаев көшесі дұрысталып, биыл Ж.Байқадамов, Сарыкөл, Жылуан, Ғ.Мұратбаев сияқты 4 көшеге көңіл бөлінетінін білдік. Ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес биіктігі 21 метр телемұнара орнатылып, «Хабар», «Қазақстан» телеарналарының көрсетілімі жақсарды. Сондай-ақ Kcell, Beeline антенналары жаңадан орнатылғандықтан тұрғындар байланыстан қиындық көрмейтін болды.
Ауылдық округте күн өткен сайын кәсіпкерлікпен айнылысуға ынталылар қатары артып келеді. Ауыл әкімі Нәби Үргенішбайдың айтуынша, мемлекеттік бағдарламалардың қолдауын жанкенттіктер жақсы сезініп келеді.
– Тек 2020 жылдың өзінде ауылдық округ бойынша 21 кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Оның ішінде 5 аралас заттар дүкені, 2 автобус және 6 такси жолаушы тасымалымен наубайхана, 16 мал шаруашылығы, 19 әртүрлі қызмет көрсету орны жұмыс істеп тұр. Тәуелсіздік жылдары 34 кәсіпкер мемлекеттік «Құлан», «Экодаму», «Егінжай», «Сыбаға» және «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламалары арқылы 21 кәсіпкер жеңілдетілген несие алып, кәсібін ашты. Сонымен бірге биыл 4 ауыл тұрғыны «Бастау бизнес» және «Бизнес кеңесші» жобасымен кәсіпке икемделіп, қорғап шықты.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 22 ауыл тұрғыны ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Бес отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып, жастар тәжірибесінен өтуге жіберілген жас мамандар №104 мектепке, №5 «Аққоян» бөбекжай балабақшасына мамандықтары бойынша жұмыспен қамтылды. Жұмыссыз жүрген 21 адам кәсіпкер ретінде тіркеліп, нәпақасын тауып жүр, – деді әкім.
Ауыл тұрғындары егін егіп, бау-бақша дақылдарын өсіру мен мал шаруашылығын кәсіп еткенін айттық. Шаруаға икемді тұрғындардың арқасында 2021 жылдың сәуірінде округте 2193 мүйізді ірі қара, үш мыңнан астам қой-ешкі, 1356 жылқы және 67 түйе басы саналған.
Ауылдық округтің жер көлемі 25461 гектарды құрайды. Оның 9 мың гектарға жуығы ауылшаруашылығына жарамды аймақ екені белгілі. «Сыр Маржаны» серіктестігі филиалы 400 га жерге күріш егіп, әр гектарынан 40,2 центнерден, ал «Мерей» шаруа қожалығы 250 гектардың әр гектарынан 35 центнерден өнім алған. Бұдан бөлек ауыл тұрғындары сырттан және үйіргелік жерлерінен 60 гектарға жуық жерге бақша, картоп және көкөніс дақылдарын егіп, жемісін алған.
Тарих пен бабалар ізі қалған Жанкент шаһары 2019 жылы облыс бойынша тіректі елді мекендер арасында «Үлгілі ауыл» конкурсының ынталандыру сыйлығын иеленіп, 2 миллион теңге жеңіп алғаны жұрт есінде. Ауызбіршілігі мығым, тірлігі толасты ауылдық округтің алар асуы әлі алда екеніне шүбә жоқ.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ