Жақұт жасырған Жанкент
Жанкент ауылы аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта, Ұлы Жібек жолы басып өтетін, түркі елдеріне ортақ тұлға Қорқыт баба мен «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фараби мекендеген Жанкент шаһары маңында орналасқан. Округ орталығы – Жанкент елді мекені. Ауыл 2014 жылы облыс әкімінің шешімімен тіректі елді мекендер тізіміне енген. 2018 жылы облыстық мәслихат шешімімен Өркендеу ауылының атауы Жанкент болып өзгертілді.
Ауыл тұрғындарының кәсібі – егін егіп, бау-бақша дақылдарын өсіру және ет, сүт өндіру.Сырлы Сырдың Жанкентінде, Сырлыбайхан, Құттыбай кесенелері, Оспан тамы, Бабажан сарт қамалы және Қызыл тамырлы, Балшан, Сарыкөл мен Құдықтықұм сияқты тарихи жер аттары бар.
Жанкент – ортағасырлардан сақталған көне қала орны. Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкенттің гүлдену дәуірі ІХ ғасырдың екніші жартысынан басталады. Ол кезеңде Жент (Арал) теңізі маңынан үлкен тұз кені табылып, Қытай, Иран, Үндістан елдерімен сауда қатынастары жасалған. Қыпшақ тайпалары Қарлаң өткелі арқылы Жанкентке келіп, сауда жасаған. Қалада құмыра жасаушы, ұсақ қолөнерші, зергерлер, қару-жарақ шығарушы ұста, шеберлер көп болған. Жанкенттің сырты үш орам болып суға толтырылған орлармен қоршалған. Қаланың сыртпен қарым-қатынас жасап араласатын төрт қақпасы бар-тын. Жанкент Жувейнидің, Несевидің және Омаридің кейбір еңбектерінде «Шаһаркент» деп те берілген. В.В.Бартольдтің пайымдауынша, Жанкент Х-ХІ ғасырларда Оғыз мемлекеттік бірлестігі билеушілерінің қысқы ордасы болған.
Жанкентте 1867 жылы П.И.Лерих және М.К.Приоров қазба жұмыстарын жүргізіп жобасын түсірген. Зерттеуді келесі жылы В.В.Верщагин жалғастырды. 1946 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі Толостов) кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қаланың нақты жобасын сызып, әуеден суретке түсірген. Әйтсе де кейбір қателіктерін 2005 жылы зерттеу жүргізген Мәскеу және Қорқыт ата университетінен келген ғалым-зерттеушілер тауып, өзгеше болжам жасауда.
Орта ғасырлық деректерде Жанкент қаласын мұсылмандар қоныстанған. Сырдың бойымен Мауренахрдан Жанкентке астық тасылған делінеді. Қаланың өрлеген шағы Шыңғысхан шапқыншылығына дейінгі уақыт екені анық.
Жанкенттің парсыша аты «Дех-и-нау», арабша «Әл-Карьят Әл-хадиса», түрікше «Янги кент», қазақша Жанкент. Демек «Жаңа қала» деген мағынаны білдіреді. Қаланың ХV ғасырдан кейінгі тағдыры белгісіз, жазба деректерде де ешқандай мәлімет кездеспейді.
Жанкент шаһары туралы аңыз-әңгімелер көп айтылады. Жанкент шаһарында бүкіл түркі жұртына ортақ тұлға Қорқыт баба дүниеге келіп, шаһарды билеген Илхан ханға уәзір болған деп те, атақты Қарабура Әзінің қызы Жанкентті билеген Санжар ханның жары Бегім ана туралы да аңыз-әңгімелер көп.
Сырлыбай хан, Құттыбай, Оспан тамы кесенелері – Жанкент жерінде өмір сүріп, халыққа қызмет жасаған тарихи тұлғалардың құрмет пен беделіне арнайы жасалған тарихи ескерткіш. Ал Сарыкөл, Қызылтамырлыкөл атаулары жер бедеріне өскен өсімдіктеріне байланысты қойылған атаулар. Білетіндер Құдықты құм-құмның ішінде бірінеше құдық қазылып, жүргіншілердің сусамауына көп көмегін тигізген жер екенін айтады. Сонымен бірге Жиеней аталығындағы бай кісінің жайлаған жеріндегі көл Балшан атымен аталған. Ауыл-аймағына жәрдемдесетін, сауынсызға сауын беріп, қайырымды бай атанған. Балалары мен інілерін молдаға оқытқан. Інісі Досберген Софы деген атақты иемденген. Ол кісінің жақын жуықтары Ізмәмбетов Балдырған Бөзкөл ауылында, Балшанова Орынбасар Алматыда, Сұлтамұратов Нұрадин Досбергенұлы Өркендеуде тұрған.
Бабажан сарт қамалы туралы да айта кетейік. Бабажан – Хиуа ханының Сыр қазақтарының үстінен зекет, үсір жинайтын әкімі болған. Елден әр тоқ қора сайын бір пәк қыз, бір қой, бір жорға, тоқты алып, зорлық-зомбылық жасағанын қоймапты. Оны Жанқожа баба естіп, қалың қолмен қамалды қоршайды. Жасырын жолмен қашқан Бабажанды ұстап алғандар оны қазыққа отырғызып өлтіреді, қамалын қиратады. Сол қамалдың орны Бабажан сарт қамалы деп аталады.
Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан бері тарихқа көптеген тың деректер қосылуда. Өркендеу ауылдық округінің территориясында орта ғасырлық Жанкент шаһары, Құттыбай, Сырлыбай хан кесенесі, Шобансих әулие, Оспан тамы, Бабажан Сарт қорғаны, Мыңтөбе секілді ескі орындар бұдан әлденеше ғасыр бұрын тіршілік еткен адамдардың өмір тарихын зерттеуге керемет мүмкіндік береді. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша тарихи, мәдени орындар есепке алынып, жыл сайын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен Әлкей Марғұлан атындағы археология және Ресей ғылым академиясының Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология ғылыми – зерттеу институтының ғалымдары, оқытушылар, студенттер қатысқан қазба жұмыстары кезінде көптеген керамикалық бұйым, тиын, тұрмыстық заттар мен әшекейлер табылды. Оның нәтижесі жаңа пікірлер тоғысын туғызып, тарихқа жаңа парақ қосуда. «Тарихи – мәдени мұраларды пайдалану және қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Өркендеу ауылдық округінде орналасқан «Мыңтөбе», «Сырлыбай хан кесенесі», «Құттыбай кесенесі», «Жанкент шаһары» облыстық тарихи және мәдени мұра ескерткіштерін қорғау тізіміне енгізіліп, қорғау, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Қазалы ауданындағы аталған тарихи орынға зерттеу жұмысы жүргізіліп, Қызылорда облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасы арқылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ежелгі Жанкент шаһарының 45 гектар аумағы қоршалды. Қалашықтың кіреберіс аузына 12 метрлік «Жанкент» стелласы орнатылды.
2019 жылы Өркендеу ауылдық округі облыс бойынша тіректі және тіректі емес елді мекендер арасында «Үлгілі ауыл» конкурсында ынталандыру сыйлығын иеленіп, 2 миллион теңгені жеңіп алды.
Жанболат ТЛЕУЖАНОВ,
«Өркендеу ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ-нің бас маманы