Ісі ілгерілеген өндіріс

Қазір аты ауданға мәшһүр Төребек Игіліков балық шаруашылығын жан-жақты көркейтіп келеді. Бұл күні іскер азамат 100-ге жуық адамға жұмыс орнын ұсынып отыр. Себебі халықтың балыққа деген сұранысы қай уақытта маңыздылығын жойған емес. Оның бойындағы дәруменнің көптігін ғалымдардың зертеуін келтіре, диетологтар мен дәрігерлер жиі насихаттайды. Денсаулықты нығайтуға септігі зор екендігін жеткізген мамандар, оны ас мәзіріне жиі қолдануды ұсынады. Сондықтан пайдалы су өнімінің сатылым бағасына қарамастан, оған сұраныс күн артып өсіп келеді.
– Өкінішке орай әсіресе жаз айында жұмысшылар қолы жетіспей қалып жатады. Қарап отырсаң негізінен көпшілік жеңіл еңбек ету жолдарын іздейді. Сөйтсе де, адам саны жетіспеушілігіне қарамастан әркез атқарып жүрген жоспар үдесінен шығып отырмыз. Қазір де шүкір, жұмыс барысы жаман емес. Жаңа жобаларды іске қосудамыз, – дейді Төребек Игіліков.


Бұл күні отызға жуық адам жұмыспен қамтылған. Тұрмыстық үй-жайлар мен зертхана өндірістік кешеннің ішінде 25х9 метр көлемде орналастырылған. Барлық өндірістік цехтар, тоңазытқыш камералар мен тұрмыстық бөлмелер халықаралық стандарттарға сәйкес жасалған және Еуропалық Одақтың талаптарына сәйкес келеді. Өндірістік кешен көлемі 40х30, биіктігі 4 метр бір қабатты ғимаратта орналасқан. Берекелі кәсіпте ілгерілеу байқалып, жаңа ойлар туындайды. Сондайда ашылған «көксерке сүбесін қайта өңдеу» зауыты да іске қосылды. Оның халыққа қызмет етіп тұрғанына да жеті жылға толады. Құрылысқа және жабдықтарға жұмсалған шығындар шаш етектен. Сол шақта қарапайым адамның қалтасы көтере бермейтін 100 миллион теңге жұмсалды. Бүгінде зауыттың қоршауы және қорғалатын арнайы аумағы бар.
Қазіргі кезде көксерке сүбесі Еуропа елдеріне Германия, Латвия, Нидерланды және Дания мен Ресей, Қытайға экспортталады. Мұздатылған көксерке, шортан, ақмарқа балық өнімдері жіберіліп тұр.
Жеке кәсіпкерлік «Игликов Т» атауымен Арал теңізінің жағасында балық қабылдау пункті тапсырысты орындауда. Кіші Арал теңізінде 2022 жылға дейін №13 учаске бекітілді. Ақеспе кенті Кіші Арал теңізі жағалауының жанында тәулігіне 10 тонна балық мұздатуға арналған қабылдау пункті және сыйымдылығы 200 тонна тоңазытқыш жұмыс істейді.
2012 жылы Балқаш қаласынан 6 дана СМБ-40, жылым қайығы және 60 шағын кайық сатып алынды. Мұнда 60-қа жуық балықшы жұмыспен қамтамасыз етілген және мерзімінде тағы 50-ге жуық жұмысшы балық аулайды.
«Шаруашылықты қолға алып, дамыту үшін балық аулаумен айналыспау керек. Дұрысы – су маржанын қолдан көбейтіп өсіру қажет», – дейді мақсатшыл кәсіпкер. Оның айтуынша, шағын көлің болса, оларға қоректенетін жем-азығына мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді. Кәсіпті дөңгелетуді пайдасын тигізер техникаларға да тиісті жеңілдіктер қарастырылған. Ал балықты көбейту мақсатында тұқымдықтарын арнайы өсіріп отырған жерлерден алуға болады. Солардың қатарында Аралда 2 балық өсіретін питомник жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге Ақшатау мен Қосжарда да бар.
Бұдан бөлек, Қазалыда күріштіктен арықтарда су айдағаннан қаншама шабақ тыпырлап қалады. Соларды арнайы питомникке жіберсе, олар 2-3 жылда үлкен балыққа айналады-мыс. Оның арасында уылдырығын шашып, саны көбейеді екен. Тек ол үшін адамда шыдамдылық пен ізденімпаздық керек. Қай істе де, өз тәжірибеңді әрі біліктілігіңді толықтырып тұрған жөн. Әрине Сырдарияның су деңгейі күрт төмендеп, тартылуы барлығына да кері әсер етіп отыр. Теңізге де су аз барып тұр. Соның салдарынан көлемі азайып жатқаны байқалады. Десе де Игіліковтіктер торға түсірген жергілікті өнімді тұтынушыларға уақытылы жеткізуде.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА,
фото Серік АҚМЫРЗА