Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Табандылық табысқа жетелейді

Табандылық табысқа жетелейді

Балық шаруашылығы аудан өнеркәсібінің негізгі бөлігі болып саналады. Бүгінде көптеген адам үшін балық аулау отбасын асыраудың жолы ғана емес, берекелі кәсіптің түріне айналып отыр. Сондай істің көзін тапқан жанның бірі Төребек Игіліковпен «Балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні» қарсаңында тілдесудің сәті түсті. Қазірде іскер азамат 100-ге жуық адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етуде.
– Карантин кезінде кәсіптеріңіз қалай жүрді? Шектеу болмады ма? Жұмысшылар саны қысқарды ма?
– Балық қай кезде де бағалы өнім. Оның бойында адамның ағзасына қажетті дәрумен көп. Су маржанын жиі тұтынса, денсаулықты нығайтуға септігін тигізеді. Бір жағынан, тағам өнімдерінің ішіндегі өте жеңіл қорытылатын диеталық ас саналады. Сондықтан оған сұраныс күн артып өсетіндігі анық. Ал карантин кезінде балық шаруашылығы тұралап қалды деп айта алмаймын. Бізге халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ешқандай шектеу болмады. Қалыпты жұмыс істедік. Ал жұмысшылар 25 процентке қысқарды. Бірақ бұл шектеудің әсерінен емес. Бір күнде атқарылатын еңбек көлеміне қарай жалақы жазылатын кәсіпте жұмыс ауқымдылығына шыдай алмайтындар және балық тез бүлінетіндіктен, әсіресе жаз айында жұмысшылар қолы жетіспейді. Жұмысшылар қатары азайды. Барлығы жеңіл еңбек ету жолдарын іздейді.
– Тәуелсіздік дегенде есіңізге не түседі? Егемендік алған алғашқы жылдары сізге не берді?
– Тәуелсіздігін жариялаған жылдары өрімдей жас едік. Он бес одақ ыдырап, әрқайсысы өз алдына мемлекет болатыны әу бастан-ақ белгілі еді. Азық-түлік тапшылығы халықты әбігерге салды. Барлық зат жан басына есептеліп, арнайы талонмен босатылды. Ең бастысы дастарқан мәзірінің сәні – нан алу ұзын-сонар кезекке тұратынбыз. Оның өзі шектеумен берілетін. Кейде кезегің келгенше таусылып та қалатын. Сонда да елдің жігері жығылмай, нан зауытына барып, үймелеген қазалылықтармен бірге таласып-тармасып, сондағы үйелмелі-сүйелмелі бала-шағасы бар үлкен отбасына алатынымыз бір-жар данасы. Кезінде қажетті өнімге толып тұратын дүкен сөрелері босап қалды. Ісін ұршықша иірген шаруашылықтар таратылып, ондағы қор талан-таражға түсті. Жинаған қоры жоқ, түксіз қалған халықтың ертеңге деген сенімі мен шүкірлігі аумалы өмірге бейімделуге себеп болды. Абдырамай бір-біріне ілесіп, ала дорба асынып, шетелден зат тасып, жеке кәсіппен айналысты. Бүгінгі танымал қай кәсіпкер болсын барлығы да ең аз қаражатпен табандылығының арқасында адал еңбегімен аяққа тұрғандар. Сол тұста Павлодардағы оқу орнын бітіріп, ауылға келген соң құрылыс заттарын сатуды қолға алдым. Кейін балық шаруашылығының басы-қасында жүрген ағам Әлимуса Қожағұлов жанына шақырды. Ол балық аулап, тұтынушыларға ұсыну жолдарын үйретті. Осылайша келе-келе су маржанын сүзу ісі маған ұнап, шағын тоңазытқыш алып, балық өткізумен айналыстым. Қазір соның игілігін көрудеміз. Ойлап қарасам, қызу еңбектің ортасында жүргеніме ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті.
– Жеке серіктестігіңіздің құрылу тарихын айтып берсеңіз...
– Жоғарыда айтып өткендей бүгінгі кәсібіме алғашқы қадамды басуға Әлимуса Қожағұлов себепкер болды. Соның бағыт-бағдар беруімен жергілікті көлдерден бірнеше адаммен бірігіп, балық аулап, қазалылықтарға ұсындық. Уақыт өте тұтынушының сұранысы артпаса, кемімейтінін түсініп, қалай қызығушылығым ұлғайғанын сезбей де қалдым. Балық аулау ісі мені иіріп әкеткені сонша, арнайы зауыт ашу ойы туындады.
Кейін Әйтеке би кентіне «Балық өңдеу ­зауытын» тұрғыздық. Зауыт өз жұмысын 2006 жылы бастады. Сол тұста «Райпотребсоюз» сауда кәсіпорны базасында құрылған еді. Нысан ауқымды етіп салынғандықтан, біраз уақытқа созылып және 2016 жылдың наурызында пайдалануға берілді.
Қазіргі таңда отызға жуық адамды жұмыспен қамтудамыз. Тұрмыстық үй-жайлар мен зертхана өндірістік кешеннің ішінде 25х9 метр көлемде орналастырылған. Барлық өндірістік цехтар, тоңазытқыш камералар мен тұрмыстық бөлмелер халықаралық стандарттарға сәйкес жасалған және Еуропалық Одақтың талаптарына сәйкес келеді. Өндірістік кешен көлемі 40х30, биіктігі 4 метр бір қабатты ғимаратта орналасқан.
Жүргізіп отырған ісіңде жылжу болғандықтан, жаңа ойлар туындайды. Сондайда іске қосылған көксерке сүбесін қайта өңдеу зауытына да төрт жыл болыпты. Құрылысқа және жабдықтарға жұмсалатын шығындар 100 миллион теңгені құрады. Зауыттың қоршауы және қорғалатын аумағы бар.
Жеке кәсіпкерлік «Игликов Т» атауымен Арал теңізінің жағасында балық қабылдау пункті тапсырысты орындауда. Кіші Арал теңізінде 2022 жылға дейін №13 учаске бекітілді. Ақеспе кенті Кіші Арал теңізі жағалауының жанында тәулігіне 10 тонна балық мұздатуға арналған қабылдау пункті және сыйымдылығы 200 тонна тоңазытқыш жұмыс істейді.
2012 жылы Балқаш қаласынан 6 дана СМБ-40, жылым қайығы және 60 шағын кайық сатып алынды. Мұнда 60-қа жуық балықшы жұмыспен қамтамасыз етілген және мерзімінде тағы 50-ге жуық жұмысшы балық аулайды.
– Бүгінде балық шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге қандай мүмкіндік бар?
– Шаруашылықты қолға алып, дамыту үшін балық аулаумен айналыспау керек. Керісінше, су маржанын қолдан көбейтіп өсіру қажет. Шағын көлі болса, оларға қоректенетін жем-азығына мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді. Кәсіпті дөңгелетуге септесер техникаларға да тиісті жеңілдіктер қарастырылған. Ал балықты көбейту мақсатында тұқымдықтарын арнайы оны өсіріп отырған жерлерден алуға болады. Солардың қатарында Аралда 2 балық өсіретін питомник жұмыс істесе, сонымен бірге Ақшатау мен Қосжарда да бар.
Бұдан бөлек, Қазалыда күріштіктен арықтарда су айдағаннан қаншама шабақ тыпырлап қалады. Соларды арнайы питомникке жіберсе, олар 2-3 жылда үлкен балыққа айналады. Оның арасында уылдырығын шашып, саны көбейері сөзсіз. Тек ол үшін адамда шыдамдылық пен ізденімпаздық керек. Қай істе де, өз тәжірибеңді әрі біліктілігіңді толықтырып тұрған жөн-ақ. Себебі мұндай мобильділікті талап ететін уақытта кез келген жаңалықтан құр қалмай, оны жүзеге асыра білгенде ғана ісің өрлейді. Бастысы, адамға еңбекқорлық пен табандылық қажет.
– Күріш алқабы көлемі кішірейді. Сырдарияның суы тартылып жатқанының балықшыларға әсері бар ма?
– Әрине, Сырдарияның су деңгейі күрт төмендеп, тартылуы барлығына да кері әсер етіп отыр. Теңізге де су аз барып тұр. Соның салдарынан көлемі азайып жатқаны байқалады. Жауын-шашынның да болмай тұрғаны қуаңшылықты туғызып отыр. Соған қарамастан, несібемізге қарай, балықшылар торға түсірген жергілікті өнімді жеткізіп отырмыз.
– Экспортқа өнімдеріңіз шығарыла ма? Карантинде шекара жабылғанда не істедіңіздер?
– Біздің зауытта балық құю, қуаты 2 тонна филе, балық аспаздығы және қуаты 3 тонна жартылай фабрикаттар шығару, тәулігіне 20 тонна балықты тез мұздату цехы жұмыс істейді.
Мұздатылған балық пен дайын өнімді сақтау бойынша көлемі 600 тонна тоңазытқыш жабдықтары үздіксіз жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ балықты белгілі бір температураға дейін сақтайтын тоңазытқыш қондырғылары бар. Зауыт кең ауқымды өнім шығара алады.
Қазіргі кезде көксерке сүбесін Еуропа елдеріне Германия, Латвия, Нидерланды және Данияға жібереміз. Шекара жабылған жоқ. Мұздатылған көксерке, шортан, ақмарқа балық өнімдері экспортталып жатыр. Тек ол жақтағы мейрамхана карантин талаптарына орай жабылғандықтан, сұраныс көлемі күрт азайып кеткен болатын. Жақыннан бері көпшілік жиналатын орындар ашылып, біздің өнімге деген тапсырыс қайта жанданды.
– Сұқбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
10 шілде 2021 ж. 783 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 65

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930