Жаңашыл жоба жемісі

Балықты өңдейтін ғимарат кеңейтіліп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жоғары сұранысқа ие зауытқа Төребек білікті басшылық етіп, 30 адамға тұрақты жұмыс ұсынып отыр. Ол ең алғаш кәсібін өркендету жолында «Ақбасты» өндірістік корпоративін құрды. Біліктілігінің арқасында өндірісті ұлғайтып, Кіші Арал теңізінің №1 учаскесін иелігіне алады. Әрбір қадамын бағамдап, екшеген кәсіпкер Арал ауданы, Ақбасты елді мекенінде тоңазытқыш орнатады.
Төребек Жұмабекұлының балық өңдеу зауыты соңғы үлгідегі қажетті автоматтандырылған аппараттармен жабдықталған. Арнайы зертханасы бар. Өндіріс кешеніне сүбе мен балық тұздау, балық қатыратын және сақтайтын цехтар кіреді. Сүбе цехы күніне 2 тонна балық өнімдерін шығарса, балық тұздау цехы 3 тонна балық өнімдерін өндіреді. Жаңа технологияға байланысты реконструкция жасалған. Балық қатыратын және сақтайтын цех тәулігіне 20 тонна балық қатыра алады. 600 тонна көлемінде балық қатыратын сақтау камералары жұмыс істейді. Өндіріс цехы, балық сақтайтын камералар, жұмыс бөлмелері халықаралық стандарттар мен Еуроодақ талаптарына сай салынған. Көксерке сүбесін өңдейтін зауыт 2017 жылы пайдалануға берілді.
Қазіргі таңда көксерке сүбесі Германия, Польша, Нидерландыға, ал қатырылған торта, табан, тісті балықтар Ресейге жіберіледі. Бұл іскер басшының балық шаруашылығын үйлестіре білуінің арқасында жүзеге асырылып жатыр.
2012 жылы Төребек Игіліков өнімді көбейту үшін Кіші Арал теңізінің №13 учаскесін иеленеді. Балқаш қаласынан 6 дана «СМБ-40» жылым қайығын және де 60 шағын қайықты тапсырыспен алады. Мұнымен тоқтамаған табысты басшы қосымша Арал ауданы, Ақеспе елді мекенінде тағы бір тоңазытқышты іске қосады. Бұл жерде тәулігіне 10 тонна балықты қатырып, 200 тоннаға жететін өнімді сақтайтын мүмкіндік бар.
Айта кету керек, жуырда “QazIndustry” қазақстандық индустрия және экспорт орталығы отандық өнімдерді шет елге жөнелту жол шығынының бір бөлігі өтелетіндігі жайлы хабарлады. Жағымды жаңалық іске асырылса, осы жыл көлемінде жұмсалған қомақты қаражаттың 50 проценті зауытқа қайтарылмақ. Өз кезегінде үнемделген қаржыға жаңа жабдықтар алуға жағдай жасалар еді.
Бүгінде жиырма жылдан аса халыққа қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан зауыттан шығарылған өнімге сұраныс жоғары.
Айнұр ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ