Бағалы өніммен бағы жанды
Балық шаруашылығы аудан өнеркәсібінің негізгі бөлігі болып саналады. Бүгінде көптеген адам үшін балық аулау отбасын асыраудың жолы ғана емес, берекелі кәсіптің түріне айналып отыр. Сондай істі қолға алып, қазалылықтарға су маржанын әкеліп жүрген азамат – Төребек Игіліков балық шаруашылығын жан-жақты көркейтіп отыр. Бұл күні іскер азамат 100-ге жуық адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етуде.
Балық қай уақытта да жоғары сұранысқа иелігін жоғалтпайды. Бүгінде оның бойындағы дәруменнің көптігін диетологтар мен дәрігерлер жиі айтады. Денсаулықты нығайтуға септігі зор екендігін жеткізген мамандар, оны жиі тұтынуға кеңес береді. Сондықтан пайдалы су өнімінің сатылым бағасына қарамастан, оған сұраныс күн артып өсіп келеді.
– Бір марқайтатыны, карантин кезінде зауыт жұмысы тоқтамады. Себебі билік тарапынан бізге халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ешқандай шектеу қойылмады. Баяғы қалыппен күнделікті тірлігімізді жүргіздік. Дегенмен жұмысшылар саны біршама қысқарды. Бірақ бұл шектеудің әсерінен емес. Бір күнде атқарылатын еңбек көлеміне қарай жалақы жазылатын кәсіпте жұмыс ауқымдылығына шыдай алмайтындар және балық тез бүлінетіндіктен осындай жағдайлар орын алды. Сондай-ақ өкінішке орай әсіресе жаз айында жұмысшылар қолы жетіспей қалып жатады. Қарап отырсаң негізінен көпшілік жеңіл еңбек ету жолдарын іздейді. Сөйтсе де, адам саны жетіспеушілігіне қарамастан әркез атқарып жүрген жоспар үдесінен шығып отырдық. Қазір де шүкір, жұмыс барысы жаман емес. Жаңа жобаларды жаймендеп іске қосудамыз, – дейді Төребек Игіліков.
Тәуелсіздігін жариялаған жылдары өрімдей жас Павлодардағы оқу орнын бітіріп, ақша тапшылығы мен жаппай жұмыссыздық жайлаған қиын шақта жігері жығылмайды. Қайта ауылға келіп, құрылыс заттарын сатумен айналысқан. Кейін Әлимуса Қожағұловтың жанында жүріп, балық шаруашылығының қыр-сырына қанығады. Кәсіпкер ағасынан балық аулап, тұтынушыларға ұсыну жолдарын үйренеді. Осылайша келе-келе су маржанын сүзу ісін жақсы меңгеріп, балық өткізуді қолға алған. Осы күні сол ауыр кездердегі бейнеттің игілігін көріп жүр. Мақсатқа ұмтылғыш албырт жастықтың арқасында жергілікті көлдерден бірнеше адаммен бірігіп, балық аулап, ешкімге жалынбай өз қаражатын тапқан. Уақыт өте тұтынушының сұранысы артуына байланысты арнайы зауыт ашуды ұйғарған. Осылайша Әйтеке би кентінде «Балық өңдеу зауыты» бой көтерді. Зауыт өз жұмысын 2006 жылы бастады. Сол тұста «Райпотребсоюз» сауда кәсіпорны базасында құрылған.
Бұл күні отызға жуық адам жұмыспен қамтылған. Тұрмыстық үй-жайлар мен зертхана өндірістік кешеннің ішінде 25х9 метр көлемде орналастырылған. Барлық өндірістік цехтар, тоңазытқыш камералар мен тұрмыстық бөлмелер халықаралық стандарттарға сәйкес жасалған және Еуропалық Одақтың талаптарына сәйкес келеді. Өндірістік кешен көлемі 40х30, биіктігі 4 метр бір қабатты ғимаратта орналасқан. Берекелі кәсіпте ілгерілеу байқалып, жаңа ойлар туындайды. Сондайда ашылған «көксерке сүбесін қайта өңдеу» зауыты да іске қосылды. Биыл оның халыққа қызмет етіп тұрғанына да бес жыл толады. Құрылысқа және жабдықтарға жұмсалған шығындар шаш етектен. Сол шақта қарапайым адамның қалтасы көтере бермейтін 100 миллион теңге жұмсалды. Бүгінде зауыттың қоршауы және қорғалатын арнайы аумағы бар.
Қазіргі кезде көксерке сүбесі Еуропа елдеріне Германия, Латвия, Нидерланды және Данияға экспортталады. Мұздатылған көксерке, шортан, ақмарқа балық өнімдері жіберіліп тұр.
Жеке кәсіпкерлік «Игликов Т» атауымен Арал теңізінің жағасында балық қабылдау пункті тапсырысты орындауда. Кіші Арал теңізінде 2022 жылға дейін №13 учаске бекітілді. Ақеспе кенті Кіші Арал теңізі жағалауының жанында тәулігіне 10 тонна балық мұздатуға арналған қабылдау пункті және сыйымдылығы 200 тонна тоңазытқыш жұмыс істейді.
2012 жылы Балқаш қаласынан 6 дана СМБ-40, жылым қайығы және 60 шағын кайық сатып алынды. Мұнда 60-қа жуық балықшы жұмыспен қамтамасыз етілген және мерзімінде тағы 50-ге жуық жұмысшы балық аулайды.
«Шаруашылықты қолға алып, дамыту үшін балық аулаумен айналыспау керек. Керісінше, су маржанын қолдан көбейтіп өсіру қажет», – дейді мақсатшыл кәсіпкер. Оның айтуынша, шағын көлің болса, оларға қоректенетін жем-азығына мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді. Кәсіпті дөңгелетуді пайдасын тигізер техникаларға да тиісті жеңілдіктер қарастырылған. Ал балықты көбейту мақсатында тұқымдықтарын арнайы өсіріп отырған жерлерден алуға болады. Солардың қатарында Аралда 2 балық өсіретін питомник жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге Ақшатау мен Қосжарда да бар.
Бұдан бөлек, Қазалыда күріштіктен арықтарда су айдағаннан қаншама шабақ тыпырлап қалады. Соларды арнайы питомникке жіберсе, олар 2-3 жылда үлкен балыққа айналады-мыс. Оның арасында уылдырығын шашып, саны көбейеді екен. Тек ол үшін адамда шыдамдылық пен ізденімпаздық керек. Қай істе де, өз тәжірибеңді әрі біліктілігіңді толықтырып тұрған жөн. Әрине Сырдарияның су деңгейі күрт төмендеп, тартылуы барлығына да кері әсер етіп отыр. Теңізге де су аз барып тұр. Соның салдарынан көлемі азайып жатқаны байқалады. Десе де Игіліковтіктер торға түсірген жергілікті өнімді тұтынушыларға уақытылы жеткізуде.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА,
фото Серік АҚМЫРЗА