Құрыш білектің қуаты – көрікті қала келбеті
Қытымыр қыстың аязы мен шіліңгір шілденің аптап ыстығына қарамастан тапсырылған тапсырманы тиянақты атқаруға ұмтылатын, құрыш білектің қуатын көздің жауын алатын жауһар ғимараттардың бой көтеруіне жұмсайтын құрылысшылардың еңбегі ерен.
Қызылорда облысына қарасты аудандардан бөлек республиканың түкпір-түкпірінде қолтаңбасын қалдырған «Намыс-Құрылыс» ЖШС мекемесіне мықты мамандар жиналған. Кәсіби мереке кезінде білікті көшбасшы, ҚР құрметті құрылысшысы, «Қазақстан даңқы», «Қазақстан экономикасының даңқы жұлдызы» ордендерінің иегері Əбдімəлік Садуақасұлы басқаратын мекемеге барып, жұмыс барысын көріп қайтқан болатынбыз. Алдымен мекеме туралы.
«Намыс-Құрылыс» ЖШС «Қазақстан Темір Жолы» АҚ күрделі құрылыс орталық басқармасымен тығыз байланыста жұмыс жасап, 2004-2005 жылдары жаңадан салынған Хромтау Алтынсарин теміржол телімін салуға қатысты және басқа негізгі теміржол нысандарын күрделі жөндеу жұмыстарын жасады. Мекеменің өзінің өндірістік базасы, әкімшілік ғимараты, ағаш өңдеу және пластикалық терезе жасау цехы бар. Сонымен қатар кіші бетон жасау цехы бар, онда темір-бетон бұйымдарын шығарумен және құрылыс салумен, күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысады. Жауапкешілігі шектеулі серіктестік Қазақстан Республикасының аумағында жарияланған тендерлерге қатысып, нәтижесінде тендерлерді жеңіп, жоғарғы деңгейде әрі сапалы көрсеткіштермен осы заманғы талаптарға сай жұмыстар атқарып, мезгілінде аяқтап, оң нәтиже көрсетуде.
«Намыс-Құрылыс» ЖШС құрылғаннан бастап, «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық Компаниясы Акционерлік Қоғамының күрделі жөндеу және жобалау Дирекциясының мемлекеттік сату-сатып алу конкурстарының жеңімпазы болды. Батыс-Қазақстан темір жол басқармасы аумағында күрделі құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстарын істеді. Атап айтқанда, Төретам, Бесарық, Қазалы, Қызылорда, Сексеуіл, Шалқар, Жем, Ақтөбе, Орал, Қандыағаш, Шұбарқұдық, Атырау, Ганюшкина, Маңғышлақ бекеттерінде бірнеше теміржол ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізген. Кейін аудандық және облыстық сату-сатып алу конкурстарының негізінде Тасарық елді мекенінде 100 орындық мектеп, Жанқожа батыр ауылында 90 орындық балабақша, 120 орындық спорт кешені, Абай ауылында 150 орындық ауылдық клуб құрылысы және көптеген спорт алаңдары, стадиондар, ипотекалық тұрғын үй кешендерін салды. Сонымен қатар, Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Қауылжыр ауылында 150 орындық ауылдық клуб құрылысы нысаны бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары, Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл кенті, Мир көшесі бойынан спорт және ойын алаңының құрылыс жұмыстарын жүргізді.
Қазіргі таңда Қармақшы ауданы, Жосалы кентіндегі №284 мектеп лицей-интернат ғимаратына спорт зал салу, Қазалы ауданы Қожабақы ауылынан спорт кешенінің, Майдакөл ауылынан типтік жобадағы 100 орындық клуб, Арал ауданы, Қамыстыбас ауылдық округі №21 орта мектебіне қосымша 100 орындық жапсаржайының құрылысы жұмыстарын атқаруда.
Білікті басшы, тәжірибелі маман
Әбдімәлік Садуақасұлы бала кезінен еңбекқор, белсенді болып өскен оның таңдауы құрылыс саласы болатын. Мектепті бітірген соң, алғашқы еңбек жолын 1973 жылы Батыс-Қазақстан теміржолы басқармасына қарасты Қазалы Локомотив депосында әуелі үйренуші слесарь болып бастап, кейін 2-разрядты слесарь болған Әбдімәлік Садуақасұлы арман жетегімен 1974 жылы аралығында Қарағанды металлургия комбинатының жанындағы Жоғарғы Техникалық Оқу орны өндірістік және азаматтық кұрылыс факультетіне оқуға түседі. Осылайша «Құрылысшы-инженер» мамандығы бойынша 1979 жылы ойдағыдай аяқтап шығып, жолдамамен 1979-1981 жылдар аралығында Ақтөбе облысы, Хромтау қаласындағы «Хромтаутяжстрой» тресінің «Рудстрой» құрылыс басқармасында құрылыс шебері, аға прораб, өндірістік бюро инженері қызметтерін атқарып, Хром өндіретін «Молодежный», «Мирный» шахталарын салуға қатысады. Адал еңбек етуге талпынған жас жігіт қайраттылық, жігерлілік танытып, құрылыс саласындағы өзінің мамандығын тез игеріп, еселі еңбегімен көзге түсе бастады. Әрбір нысанға жанашырлықпен қарап, мамандығының қыр-сырын өзінің бес саусағындай білетін азамат қай жобасын болмасын бастан аяқ сәтті орындап шығады. Әрі көптеген құрылыстың сапалы да уақытында салынуына өзіндік үлкен үлесін қоса білді. 1981 жылы Жаңақазалы бекетінде жаңадан құрылған Батыс Қазақстан Темір жолы басқармасына қарасты №716 құрылыс-монтаж пойызында 1991 жылдың тамыз айына дейін болып, құрылыс-шебері, жұмыс өндіруші, аға жұмыс өндіруші, бас инженер, мекеме бастығы қызметтерін атқарған жылдары №716 Құрылыс монтаж пойызын жұмыс жүргізу аумағы Ақтөбе облысының Шалқар стансасы мен Қызылорда облысының Төретам стансасының аралығы болды. Осы кезеңде Шалқар қаласы мен Сексеуіл бекетінде 1200 орындық мектеп құрылысы салынып, іске қосылды. Жаңақазалы, Төретам бекеттерінде бес қабатты 60 пәтерлер, 48 пәтерлі және екі қабатты 18 пәтерлі үйлер салынып, 200 орындық Теміржол емханасы, 150 орындық Теміржол ауруханасы, 320 орындық балабақшасы, тағы басқа ірі объектілер салынып, іске қосылған. 1991-1994 жылдың тамыз айлары аралығында, Халық депутаттары Жаңақазалы поселкелік Кеңесі депутаты болып сайланып, Халық депутаттары Жанақазалы поселкелік атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Кеңес Одағының ыдырауы кезеңінде 1994-2001 жылдар аралығында бұрынғы №716 Құрылыс монтаж пойызының құрылымы қайта-қайта өзгерістерге ұшырап, әуелі №716 Құрылыс жөндеу пойызы, кейін №2 Темір-бетон зауыттарында өндірістік-техникалық бөлім бастығы қызметтерін атқарған. 2001 жылдың қаңтар айында «Намыс-Құрылыс» ЖШС ұйымдастырып, осы кезеңге дейін серіктестік директоры қызметін атқаруда.
Жауапкершілік жетістікке жеткізеді
«Құрылысшы мамандығының қадірі – асқақ, маңызы – терең деп білемін. Кез келген мемлекеттің, қоғамның ілгері басуын оның құрылыс, сәулет саласына қарап баға беруге болады. Жылдар ғана емес-ау, ғасырлар бойы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан нысандар, ғимараттар бар. Солардың әрқайсысында құрылысшылардың қолтаңбасы қалған. Дегенмен терең білім мен білгірлікті, жанкештілік пен жігерлікті бойына сіңіріп, құрылыс саласында қажырлы еңбек еткен, қазіргі кезде еңбек етіп жүрген азаматтар жетерлік. Құрылыс – нағыз еркектердің жұмысы дер едім. Бұл жерде батылдықпен қатар сақтық аса маңызды. Оған қоса құрылыс жұмысы өте ауыр. Құрылыс саласы қателікті кешірмейді. Жұмыстың көзін білетіндіктен, жігіттерге бағыт-бағдар беріп, жастардың бірнеше буынына тәлімгерлік жасап, олардың білікті маман, қолы епті шебер болып қалыптасуына ықпал жасадым. Құрылыстың сапалы жүруіне атсалысып келемін. Түптеп келгенде, бұл еңбегім туған жерді түлетуге бағытталған игі қадамдар десем болады. Мен әркез еңбектен, білгенімді үйретуден жалықпаймын», – дейді мекеме басшысы Ә.Сәдуақасұлы.
Серіктестікте тәжірибелі өз ісінің мамандары жұмыс атқарады. Атап айтқанда директор орынбасары Жанболат Сәдуақасов құрылыс саласында тәжірибесі мол, әрі білікті маман деп айтуға болады. Осы білгірлігінің арқасында жоғары нәтижелі көптеген обьектілер тапсырылды. Ұжым арасында үлкен абыройға ие. Өндірістік техникалық бөлім басшысы Кенжалы Мергенбай, қызметкері Тұрар Аралбаев тәжірибелі әрі білікті маман. Жұмыс өндіруші Әбдірахман Алтынбаев өз ісінің маманы және құрылыс саласында тәжірибелігімен ерекшеленеді. Өндірістік базасының меңгерушісі Нұрлан Кенжебаевтың алғырлығы мен тапқырлығы және тапсырылған тапсырманы нәтижелі әрі жедел түрде ұйымдастырады. Механизм ремонттау жұмыстары жедел әрі қарқынды деңгейде жүргізілуде. Вагон түсіру және тиеу жұмыстары жылдам әрі уақытында орындалуда.
Жұмысшылар арасында жұмысқа деген қызығушылығы, ынтасы мол жас мамандар механик-жүргізуші Т.Кыдырбаев, жүргізуші-автокраншы Б.Жандос, арнайы техника жүргізушілері А.Сазанбаев, Ж.Кайнбаев, Д.Абылай, бетоншылар Б.Аролов, Н.Досмырзаев, автокраншы Б.Дәуқара, ағаш ұстасы Е.Елеубай, газ электр дәнекерлеуші К.Сарсенбай, тас қалаушы К.Құрманбаевтың ұжымдағы орны ерек.
«Біздің ұйым әріптестерге үнем қажетті көмек көрсетеді, аз қамтылған отбасыларға мүгедектерге және қарттарға көмек көрсетуге мұқтаж жандарға және қайырымдылық демеушілік науқандарға белсенді қатысады. Біз көп жылдар бойы құрылыста және кәсіпкерлік қызметте елеулі табыстарға қол жеткіздік. Қазақстанның осы әлеуметтік статистикасы бойынша біздің кәсіпорын 2013, 2014, 2015, 2016, 2018, 2020, 2021 жылдар бойынша «Сала көшбасшысы» құрмет атағына ие болып, ұлттық сертификаттар берілді», – дейді Ә.Сәдуақасұлы.
Құрылыс саласындағы қызметтері бойынша, жоғары мемлекеттік қызметтің үлгісі болып табылатын, ерекше еңбек жетістіктері үшін Әбдімәлік Өтеулі 2013 жылы «Қазақстан Даңқы» орденімен, 2014 жылы «Қазақстан экономикасының Даңқ жұлдызы» ордендерін иеленген. Бірнеше рет Қызылорда облысы, Қазалы аудандық және облыстық әкімдіктерінің Құрмет грамотасымен және ҚР Индустрия және даму министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Басқару процесіне қосқан жеке елеулі үлесі, ерекше еңбек жетістіктері, еңбекке деген адалдығы мен кәсіби шеберлігі бағаланып, 2013 жылы «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы» атағы кәсіпорын директоры Әбдімәлік Өтеуліге берілген. Жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін басқарма мамандары мен инженерлік-техникалық қызметкерлер де марапатталды. Жоғары еңбек жетістіктері мен кәсіби шеберлігі үшін директордың орынбасары Жанболат Сәдуақасов «Еңбек қызметіндегі тиімділігі үшін» медалімен және Қызылорда облыстық құрылыс басқармасының алғыс хатымен, Қазалы аудандық және облыстық әкімдіктерінің құрмет грамотасымен марапатталды. Басқару процесіне қосқан жеке елеулі үлесі, ерекше еңбек жетістіктері, өз ісіне адалдығы мен кәсіби шеберлігі үшін «Жыл маманы – 2013» номинациясы бойынша Ұлттық сертификатпен, Қызылорда облыстық әкімдігінің Құрмет грамотасымен, Қазалы аудандық құрылыс басқармасының Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Индустрия және Даму министрлігінің Құрмет грамотасымен Кенжалы Мергенбай марапатталды. Кәсіпорынның дамуына қосқан елеулі үлесі, жемісті еңбегі, жоғары кәсіби деңгейімен, өз ісіне адалдығы үшін Ғалымжан Аңсатбай «Бухгалтерлік есеп және аудит – 2013» номинациясы бойынша Ұлттық сертификатпен марапатталды. Қазалы ауданы әкімдігінің алғыс хатымен және Қазақстан Республикасы құрылыс министрлігінің Құрмет грамотасымен Абрахмен Алтынбаев марапатталды. Басқару процесіне қосқан жеке елеулі үлесі, ерекше еңбек жетістіктері, өз ісіне адалдығы және кәсібилігі үшін Тамара Трунова, Нұрлан Кенжебаев, Өтеулі Нұртуған «Жыл маманы – 2015» номинациясы бойынша Ұлттық сертификатпен марапатталды.
Еңбек ерді өсіреді, бақытқа бөлейді. Адал еңбектің арқасында абырой арқалап жүрген азаматтардың әлі талай сәулеті сәнді, келбеті келісті құрылыс нысандарының бой көтеруіне күш салатындығына сенім мол.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
ФОТО: Айнұр ӘЛИ