Көркейе бер, Қазалым!
Биыл Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде абаттандыру, құрылыс жұмыстары қарқын алды. Атап айтар болсақ, Қазалы қаласы мен аудан орталығын жалғап жатқан көше жұмысы, Әйтеке би мен Жанқожа батыр көшесі тас жолының жаңаруы, сонымен қатар «Жеңіс» саябағының толықтай өзгеруі ауданның әдемілігін, абыройын арттыруда.
Бүгінде аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі бірқатар саябақ, сквер, алаңдар, орталық көшелердің бойы абаттандырылып, жаңаша кейіпке енуде. Биыл қайта жаңғыртудан өтіп абаттандырылған орындардың бірі – теміржол вокзалы алдындағы Әйтеке би алаңы.
Мұндағы абаттандыру жұмыстары мамыр айының басында басталған еді. Қазіргі таңда алаңдағы жаяу жүргіншілер жолы толықтай жаңартылып, түнгі жарықшамдар орнатылып, гүлдер мен көгал егу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жаңа үлгідегі орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, аркалары жаңартылып, безендіру жұмыстары жүргізілді.
Теміржол вокзалы ауданның бас қақпасы болғандықтан, күнделікті мұнда аудан тұрғындарынан бөлек, мыңдаған қонақ пен жолаушы тұрақтайды. Сондықтан вокзал алдындағы бұл орын алдағы уақытта қазалылықтар мен қонақтардың серуендеп, демалатын орталығына айналмақ.
Бұдан бөлек, орталық алаңның да үлкен өзгеріске енуі кент көркін келтіріп тұр. Әсіресе алаңның қақ ортасында орналасқан субұрқақ. Жақында субұрқақ іске қосылғанда көздің жауын алар көрініске барша кент тұрғындары куә болды. Субұрқақтан атқылайтын судың биіктігі 7 метрге дейін жетеді. Тіпті кешкілік уақытта субұрқақта түрлі-түсті жарық жанып, су ағындарының қозғалысы өте әсерлі болмақ.
Қазіргі таңда алаңдағы субұрқақтарды іске қосып, тексеру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жазғы маусымда орталық алаңдағы абаттандыру жұмыстары толықтай аяқталып, субұрқақтар іске қосылатын болады.
– Енді аудан тұрғындары мен қонақтары үшін ендігі орталық алаң ең сүйікті орынға айналмақ. Әсіресе жаздың ыстық күндері тұрғындар мұндағы жаңадан орнатылып жатқан субұрқақты тамашалайтын болады. Тұрғындар бұған дейін жаз түссе, Қашақбай Пірімов көшесінің бойында орналасқан субұрқақтың қызығын көріп жүрген. Енді бұл кереметті орталық алаңда да тамашалауға болады. Кентіміз күннен күнге көркейіп келеді. Бұны қолға алып, жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан аудан әкіміне, жауапты азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Көркейе бер, Қазалым! – деді аудан тұрғыны Данияр Шайксламов.
Осы секілді күрделі құрылыс, көркейту-көгалдандыру жұмыстары Қазалы қаласында да қарқынды жүруде. Қала ішіндегі Ерлепесов, Мергенбаев, Уәлиханов, Рахашұлы, Әйтеке би сынды 10 көшеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, орталық алаң абаттандырылуда. Мұнан бөлек, тазалық жұмыстары да күнделікті жүргізіліп келеді.
Биыл қала ішіндегі орталық алаңға абаттандыру жұмыстары басталған болатын. Бүгінгі таңда орталық алаңдағы бұл жұмыстар аяқталды. Қала тұрғындары алдағы уақытта қайта жаңғыртылған алаңда тынығып, бос уақыттарын тиімді өткізетін болады.
Қазіргі таңда мұнда балалар ойын алаңы мен субұрқақ салынып, жарықшамдар орнатылды. Сонымен қатар алаңға брусчатка төселіп, саябақ ішіндегі орындықтар сырланып, жаңаланды.
Серік ӘЛИҰЛЫ
ФОТО: Нұрлан ҚАНАТ