Кент көркі артуда
Бүгінде Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Шаһардың хас беті саналатын теміржол вокзалы аумағы мен вокзал алдындағы Әйтеке би алаңы жөндеуден өтеді.
Сонымен бірге Жанқожа батыр көшесінің бойындағы аудан әкімдігі ғимараты мен Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей және 600 орындық Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы ғимаратының алды абаттандырылады.
Осылайша «Руханият» скверіне айналады деп күтілуде. Орталық көше бойындағы Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей, аудан әкімдігі ғимараты және Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы ғимараттарының алдына брусчаткалар төсеу, жаяу жүргіншілер және велосипед жолын салу, субұрқақтар мен түнгі жарықшамдар, жаңа үлгідегі орындықтар, кіші архитектуралық мүсіндер орнату, балалар ойын алаңдары салу, гүлдер мен көгал егу жұмыстары жүргізілмек. Алдағы уақытта бұл орын қазалылықтардың серуендеп, бос уақыттарын тиімді өткізіп, демалатын орнына айналмақ.
Бұдан бөлек аудан орталығындағы орталық алаң мен «Жеңіс» саябағын көркейту жұмыстарын да жандандыру жоспарда бар-тын. Әйтеке би кентіндегі Орталық алаңды кеңейту және жақсарту мақсатында абаттандыру жұмыстары басталды. Жобаға сәйкес алаңға жаңадан қазақи нышандағы брусчатка төсенішін салу, субұрқақ орнату және жаңа типтегі балалар ойын алаңы мен кіші сәулеттік формалар, гүлзарлар орнатылады. Сонымен қатар Төремұрат жырау көшесі бойына кәсіпкерлік мақсаттағы дүңгіршектер орналастыру жұмыстары қаралған.
Айта кеткен жөн, жалпы көлемі – 6500 шаршы метрді құрайтын Орталық алаңды абаттандыру жұмыстарымен «СК и Монтаж-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Әйтеке би кентіндегі Орталық алаңды кеңейту және жақсарту мақсатында абаттандыру жұмыстары басталды.
Қазіргі таңда Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс» саябағында күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта аудан халқының демалып, серуендейтін саябақ ішінде ойын және спорт алаңдары, бассейн, түрлі демалыс орындары бой көтереді.
Сондай-ақ келушілерге арналған сауда қатарлары, жастар бас қосатын арнайы орындар және басқа да тұрғындардың бос уақыттарын тиімді өткізу бағытында бірқатар нысанның құрылысы жүргізіледі.
Саябақ ішіндегі бұл жұмыстардың барлығы аяқталғаннан кейін қазалылықтар мен аудан конақтары Қазалы мәдени-демалыс кешеніне айналған керемет орында бос уақыттарын тиімді өткізеді деп көзделуде.
Бүкілхалықтық серуендейтін «Жеңіс» саябағы ішінде басталған абаттандыру жұмыстарын аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет күнделікті бақылауда ұстайды. Абаттандыру ісімен айналысатын мердігер мекеме және тиісті сала басшыларына жұмыстарды жеделдетіп ең әуелі сапасына аса мән беруді тапсырды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА