Краншы Күлпаршын

Үлкен цех ішінде қызу тірлік. Тасыр-тұсыр дыбыстар, қарбаласқан жұмысшылар. Әрқайсысы өз жұмысын ұқыпты атқаруға ынтамен кіріскен. Бұнда артық сөз, бос тірлікке уақыт жоқ. Біз де жылдамдата жүріп, өзіміз іздеген жанға қарай беталдық. Кранды тізгіндеген Күлпаршын Ізмаханқызынан аз-кем уақыт бөлуін өтіндік.
– 1968 жылы 8 шілдеде дүниеге келдім. Анам Дариха Арыстанбекова локомотив жөндеу депосында жұмыс жасады. Анам 28 жасында жесір қалып, бес баланы оқытып, жеткізді. Жастайымыздан еңбекке жақын қылып өсірді. Адал ас тауып жеуді, біреудің ала жібін аттамауды үнемі құлағымызға құйып отыратын. Қазір марқұм болып кетті. Сол кісінің тәлімді тәрбиесімен алға жылжып келемін. Қазір тепловоз жөндеу зауытында кран жүргізушісімін. Теміржол темірдей тәртіпті талап ететін сала. Қиындығы да жоқ емес. Дегенмен талай жылдан бері бұл саланың ыстығы мен суығына қанық болып қалдым, – дейді краншы К.Арыстанбекова.
Күлпаршын Ізмаханқызы Қазалы ауданының техникалық мектебін бітіріп, 1986 жылдың наурыз айынан бастап жұмысқа қабылданған. Содан бері қырық жылға жуық уақыт теміржол саласында тер төгіп келеді. Жолдасы Орысбай Жаманов ТД-23 депосында теплавоз жүргізушісі болып еңбек етіп, бүгінде зейнетінің бейнетін көріп отыр. Бұл отбасында төрт қыз, бір ұл өсіп-өнді. Орысбай Жолдасұлы мен Күлпаршын Ізмаханқызы алты немеренің сүйікті атасы мен әжесі. Ұлдары Дәурен де әке-шеше жолын қуып, теміржол саласын таңдаған. Ол ТД-23 мекемесінде машинист көмекшісі.
Қазір тәжірибе мен білімді толыстырған краншы ең алғаш жұмысқа кіріскен жылдары көптеген аға-апаларының ақыл-кеңесін тыңдап, көрген-білгенін көкейіне түйіп өскендігін айтады. 18 жастағы бойжеткеннің табандылығы мен жауапкершілігін байқаған басшылық тарап, түрлі тапсырмалар беріп, шыңдай түскен.
– Ол кездері бұл менің қолымнан келмейді деген сөзді айтпайтынбыз. Қандай жұмысқа үйретсе де қағып алуға тырысатынмын. Мен үлгі тұтар жандар жетерлік. Жұмысқа қабылдаған Әмірхан Өмірзақов деген кісінің, жұмыстың қыр-сырын үйреткен Гүлзипа апайымның еңбегі зор болды. Бөліп-жармай бәріне алғыс айтамын. Күнделікті таңертең жұмысқа келген сәтте кранды жан-жақты тексереміз. Ешқандай ақаусыз жұмысқа кірісеміз. Үйреніп кеткендіктен болар, маған кран айдаудың еш қиындығы жоқ. Ең бастысы жауапкершілік, ұқыптылық, қырағылық қажет», – деген Күлпаршын Арыстанбекова жанымызда көп аялдамастан жұмысына кірісіп кетті.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА