Тапсырмаға тиянақты краншы
Шолпан Қожагелді Аралқұм станциясында туып, сондағы орта мектепті тәмамдаған. Он жылдық білімнен кейін Ақтөбе қаласындағы училищеден 8 айлық курс оқып, «Краншы» мамандығын меңгерді. Бұл мамандықты таңдауына әкесі Нұрғали Бұрашов пен өзге де бауырларының теміржол саласында қызмет еткендігі әсер етті деп есептейді. Он сегіз жастағы бойжеткен алғаш рет 1979 жылы Қазалы локомотив жөндеу зауытына жұмысқа орналасып, кран жүргізуге кірісіп кеткен еді. Міне, содан бері Шолпан Нұрғалиқызы өмірінің отыз тоғыз жылын кранмен байланыстырған.
Осында жүріп өмірлік серігі Темірхан Қожагелдіні кезіктірді.Темірхан Ешмұратұлы да аталған мекеменің «Телешкі жөндеу» цехында слесарь. Теміржол саласының дамуына өзіндік үлес қосып жүрген ерлі-зайыпты жандар өмірге үш ұл әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Олардан немере сүйіп отырған ата мен әже.
Бүгінде өз ісінің тәжірибесі толысқан маманы атанған Шолпан Нұрғалиқызы мамандығының қыр-сырын тереңірек меңгеруіне себепкер болған Гүлзипа Айтмамабетованы ұстазы санайды. Ал, өзі де кейінгі толқынға білгенін үйретуден жалыққан емес.
Ер азаматтардан кем еңбек етпейтін абыройлы краншы қашанда ұқыпты. Темірдей тәртіпті талап ететін теміржол саласының әрбір жұмысшысына керек қасиет – жауапкершілік Шолпан Нұрғалиқызының бойынан табылады. Тапсырылған тапсырмаға тиянақты, жүктелген жұмысқа өте жауапты. Осындай мінезінен болар кезінде облыстық кеңестің депутаттығына сайланды. Мекеме басшылығы тарапынан «Алғыс хаттар» мен «Құрмет грамоталарын» иеленді.
«Таңертең жұмысқа келген сәтте кранды жан-жақты тексереміз. Ешқандай ақаусыз жұмысқа кірісеміз. Үйреніп кеткендікі болар бәлкім, маған кран айдаудың еш қиындығы жоқ. Ең бастысы жауапкершілік, ұқыптылық, қырағылық қажет», – дейді краншы.
Өмірлерін теміржол саласымен сабақтастырған Темірхан мен Шолпанның ұлдары Мұрат Ешмұратовтың та негізгі мамандығы машнистің көмекшісі. Алайда, заман талабына сай кәсіпкерлікпен айналысуға бет бұрған. «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы білім алып, сертификат иелеген Мұрат Темірханұлы мал шаруашылығын өрістетуді қолға алған.
Балаларына «Бақыттың кілті – еңбекте» екендігін ұғындыра алған әке мен ананың үмітін ұлдары да ақтап келеді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.