Тиянақты таратушы
Әріптестері салмақты, жауапты, тапсырылған іске тиянақты деп таныстырған таратушы жігіт Жасұлан Төкемен төл мереке қарсаңында тілдесудің сәті түсті. Жасұлан «Сыр Медиа» серіктестігіне қарасты аудандық «Қазалы» газетінің тарату бөлімінде жұмыс істейді.
Аталған мекемеде тарату бөлімі ашылған алғашқы жылдан бастап Жасұлан таратушы болып қабылданды. Міне, содан бері тұрғындардың алғысын арқалап жүр. Тынбай еңбектенудің арқасында жұмысы алға басқан ол «осы салада жүріп түйгенім, газет таратушы үшін көк сөмкені арқалаудан елдің алғысына бөлену қиын» дейді. Күйбең тірлікке толы таратушы жұмысының қызығымен қатар қиын тұстары жетерлік. Қыс мезгілінің қақаған ая¬зына, шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан «оқырмандар газетті уақытылы оқысын» деп еңбек ететін Жасұланға тұрғындардың ризашылығы мол.
«Қ.Пірімов көшесінің тұрғынымын. Күнделікті теледи¬дар жаңалықтарын тыңдап, газет- журнал оқу бұрынғы дағдым. Аптаның қай күні қай газет шығатынын да жақсы білемін. Таратушы жігітке ризамын. Газет қай күні шықса, сол күні қолымызға жетеді. Оқырман үшін бұдан артық қуаныш бар ма? Ең бірінші кезекте өзіміздің облыстың, ауданның жаңалықтары қызықтырады. Сол себепті болар, Жасұлан тарататын газеттерді асыға күтемін», – дейді Н.Әбуов.
Ал, «Қазалы» газетінің тарату бөлімінің менеджері Мейрамбек Кеулімжаев: «Тарату бөліміне газет әр аптаның сейсенбі, бейсенбі және сенбісінде баспа¬ханадан жеткізіледі. Осы күндері тұрғындарға газет¬тер таратылуы тиіс. Жасұлан Әйтеке би кентіндегі 16 көшеге газет таратады. Ол ұжым арасында жұмысына жауаптылығымен сыйлы. Еңбек еткеніне үш жыл¬дан астам уақыт өтті. Көшелер мен үйлердің реттілігін жақсы біледі» –дейді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА