Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыр істі еңсерген краншы

Ауыр істі еңсерген краншы

Қазақстан теміржолы бойынша Қазалы тепловоз жөндеу зауыты қалған зауыттардың арасында өзінің ерекше орны бар ірі өндіріс орны саналады. Өндірістегі шешуші тұлға – білікті мамандар, мұндағы күн-түн деместен жүретін жұмысшылар көптеген жылдар бойы осы зауытқа өздерінің күш-қуатын, аянбай тер төгіп келеді.
Бүгінде зауыт ұжымының алға қойған мақсаттары бар. Басты міндет – халыққа қызмет жасау, оны жеке тұлға есебінде сыйлау, еңбек жағдайын жасау, өндірстік табыс пен байлық болып табылады. Діттеген мақсатқа жету үшін кәсіп орынның қуатын күшейту, ғылыми техниканы кеңінен пайдалану, еңбек нәтижесі пайдалы болу, зауыттың келешекте өркендеуіне, болашақ күнге сеніммен қарап, үнемі жеткен жетістіктерді жаңартып отыру – келешек өркендеуіміздің қажеттілігі негіз болады.
Бұл жерде ерлермен қатар әйелдер де иық тіресе ауыр жұмысты еңсеруде. Солардың қатарында Лиза Тұрсынбайқызы «Қамқор Локомотив» ЖШС филиалы Қазалы локомотив жөндеу зауытының көпірлі кран жүргізушісі болып еңбек етеді. Қырық жылға жуық уақыт 5 разрядты көпірлі кран жүргізушісі болып жұмыс жасайды. Осы жылдарда еселі еңбегі еленіп, талай құрметке бөленді. Жақында аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Ұжым, ағайын-туыс, дос-жарандардың арасында сыйлы жан өз кәсібін ерекше сүйіспеншілікпен атқарады. Оның өмірдегі бұлжымас ұстанымы – қиындыққа қайыспау жетістіктің бастауы. Ол ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Адам өз өмірінде екі нәрсені таңдауда қателеспеуі керек: біреуі – жар таңдау, екіншісі – мамандық таңдау» деген тәмсілін жанына жақын тұтады.
– Краншы болғаныма намыстанып, не ауырсынбаймын. Өйткені өзімнің қалауыммен таңдалған кәсібім. Шүкір соның арқасында бұйырған несібемді тауып отырмын. Үш қызымды қияға ұшырдым. Ұлымды оқыттым. Алты нәзікжанды менімен Ақалтын, Күлзипа, Гүлбаршын, Айнұр, Жәмила, Қаламқас есімді қыз-келіншек кезектесіп, аусыммен жұмыс істейміз. Екі күніміз кранда өтсе, екі күн демаламыз. Қызмет барысында үлкен зілдей темірлерді көтереміз. Сондайда слесарьлардың өміріне алаңдаймыз. Солардың қауіпсіздігін ойлаймыз, – дейді Лиза Құспанова.
Оның айтуынша, теміржолшылар отбасында тәрбиеленген. Ата-анасы депода қызмет еткен.
– Анам бала кезімде бізде үлкен кран бар. Оны жас қыздар басқарады. Өздеріне ұнайды кәсіптері деп айтып отыратын. Сонда іштей қызығып жүретінмін. Әкеме түстенуге тамақ тасығанымда көзімнің қиығымен сол краншыларға қарап кетемін. Уақыт өте қызығушылығым оянды. Мектеп бітірген соң анам өзінің жанына жұмысқа орналастырды. Әуелде тазалықшы болдым. Кейін кранды меңгеру жолдарын үйретіп, емтиханнан өткен соң осы мамандықты маған жүктеді. Жұмыстың қиындығы мен қызығы бірге жүреді. Дегенмен бұл ісімді жақсы көремін. Жұбайым да теміржолшы, – дейді краншы.
Осындай еңбекқор, ауыр жұмысқа төтеп беретін жұмысшылардың арқасында зауыт бұрынғысынша көрікті, қайта қуатталып жаңа өмір талаптарына сай алға қарай қарқынды қызмет атқаруда.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
11 наурыз 2023 ж. 341 0