Абай кабинеті ашылды
Қазалы қаласындағы білімнің киелі шаңырағы Қалжан Нұрмаханов атындағы №95 мектепте ұлы ақын Абай Құнанбайұлына арналған«Абай мұрасы – ұрпаққа тағылым» атты ұлықтау шарасы өткізілді.
Осы игі шараға облыстан Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, «Абай» атындағы алтын төсбелгісінің иегері, Абайтанушы, жоғары санатты ұстаз Абат Жолдасқызының 80 жасқа толуына орай кештің құрметті қонағын, мектеп оқушылары өнерімен қарсы алды. Кеш Абай мұраларын әр пән мұғалімінің зерттеуі, ізденіс пен тәжиірибеден жинақталған «Абай және Алаш тағылымы» атты көрмесінен бастау алып, мектептегі Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Шоқан Уәлиханов кабинеттеріне мектеп мұғалімдері Лаура Дармырза, Алтын Маратқызы, Жанат Нурекешова экскурсия жүргізді. Әр кабинет өз ерекшелігімен қонақтарды қызықтырды. Заманауи жабдықтар, келісті көрнекіліктер әрбір білім алушының көз алдында тұрған бағдаршамдай берер бағыты айқын, зерделеріне тоқып алары сөзсіз.
Ақын мұраларын дәріптеуге арналған кештің ең басты шараларының бірі – Абай кабинетінің ашылуы, ұлы ақын мен Абайды әлемге танытушы Мұхтар Әуезов пен шәкіріті Шәкәрім Құдайбердіұлы арасындағы диалог арқылы ашылған шара, оқушылардың ақын өлеңдерімен жалғасын тапса, география пәні мұғалімі Назира Садуакас Абайдың «Толық адам» ілімін негізге ала отырып, кеш қонақтарымен шебер сынып өткізді.«Толық адам» ілімінің тарихының тереңнен тізбектей отырып, ілімнің бастау алуы мен жалғасуы, қоғамға берер пайдасы, адамның болмысы, Абайдың айтпақ ойын, Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды тұлғалармен байланыстыра отырып дәлелдеп, кеш қонақтарының қызығушылығын оятып, белсене қатысуға ерекше күш салды. Шебер сыныптан соң «Бойтұмары – Абай сөзі, Абайтану ілімі» атты Абат Жолдасқызымен кездесу кешіне ұласты. Оқушылардың өлеңдерге жан енгізіп, әр сөзіне мән беріп оқуы, ақынның айтар ойын тыңдарманға еркін жеткізуі, сахналық қойылымдар, Пушкиннен аудармасы Татьяна мен Онегиннің поэмасынан үзіндісі, ақынның әндерінің шырқалуы бәрі бәрі, ұйықтап жатқан жанды селт еткізіп оятқандай кеш қонақтарының қызығушылығын оятып, жақсы көңіл күй сыйлады. Әрбір пән мұғалімі тереңнен маржан жиғандай, бұл шарадан тың идеяларды қоржындарына ала кеткені анық.
Шараны ұйымдастыруда ұлтымыздың ұлықты ұлыларын қайта тірілтіп, олардың бай мұраларын зерттеп, оқушылардың бойындағы білімнің қайнар бұлағының көзін ашып жүрген ұстаз Эльмира Ержанованың еңбегі зор. Үш жылдық еңбек өзіндік нәтижесін беріп, зерделі білімді оқушы мен жаңашыл, ізденімпаз ұстаздар дайындалғанынан көруге болады. Білім мен ұйымдастырушылықты қатар алып жүрген мектеп басшысы Оңталап Төлегенұлы мен ұжымның ауызбіршілікпен жұмыс жасауынан көрінеді.
Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» деген Әбу Насыр әл-Фараби атамыздың айтып кеткен сөзі бүгін тағы да бір дәлелденді.
Жақсымен өткен жарты сәт-бір бақыт. Бүгінгі күн Абай қайта тірілген күн болды.
Эльмира ШӘМЕТОВА