Ойшылдар мұрасы жайлы ой қозғалды
Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектепте «Қазіргі оқу – тәрбие үдерісіндегі ұлт ағартушыларының педагогикалық идеясы: ізденіс, тәжірибе, нәтиже» тақырыбында аудандық семинар өтті. Семинарға аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары, әдістемелік кабинет меңгерушісі Лаура Разаққызы қатысты.
Ыбырай, Абай, Ахмет, Мағжанның педагогикалық мұрасын қазіргі оқыту үдерісіне енгізу, тәжірибеде қолданудың тиімді жолдарын көрсету, мұғалімдердің кәсіби жетілуіне ықпал ету жиынның басты тақырыбы болды.
Семинар қарсаңында мектептің кіре беріс залына шығармашылық көрме ұйымдастырылып, салтанатты түрде ашылды. №100 мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі А.Темірова «Даланың таза бұлағы» TEDx конференциясын, №276 мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Б.Есіркепова, С.Өтепова Абай Құнанбайұлы «Жетінші қара сөзін» талқылады. Ал №182 мектептің директоры Г.Бақытбергенов «Ұлт ағартушыларының педагогикасы өз бағасын алды ма?» деген сауал төңірегінде дебат өткізсе , №95 мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Э.Ержанова «Ұлт мектебінің жүрегі» тақырыбында ток – шоу ұйымдастырды.
Бұдан бөлек, №182 мектептің жанынан ұйымдастырылған мектеп театры Ж.Пірназарованың жетекшілігімен «Ұлт поэзиясының падишасы» атты Мағжан өмірінен сахналық қойылым көрсетті.
"Қазалы"ақпарат