Ел сыйлаған Ешнияз сал
Сыр топырағы көне түркіден келе жатқан өнер мұрасын дәріптеген жыршы-жыраулық дәстүрімен дараланады. Болмысы бөлек, мақамы ерек, мазмұны тәлімді туындылар тудырып, орындаушылық шеберлігімен көптің көңілінен табылған шоғыр арасындағы шоқтығы биік тұлғаның бірегейі – Ешнияз сал.
Әдетте «сал» мен «сері» сөзі қатар айтылғанымен, олардың әрбірінің өзіне тән айырмашылығы сондай-ақ ұқсастықтары да бар. Серілер – таза, етек-жеңі жинақы қымбат матадан, оқалы зерлі әшекейлі киім киюімен ерекшеленеді. Ал сал – өзгелерден ерекшеленетін ерсі мінез, аттан құлау, ерекше күлкілі киім кию сынды әрекеттерімен дараланғаны жалпақ қазаққа белгілі. Дәстүрлі драма өнерін дамытқан дала дарындарына артылатын жүк те жеңіл болмаған. Серілерде орындаушылық қасиет басым болса, салдардың репертуары басымдау келген.
Серілікті серік еткен жандар көп болғанымен, олардың барлығына салдық атақ берілмеген. «Салдық салыстыру» деген салт осының айғағы. Онда салдардың өзіне тән ерекшелігі, суырыпсалмалық қабілеті, тез шешім қабылдауы, саяткерлігі, жомарттығы да сынға түскен.
Салдар көшінің басында тұратын Біржан сал, Жетісу жеріндегі Дәурен сал, арқалық Қаспақ сал, Қырмызы сал сынды санаулылар санатындағы Ешнияз салдың қазақ өнеріне қосқан үлесі зор, орны айрықша.
Ешнияз Жөнелдікұлы 1834 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қуаңдария ауылында дүниеге келген.
Өнер жастайынан бойында қылаң берген баланы ауылдағы жыршы-термешілер қатты қызықтырады. Бертін келе солардан меңгерген азды-көпті өнерін ортаға салады. Жігіттікке жеткен шағында жүрген жерін думанды дүбірге бөлеп жүретін жігіт сурып салма, сұңғыла білімділігімен көптің ықыласына бөленеді. Алдымен өзі үйренген жыр-термелерді орындап жүрген ол айтысқа қатысып, өзі де шығарма жазатын қабілетін арттырады.
– Атандым Жөнелдіктің Ешниязы,
Еленбейді «есерліктегі» естің азы.
Жарқын жаз жадыраған жастық дәуір,
Секілді Сырдың самал кешкі жазы.
Мен едім Ешниязы Жөнелдіктің,
Сейісіндей сындарлы сөз шеберліктің,
Жай-жаздай жас жеткен соң өзгерілді,
Болмай жүр бар қадары сенерліктің, – деп таныстыратын өлеңі өзінің өнердегі орны мен шығармашылық портретін айқындата түседі.
Келешек ұрпаққа кенен мұра қалдырған Ерімбет Көлдейбекұлы, Даңмұрын Кенжебекұлы, Жүсіп Қадірбергенұлы, Омар Шораяқұлы, Тұрымбет Салқынбайұлы, Әлиакпар Жұматайұлы, Жүсіп Ешниязұлы сынды ақындар Ешниязды ұстаз тұтып, үлгісін жанына серік етеді.
Ешнияздың жолын жалғаған шәкірті әрі перзенті ел арасында Кете Жүсіп атанған Жүсіп Ешниязұлы да бар. «Шаһзада», «Сұр мерген», «Мекер қатын», «Зейпін қыз», «Бір қарт адам», «Барымта» дастандарын жазып, айтыстары, көркем шығармларымен танымал болған.
Терме толғаулары, тақпақ өсиет жырлары, хикая дастандары, көңіл қос, ғашықтық жырлары, айтыс өлеңдері де жеткілікті. Бір ғана «Қадірлей біл қартыңды» атты толғауында адам өмірін бір сәтте көз алдыңа оралтады. Балалық бал дәурен бұлақтай сырғыса, сәдірмек, жігіттік, кісіліктен кәрілікке дейінгі жүріп өткен жолды құйқылжыта теңеумен құбылтып, зерделі ойға шомдырады. Ұсынықты келіншектің қолынан шыққан кестелі орамалдай көркемдігі қандай?.. Бір-бірінен алшақ, кереғар ұғымның өзі қиюласып, егіздене өрілгенде, талғампаз тыңдарман туындының бітпеуін қалайды.
Күз бен жаз, көктем күніндей.
Көз жазып қалдық олардан,
Кәрілік шіркін келді де,
Түнерген қыстың түріндей.
Келе сала құрығын,
Икемдеп кетті кем-кемнен.
Еске алып еңбек сіңірмей,
Сонда да болса соңғылар,
Естеріңе салғаным
Қадірлей біл қартыңды.
Күдер үзіп түңілмей.
Сал-сері, композиторлығымен де көптің есінде қалған. Сондай-ақ Сыр өңіріндегі күйшілік өнердің көрнекті өкілдері саналады.
Көмейден күмбірлеп төгіліп, ежелгі түркілік өркениеттен басталған құдіретті өнер көшінде жыршы-жараулар мектебінің репертуары өзінің тереңдігімен талайды тамсандырып келеді.
Оның ел арасында сақталған күйлері күні бүгінге дейін көптің «қолқалайтын» танымал шығармалардың қатарында. Күй атасы Құрманғазының біздің жерге келген сапарында Ешниязбен кездесіп, бір-бірімен әсерлі әңгіме өрбіткендігі туралы деректі мағлұматтар бар. Қос тарлан сол сапардан соң бір біріне айнымас дос, тілеулес бауырға айналған деседі.
Алты алашқа сөзі жеткен азамат ұзақ уақыт билік тізгінін ұстап, ауызбіршілік пен берекенің ұйытқуына ұйымшылдық еткен. Тың жерге түрен салып, егін ектірген басшының бастамасын ауылдастары аңыздай айтады.
Шайыр Әлиакпар Жұматаев «Шежіре» атты жыр толғауында:
– Ешнияз ерке туды Жөнелдіктен,Өлеңнен кесте тікті жібек жіппен.
Ерлігі билігімен қатар болды,
Бахаста бас тартпаған ауыр жүктен, – деген жолдарында өнермен бірге ел сенімінен табылған адал перзент, айтулы азамат екенін аңғаруға болады.
«Су анасы – бұлақ» деген. Шөліркеген жұртқа бұлақ қазып, су жеткізген жақсылығы жұрт жадында. «Ешнияз бұлағы» жақсының аты өлмейтініні ұқтырып, ұзақ уақыт халыққа қалтқысыз қызмет еткен.
Ешнияз Жөнелдікұлын даралайтын тағы бір қыры – айтыскерлігі. Айтыскер болып ауыл-аймақтағы жиын тойда сөз жарыстырған жоқ, жердің, елдің мүддесін Ырысты қыз Шынар қыз, Канекес, Серәлі қожамен айтысында жеткізді.
Құрдасы әрі қанаттасы болған әйел ақын Ырыстының жұмбағын шешуге қатысқан он алты ақынның бірі осы Ешнияз сал. Тағы бір ерекшелігі осы айтыста жұмбақтың алғашқы шешімін айтқан жан да Ешнияз еді.
– Керуен түйең бар ма қос артқандай,
Қос артып, жүк түйесін босатқандай.
Өзің де қартқа басқан кісі екенсің,
Кәріні бар ма амал жасартқандай?
– деген жұмбаққа сал былайша
жауап қатады:
Керуенмін түйем артып, келіп ем кез,
Кездестік жол үстінде сіз бенен біз.
Өзіңдей нағыз сейіс қолға түссе,
Кәрінің жасармағы бір сұлу қыз, –
деп.
Композитордың соңында қалған өміршең мұраларының қатарында әсем әндері бар. Бір жүрекке жылу, дәтке қуат берсе, бірі әсерлі ойға шомдырады. Халық арасында көп айтылатын «Әуия», «Ой-ой», «Айтжан-ай», «Гөй-гөй», «Жүрек сазы», «Дүрдараз», «Желдірмая» сынды әндердің танымалдығы сонша, кейде халық әндері деп хабарланып жүрген жағдайы бар.
Белгілі музыка зерттеушісі А.Е. Затаевич құрастырған «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына Ешнияз Сал Жөнелдікұлының 6 әнінің енуі кездейсоқ емес.
Алтын Қосбармакова