Бас киімнің киесі мен иесі
Байқасаңыз, бүгінде тақия кию сәнге айналды. Кейінгі кезде көшеден төбесіне тақия қондырған талайды көзім шалып жүр. Тіпті балабақшадан бастап, қазақтың той-томалағында тақия киген нәзік жандарды кезіктіресіз. Алайда көпшілік арасында трендке айналған тақия киюдің өзіндік тәртібі мен талғамы барын ұмытып кеткенге ұқсаймыз. Себебі, қазақта кез келген бас киімнің киесі мен иесі бар.
Көпшілікке кеңінен таныс тақия – барқыт, қамқа немесе оқалы паршадан жасалған жеңіл жазғы бас киім. Қыздар киген тақия – кестелеп, сырып тігілген дөңгелек, жеңіл бас киім. Үкілі тақия қазақ қыздарының ерекше ұнатып киетін бас киімі. Ол ұлттық өрнек мәнеріне тігілуіне қарай әр түрлі болған. Қыздардың тақиясы қызыл, күлгін, жасыл тағы басқа түстермен, шұға, барқыт, мәуіті сияқты маталармен тігіледі. Түрлі-түсті моншақ-маржан, алтын, күміс теңгелер және асыл тастармен безендіріледі. Үкінің үлпілдек қауырсынын әсемдік үшін тақияның төбесіне қадайды.
Ежелгі уақытта олардың шетін құндыз, кәмшат, тиін терісімен жиектеп тігіп, күміс және алтын тоқыма баумен әшекейлеген. Күйеуге тиетін кезде дәстүр бойынша қызға сәукелені, басқа да киімдерін әкесінің үйінде ұзатылар сәтте жеңгелері арнайы келіп оң жақтағы үкілі тақиясының орнына кигізіп, енесінен байғазы алған. Жас келін түскен жерінде бір жылға дейін желек жамылып жүреді. Қазақта сонымен қатар "шарғы салу" деген салт бар. Ол бойынша ұзатылған қыз өзіне таяу сіңілісіне басына тартатын орамалын «ендігі кезек сенікі, бақытыңды тап» деген ниетпен тарту етеді.
Ал бүгінде ше біз қайтып жүрміз? Бұрындары тақияны сарықарын әйелдер емес, бүлдіршін қыздар мен тұрмысқа шықпаған бойжеткендер кигенін ұмытып кеттік. Әйел затының әр кезеңіне сай бас киімі болған. Қазақ бас киіміне қарап, қай тапқа, қай руға жататындығын және әйел затының тұрмысқа шықпаған қыз, келіншек екенін бірден таныған. Қазақ қызы 3-18 жас аралығында яғни, бойжеткенше үкілі тақия киген. Бес жасқа толғанда құлағын тесіп, сырға тағып, шашын өріп, шолпы таққан. Тақия қызыл, алқызыл, күлгін, жасыл түсті барқыт тәрізді матадан сырып тігілген. Құлпырған қыздың ажарын аша түсетін тақия асқан ұқыптылықпен, зерлі тігіспен, басқа да әртүрлі моншақтармен, күміс теңге, маржан тастармен әшекейленген. Үкілі тақия – қазақ қыздары ерекше ұнатып киетін бас киім болған.
Ал бойжеткен соң кәмшат бөрік киген. Бөрікті ерлер де киеді, бірақ, қыздар бөркінің сырты мақпал, пүліш, барқыт сияқты қалыңдау, қымбат матамен тысталып тігіледі, жиегі бағалы аң және мал терілерімен көмкеріледі.
Қыз ұзатылғанда басына сәукеле кигізген. Ол ұзатылатын қыздың сұлулығы мен салтанатын, байлығы мен бағасын асыра түседі. Киелі бас киімдер қатарынан саналатын сәукеле – ертеден келе жатқан қалыңдықтың негізгі атрибуты саналды. Қазақы дәстүрдегі сәукеле кигізу де ерекше салт. Қалыңдыққа сәукеле кигізу рәсіміне барлық құда-құдағилар шақырылып, ақ бата айтылып, жөн-жоралғы жасалып, сәукеле кигізуші "ана" байғазы алған. Жалпы сәукеле ең қымбат бас киім саналған. Тастармен көмкерілген кейбір сәукеленің салмағы жеті келіге дейін тартқан, – дейді этнографтар.
Ал орамал тағу тұрмысқа шыққандықтың белгісі. Ертеректе салт бойынша, балалы болғаннан кейін әйелдер кимешек киген. Кимешек кию – ана болғанның белгісі. Кимешек баланы емізгенде айналаға өңірін ашып көрсетпей, төсті жауып тұрады. Ол кеуде, иық, жонды жауып тұратын, әйелдің бет-әлпеті анық көрініп тұратын киім.
Міне, әр бас киімнің өзіндік орны мен киетін адамы болады. Осыны естен шығармай, ескі салтты сақтап, естілікке бет бұрғанымыз жөн болар.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ