Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кемел дәстүрлерді сіңірген кенен өнер

Кемел дәстүрлерді сіңірген кенен өнер

Қазақ саз өнерінің ғасырдан-ғасырға мұра болып жеткен ерекше құндылығының бірі – күйшілік өнер. Бір ғана әуенге бірнеше мағынаны сыйдыра білген дала дәулескерлерінің соңында кенен мұра қалған. Ал осы күйшілік өнер Сыр бойында дамыған ба? Бүгінгі тақырып сол жайлы болмақ.
Қазақ халқының көшпелі өмір салты, тұрмыс-тіршілігі, салт-санасына орай бір-біріне ұқсамайтын әлденеше күй мектептері қалыптасқан. Соның бірі – Сыр өңірі күйшілік дәстүрі. Сыр бойы – ән мен күйдің отаны, түбі бір түркі әулетінің қастерлі қонысы. Заманында отыздан астам сәулетті қала мен көрікті кент бой көтерген бұл өңірде түбірі түркінің баба өнері тел тоғысқан. Сыр күйі – өзінен бұрынғы кемел дәстүрлердің ең озық үлгілерін бойына сіңіріп барып дүниеге келген өнер.
Бастауы әріден келе жатқан аталмыш күйшілік дәстүрдің бүгінгі ұрпаққа жеткен үлгілерінде мазмұндық тереңдік, орындаушылық шеберлік, рухани даралық, көркемдік құндылықтар айқын байқалады. Арғы ата тегі аты аңызға айналған Қорқыттан өрбіген мұндағы күйлері Үсен төре, Шал Мырза, Жалдыбай Елеукеұлы және Қазанғаптар өнерімен даму кезеңін өткізіп, Әлшекей, Құрақтың Досжаны, Жаңаберген, Теңізбай, Нартай, Көнек сынды өнер саңлақтары арқылы қазіргі ұрпаққа жеткен.
Сыр өңірінің күйшілік дәстүрінің өзі орындаушылық ерекшелігі жағынан бір-біріне ұқсамайтын үш аймаққа бөлінеді. Олардың қатарында дарияның оңтүстік шығысында –Жаңақорған, орталығы Тереңөзек, оңтүстік-батыстағы Арал, Қазалы аудандарында күйшілік өнер айрықша дамыды. Тақырып көтерілгенде, олардың дамып-кемелденуіне өз үлестерін қосқан шебер күйшілер Әлшекей Бектібайұлы, Құрақтың Досжаны, Мырза Тоқтаболатұлының шығармашылығы туралы сөз етпеуге болмайды.
Оңтүстік шығыстағы күйшілік өнердің көрнекті өкілдерінің бірі – Әлшекей Бектібайұлы. Күйшінің өмірі, шығармашылығын зерттеп, туындыларын нотаға түсірілуіне елеулі үлес қосқандардың бірі қазіргі Ғ.Құрманғалиев атындағы Дәулеткерей оркестрінің дирижеры Еркін Нұрымбетов.
Әлшекей – күйші-композитор ретінде Сыр бойындағы музыкалық мектептің көш басында тұрған көрнекті тұлға. Қазақтың ән өнерінде Сыр бойының жыршы-жыраулық дәстүрі қандай дара болса, күйшілік өнерде де Әлшекейдің қолтаңбасы сондай дара. Ол 1847 жылы Жаңақорған ауданының Жайылма аудандық округі көлеміндегі Қаратаудың Бектібай сазы деген жерінде шаруа отбасында дүниеге келген. Күйшінің азан шақырып қойған аты – Әлішер деседі көнекөз шежірешілер. Әлшекей – ата-анасы мен жеңгелерінің сүйіп қойған аты екен. Оның домбырашы болып қалыптасуына әсер еткен екі түрлі жағдайды бөліп қарауға болады. Алғашқысы, әкесі Бектібайдың ән мен күйге құмарлығы болса, екінші жағдай, жас талап домбырашының Рүстем нағашысының тәрбиесін көруі. Рүстем айтулы сыбызғышы болса керек. Жиеніне ол сыбызғымен күй шалуды үйретеді. Әлшекейдің өнерге құмарлығы әкесі Бектібайдың төңірегіне жиналған әнші, жыраулар мен күйші, домбырашылардың ықпалымен нығая түседі. Ол 12 жасында Сыр бойына белгілі өнерпаздардан білім алып, домбырашы атанады. Үлкен-кіші өнерпаздармен күй жарысында бақ сынасады. Баласының қабілетін жете таныған Бектібай оны жиын-тойдан тастамай ертіп жүріп, Қаратаудың теріскейі мен күнгейін, Ақмешіт пен Түркістан арасын түгел аралатады. Ел көру, жер көру, халық тұрмысымен танысу оның күйшілік өнерінің көзін ашады. Әлшекейдің «Терісқақпай», «Шерлі», «Тепенкөк», «Бозінген», «Аққу», «Адасқан қаз», «Қара жорға», «Жаяу кербез», «Тайшұбар», «Отарба», «Мұңлықтың күйі», «Тоқырау», «Ол кім?», «Делқораз», «Айшамен алты тартыс», «Бұзып тартар», «Толқын», «Тоқтаған» және тағы басқа да күйлері бар.
Әлшекейдің барлық баласы да домбыра ұстап, күй шерткен деседі, солардың ішінде, Қарабала мен Дәнебектің өнері ерекше болған. Қуғын-сүргінді көп көріп, жүрегі шайлыққан Дәнебек күйді тек оңашада тартатын көрінеді. Әкесінің барлық күйін жете меңгерген Дәнебектен Өзбекстан жерінде көші-қоңы бір болған Әбдіхалық молданың Әбдіқадір деген баласы күйшінің барлық күйін үйреніп алады. Әбдіқадір Әбдіхалықов, Тынысбек Дүйсебеков сынды өнер тарландары күйшінің күйлерін толық меңгеріп, біздің заманымызға жеткізушілердің бірі.
Осы Әбдіқадір ағамыздан күйшінің күйлерін меңгерген Еркін Нұрымбетов өзінің «Сыр сүлейі Әлшекей» атты еңбегінде күйшінің шығармашылығына, шығармаларының орындалу ерекшеліктеріне кеңінен тоқталған.
Әлшекей күйлері өзінің орындалуымен ерекшеленеді. Қазақтың домбыра күйлерін шартты түрде «төкпе» және «шертпе» деп екі топқа бөлетін болсақ, Әлшекейдің күйлерін осы екі топқа да жатқыза аламыз.
Олардың қатарындағы «Жаяу кербез», «Ақжелең», «Бұқтым-бұқтым», «Терісқақпай», «Шерлі» «Толқын», «Ол кім?», «Домбырамен қоштасу», «Отарба», «Мұңлықтың күйі», «Нар соққан», «Сауда бұзар», «Желдірме» автордың стилі, шығармаларының композициялық ерекшелігін көрсетеді.
Жоғарыда аталған топтардың ешқайсысына кірмейтін «Бұзып тартар» деген күй құрылысы және орындаушылық жағынан өте ерекше.
Күй «шертпе» дәстүріне жақын, күй ойнау барысында сол қолда глиссандо әдісі көп қолданылады. Бұл күйді Әлшекей Арқаға барған сапарында Айша күйші мен шешесіне арнаған. Атының өзі айтып тұрғанындай, қарапайым күйлерден өзгешеленіп, бұзып тартылады.
Қаратау өңірі бізге «шертпе» дәстүрімен белгілі. Онда Әлшекей «Шертпе» деген күй шығарған. Сүгірдің Қаратау шертпелері секілді, әуені жағынан да сол күйлерге ұқсайды. Тағы бір дәстүр, ол «теріс бұрауда» жүретін күйлер. Күйшінің бұл бұрауда шығарған 4 күйі бізге жетіп отыр. Олар «Аққу кеткен», «Ақсақ тоқты», «Сыбызғының күйі», «Делқораз».
Әлшекейдің күйлерінде қобыз, сыбызғының сарындары бар. Әлшекей кейін бірыңғай домбыра тартып, өз жанынан күй шығаруға ойысқанда сыбызғының сазды толғауларын шығармаларында пайдаланып отырған.
Киелі күй өлкесіне ерекше дәстүрмен, қайталанбас қолтаңбасымен келген тарландардың бірі – Құрақтың Досжаны. Ол 1878 жылы Арқа жерінде дүниеге келген, бірақ, тегі – Сыр бойылық. Өніп-өскен жері – Тереңөзек ауданының Нағи Ілиясов атындағы кеңшары. Ол жерге Арқадан көшіп келгеннен кейін қоныстанған. Ертеректе Арқадағы ел мен Сыр бойы елі жаз айларында аралас-құралас болып отырған. Көктем шыға малшы ауыл Қостанай жақты бетке алып, жерінің шұрайына қарай, бір жерлерде 10-15 күн болып, үш ай дегенде Арқаға жетіп тоқтаған. Сосын қайтарға үш ай уақыт кетіп, күн суыта Сыр бойына құлаған.
Өнер иесі бала жасынан бастап жетімдік тақсыретін тартады. Төрт жасқа келгенде әкесі Наурызбай дүние салып, артынан бірер жылда анасынан айырылады. Сөйтіп, Досжан атасы Құрақтың тәрбиесінде болады. Сол замандағы елдегі жыршы-термеші, әнші-күйшілер Құрақтың үйіне соқпай кетпейтін болған. Ол – өнерқұмар, бір жағынан, жомарт кісі болса керек. Соларды тыңдап өскен Досжан домбыраны ерте кезден қолға алады. Досжанның күйлері әлде де түбегейлі зерттеуді, тың ізденістерді керек етіп отыр. Әйтсе де күйшінің өмірбаяндық деректерін, күй-аңыздарын жинастырып, жүйелеп жүрген ел арасындағы Г.Ысқақова, Б.Нұржанов сынды азаматтардың есімін атап өтуге болады. Күйшінің соңында қалған мұраларын бүгінгі заманға жеткізушілер де аз болған жоқ. Рақыш Ысқақов, Дастанов Дүйсен, Төлеген Қалиев, Исламбек Ысқақов, Сағын Жалмышев, Шәкі Оспанов сияқты дәулескер күйшілер оның небір көркем туындыларын фольклортанушы ғалымдарға табыс еткен. Бүгінгі таңда нотаға 10 шақты күйі түсірілген.
Досжанның «Қыпың» күйінің маңызы ерекше. Ауызекі жеткен деректерге сүйенер болсақ, бұл күйді Досжан досына арнап шығарған деседі.
Біздің өлке термелетіп жыр айтып, әуелетіп ән салған, күмбірлетіп күй төккен талантты өнер иелеріне кенде болмаған. Халқымыздың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан қасиетті өнерін өрістете түсуге сүбелі үлес қосып, кезінде өзінің тамаша туындыларымен, жақсы орындаушылық шеберлігімен жұртшылықты тәнті еткен дарындардың бірі, дәулескер күйші – Исламбек Ысқақов болатын.
Исламбектің күйлері өзінің саздылығы, бай мазмұны, ерекше ырғақ қағыстарымен тек қана біздің облысымыз емес, сонымен қатар республикамыздың өнер сүйер қауымының, белгілі музыка мамандарының көңілінен шығып, назар аудартты.
Ұзақ жылдар бойы ауыл мектебінде еңбек етіп, бала тәрбиесімен айналысқан саңлақ ел аузында тараған аңыз-әңгімелерді жинап, жазумен де шұғылданған. Сондай-ақ ол ұстазы Досжан мен өз күйлерінің шығу тарихын, мазмұнын жазып отырған.
Өзгеше айшықты күйлерімен ерекшеленген Сыр бойы күйшілік мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі – Мырза күйші.
Мырза Тоқтаболатұлы 1844 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шижаға ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Тарихи деректерге сүйенсек, Мырза белгілі Қазанғап күйшінің ұстазы болған. Қалың көпшілікке танымал Қазанғап күйлері тұтасымен жыраулық дәстүрге құрылған, ал оның ұстазы Мырза мұрасы да сондай, тек архаикалық интонациялық бояуы қоюлау деп айтуға толық негіз бар.
Мырза Тоқтаболатұлының ғұмыр кешкен, музыкалық мұрасының молынан сақталған жері – Қызылорда облысының Қазалы өңірі. Бүгінгі күні Мырзаның «Асанқайғы», «Бұғының күйі», «Алпыс екі Ақжелеңнің бауыр шешпесі», «Ташауыз» сияқты бітімі, құрылымы бөлек, композициялық жағынан оқшау тұрған 20-дан астам күйі белгілі болып отыр. Мырза күйлерінің басты ерекшелігі – транспозициялық формада құрылғандығында. Күйдің өзі шағын, 3 бөлімді шығарма іспеттес. Бұны «Жемнің ағыс күйі», «Ташауыз», «Бұғының күйі», тағы басқа күйлерден байқауға болады. Мұндай құрылымдағы күйлер көбінесе сағасыз болып келеді. Яғни, батыс күйлеріндегідей кіші, үлкен сағаларда үстіңгі ішектегі стереотип тартылмайды.
Мырза өз бойындағы өнердің барша дәнін шәкірттеріне сіңіріп, олардың есінде өшпестей күй сазын егіп кетті. Мырза мұрасын елге Бекпінбет, Көнек, Айсүгір, Жалдыбай, Қобылаш, Нәби, Шынәлі сынды саңлақтар жеткізіп отырған.
Осындай баға жетпес күйлерімізді халық арасына кеңінен насихаттап, көбірек беріп, сондай-ақ олардың орындалу ауқымын үлкейту арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, рухани тынысымызды одан әрі кеңіте түсер едік.

Мейрамкүл БАЙДӘУЛЕТОВА,
Қорқыт ата атындағы өнер мектебінің оқытушысы

20 шілде 2021 ж. 877 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930