Ерлігі елге мәлім ер Бақтыбай
Тарихқа үңілсек, қазақ даласын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған ерлер көп. Туған жерінің теңдігі мен кеңдігін соңғы демі қалғанша қасқайып қарсы тұрған батырлар санатынан Бақтыбайдың табылмауына не себеп? Ұрпағына ұран болған Бақтыбай батыр кім? Ел ертеңі үшін ат үстінен түспеген ақтаңгер батырдың тасада қалып, ерлігін таспалауға, тарихи тұғырдан тұрақ табуына не кедергі? Білмекке бойладық.
Ішкі және сыртқы жаулармен үздіксіз текетірескен қазақ даласындағы Еуропа мен оңтүстік батыстағы Кіші жүздің аймағы өзгелерге қарағанда бұлқыныстар мен шайқастарды басынан көптеп кешірді.
Бақтыбай туралы ел арасында түрлі аңызға бергісіз әңгімелер бар.
Патша үкіметінің мұрағат қорларында тарихты барынша бұрмалап жазып, халыққа жаны ашымайтын түз тағысы, “бұзақы”, “ұры”, “барымташы” деп көрсеткен. Мағлұматтарды сұрыптауда бір руда онымен аттас бірнеше батырдың болғаны белгілі болды. Тиісінше олардың кейбір әрекетерін біз айтып отырған Бақтыбай батырға телсе, оның жасаған қаһармандығын өз аталары жасады деп жалаң жазба жазып, таратқандар да болғанын ұғындық.
Аңыз басқа, ақиқат бөлек. Мақала барысында тарихи тұлғаның ерлігі мен өмір жолына мейлінше қанығу мақсатында тақырыпты зерттеуші тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар мен Қырымбай Мұхамбетяров, ұрпақтары Оразбай Әділбаев пен Ғалым Әділбайұлының мағлұматтарына сүйендік.
Он бесінде бас болған
Бірнеше кітап нұсқасындағы сәйкестікке сенсек, Бақтыбай Төлесұлы 1720-1780 жылдары өмір сүрген. Аға батыр, қолбасшы. Әбілқайыр ханның сенімді серігі.
Небәрі 15 жасында Әбілқайыр жасағының құрамында шайқасқа қатысып, ерлігімен көзге түскен.
М.Тевкелевтің Ресей сыртқы істер министрлігіне жазған құпия хатында (1720) полковник Гарбердің басшылығымен Ресейден Бұхара мен Хиуаға бет алған 500 түйе керуенін Бақтыбай батырдың басып алып, дүние-мүлікті жергілікті елге таратып бергені баяндалады.
1723-1724 жылдары қазақ жасақтары Еділ қалмақтарына соғыс ашқанда ханның сардары Бөкенбай батыр, Есет батырмен бірге жас батыр Бақтыбай қалмақтардың Доржыға қарайтын ұлыстарын кескілейді. Жеңіліс тапқан Доржы тайпасы орыстардан Саратов жаққа көшуге рұқсат сұраған.
1726 жылы Ордабасыда Кіші жүздің ханы Әбілхайырды Бас сардар етіп сайлаған жиынға жасы жиырмадан асқан Бақтыбай да шақырылады.
1729 жылы атақты Аңырақай шайқасында Кіші жүздің қолын Бөкенбай, Есет, Тайлақ, Бақтыбай, Сартай, Пұсырман және Маңғыстау түбегінен топтасқан 20 мың жасақ қазақ қосынының жартысынан астамы болады. Жырау Н.Қожанұлы “Сартай батыр” дастанында:
...Тілеу-Қабақ бектері
Қабағы тастай түйілген,
Асынып қылыш байлаған,
Кісен сауыт киінген,
Қола мен сары жез,
Болаттан жібін иірген.
Бақтыбай мен Пұсырман,
Жау жарағын түйінген.
Әбілхайырға қосылды,
Қаһарға мінген жиынмен, – деп суреттейді.
Ресей үкіметінің елшісі М.Тевкелевтің құпия хабарламасында «1732 жылы наурыздың 28 күні Бақтыбай батыр өзінің қарауындағы 150-200 сарбазымен Еділ қалмақтарына жорық жасамаққа бекінеді. Алайда мен жолай оған қазақ даласымен Астраханьнан Хиуаға бара жатқан Ресейдің артеллерия полковнигі Иоган Густов Гербер басқарған сауда керуенінің үстінен түседі. Оның 250 түйедегі мүліктерін тәркілеп, табан астында сарбаздарына таратып берген. Онысымен қоймай, келесі күні Бақтыбай мен оның жасақтары “олжаға алған тауарларына разы болып, Тевкелевтің тұсынан аттарын зулатып өте шығады және «жақын күндері сендердің де көретіндерің осы болады» деп Тевкелевке қыр көрсетіп кетті» деген жазба қалдырады.
Бұл әрекет орыс патшайымына жеткенде, ол Әбілхайыр ханға хат жолдап, жағдайды түсіндіріп, тоналған мүліктерді қайтаруын айтады. Бақтыбай оның себебін орыстардың басынып, үстемдік ететінін, ақы төлемейтіндерін, жергілікті халыққа бұйымдарын сатпай, өзбектерге апаратындарына жауап деп түсіндіреді.
Орыс шенеуніктерінің жазбаша деректерінде 1732 жылдың наурызында Батыр сұлтан, Бақтыбай бастаған 1750 жауынгері мәуміттерден Маңғыстау түбіндегі атақонысын, Асмантай-Матайдың құнарлы жазғы мол жайылым өлкесін босатып алу қарекетіне кіріскенін жазады.
Бақтыбай қазаққа белгілі Есет Көкіұлының үзеңгілес серігі, қолдаушысы.
1738 жылы Шақшақ Жәнібектің үлкен ұлы Түктібай шаңырақ көтергенде Есет серіктестерімен құдалығына қатысады. Қатарларында Бақтыбай би де болады. Осы сәтті пайдаланып Жүрдек батырдың басшылығымен Торғауыт қалмақтары Жем, Сағыз бойындағы қазақ ауылдарын шауып, қырғынға ұшыратады. Шапқыншылықта Есет батырдың ұлы Ақмаңдай мен әйелі тұтқындалады. Ақтабанды қалмақтың бір батыры мініп алады. Жағымсыз жаңалық жеткенде Есет Көкіұлы, Шақшақ Жәнібек, Бөкенбай Қараұлы, Бақтыбай Төлесұлы жасақтарымен жауды қуып жетіп, ақысын қайтарады. Ақтөбе өңіріндегі “Қандыағаш”, “Қалмақ қырған” деген топономикалық атаулар осы кезден қалыптасқан дейді зерттеушілер.
Қандыағаш ұрысында Бақтыбай батыр шеберлігімен көзге түседі. Оған тәнті болған Есет Жұрынның тұтқынға түскен қарындасы Жәпті Бақтыбайға әйелдікке алып береді. Бұл арудан ұлдары – Ерәлі, Серәлі, Жәміш, қызы – Жұрынтай.
И.Неплюевтің жансызы прапорщик Муравиннің 1743 жылғы 29 ақпан күнгі жазбасында: “Мен Кіші жүздегі Бақтыбай батыр бастаған қолы төменгі қалмақтарды шабуға дайындалып жатыр дегенді естідім. Олар қалмақтарды қырып, қатын-балаларын тұтқынға алмақ болыпты. Осы хабарды ханға жеткіздім. Бұған хан: «Қазақтар Ұлы Мәртебелі император ханымға сатқындық жасаған қалмақтарды шабуға бара жатырса», – деп қарсы дау айтты. Бірақ мен ондай қалмақтарды білмейтінімді айттым. Әбілхайыр Бақтыбайға кісі жіберіп, қалмақтарға аттанбасын дегенде, батыр: «Егер хан тиіспе десе, мен қойдым, бірақ егер олар қозғалатын болса мен де қарап қалмаспын», – деп жауап қайтарыпты» деп көрсеткен.
Бақтыбай батыр 1748 жылы тамыз айында Әбілқайыр хан қаза тапқан кезеңде хан отбасы жанынан табылғандығын. Ол қаралы кезеңде Бопай ханымға Кіші, Орта жүздің беделді 104 адамымен бірге келгендігі туралы дерек келтіреді.
Әбілхайыр өлгеннен кейін мұрагерлік жолмен оның баласы Нұралыны қазақ билері хан сайлағанда Бақтыбай қолдап, патша үкіметіне оны бекіту туралы хатқа өзінің таңбасын басқан.
Бопай туралы айтылғанда сөз болатын сенімді өкілі Ізбасар Бақтыбайдың інісі екендігін бірі білсе, бірі білмейді.
Ізбасар Бақтыбайдың туысы ғана емес, тәрбиелеген ізбасары.
Батырдан тараған батырлар
«Кіші жүз рулары» шежіресінде Бақтыбай батырдан Асан, Құдас, Жәдігер, Есалы, Қараша атты ұлдары бар десе, келесі бір шежіреде Дәулетбай батыр Бақтыбайдың екінші ұлы делінеді.
Бақтыбай Әбілқайыр ханның орыс қалаларына елшілігіне баласы Дәулетбайды қосады. Ол турасында хан 1744 жылы шілде айында Астрахань губернаторы В.Татишевке хабарлаған. бір айдан кейін Әбілқайыр Дәулетбайды қайтаруын сұрады.
Араға уақыт сала жаңа елшілік құрамына Бақтыбайдың тұңғышы Асан батыр қосылады. Асан батырдың Орск қорғанында өткен А.Тевкелевпен кездесетіні осы кез. Елшіліктегі батырлар ұтқындағы Дәулетбайды босатуды сұрайды. Мәселені Барақ сұлтан И.Неплюевке жолдаған хатында да қаузайды.
Бопай 1750 жылы көктемде Ізбасарды Нұралы ханға жібереді. Көп ұзамай 1750 жылы 2 сәуірде Нұралы хан А.Тевкелевке хат жолдап, Ізбасардың немере інісі Дәулетбайды сұрағанын хабарлайды.
Нұралы Бақтыбай батырдың ұлы Асанның қайтар жолда қаза тапқанын атап өтеді. Бұл жайында ханымның 1750 жылы мамыр айында жазған хатында да келтіріледі.
Дәулетбайдың елге оралмауы сыздай батып жүргенде, Асанның ажалы батырға ауырға соғады.
Дәулетбай мәселесін қаншама әрекет жасалғанымен, ешбірінен нәтиже болмайды. Орынбордағы бір кездесуінде Қара батыр Ресейде аманатта болған Қожахмет сұлтан адамдарының Дәулетбайды Санкт-Петербургтен көргенін, оның «шоқынбағанын» алға тартады. ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы деректерде Бақтыбай Төлесұлы үміт артқан, қос ұлынан айырылғандығы туралы мәлімет көрсетіледі.
Одан кейін Құдас Бақтыбайұлы шығады. Нұралы хан 1750 жылы 13 маусымда Орынбор губернаторы И.Неплюевке, 1759 жылы 9 шілдеде А.Давыдовке жолдаған хатында «шекті Бақтыбайдың ұлы Құдас батыр» деп анық жазады. Құдас батыр ханның немере інісі Қарабас сұлтанмен бірге елшілік қызмет етеді. Ағалары қайтыс болғаннан кейін, Атыраудан Ұлы Борсық құмына көшірген деседі.
Бақтыбай Кіші жүз ханы Нұралымен, елдің оңтүстігінде мойындалған Батыр ханмен де тең қарым-қатынас ұстады.
Бақтыбай батыр 1750 жылы 5 маусымда Бейімбет батырдың қайтыс болуына байланысты берілген асқа Есет тарханмен қатар отырады. Хиуа бағытындағы керуендерге қатысты қалыптасқан жағдайды саралау үшін Батыр хан 1752 жылы Бақтыбай батырды Нұралы ханға аттандырады 1753 жылы жазда хиуалық керуендер тоналғанда, Батыр хан мен Бақтыбай батыр бастаған қазақ рубасылары Нұралы ханды шақырып, қарақшылықтың себебін халық алдында түсіндіруін талап етеді.
ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Бақтыбай ұрпақтары Арынғазы хан бастаған ұлт-азаттық қозғалыс жылдарында жауға қарсы тойтарыс береді. Олардың қатарындағы Келдібай Қарашұлы старшын, Айдос Құдасұлы, Жанұзақ Қарашаұлы, Қожамұрат Қарашаұлы, Арыстанбай Серәліұлы, Ерімбет Ерәліұлы би болған. Арынғазы Әбілғазыұлын 1817 жылы хандық таққа ұсынғандар қатарынан батырдың шөберелері –Қараша немересі Мұрат Жанұзақұлы, Құдас немерелері Отарбай Жандосұлы, Айтқұл Боранұлы, Тана Досанұлы болғандығы жазылған.
Атойлатқан ақтаңгер
Ұран – халықты, кейде жеке адамдарды да жеңіске, ерлікке шақыратын айбарлы сөз. Жауға қарсы аттанғанда руластарды жігерлендіріп, олардың рухын көтеру үшін ұрандайтын әскери-рухани пәрменге айналған ұранға Л.Баллюзек бірлікке шапшаң ұйыстыратын әдет-ғұрыптардың ең қасиеттісі деп анықтама берген. Алаш ардақтыларының арасындағы 43 қазақ руының ұраны болған ұлдары ұлтқа қызмет еткен тұлғалар
Көтібар, Ақтан, Жылқаман, Есет Көтібарұлы, Қайдауыл, Қарағұл, Әзберген, Байқазақ, Торайғыр, Елтізер, Дәрібай, Жанқожа, Арыстан, Мамай, батырлардың барлығы жорықта “Бақтыбайлап” ұрандап, жеңіске жеткен.
Бұланты-Білеуті соғысына қатысқан жас батыр Бақтыбайға қатысты М.Тағыбергенұлының “Ол кім еді?” деген мақаласында төмендегі жолдар кездеседі.
“Ол кезде әскердің қолбасшысы әрі ұраны Құл (Бүкірек) батыр екен (Құлдың бейіті Арал ауданының Құланды түбегіндегі, өз атындағы қорымда. 2009 жылы ұрпақтары батырдың басына кесене тұрғызып, ол туралы кітап шығарды – Қ.М.). Жасы ұлғайған Құл өзі ұрысқа араласпай биік төбеден бақылап, әскерге басшылық жасаған. Кескілескен, жан беріп, жан алысқан шайқаста қазақтардың қолы ыдырап шегіне бергенін көрген Құл қатты қиналады. Осы кезде ұрысқа қатыспай тасада тұрған жас Бақтыбай ақбоз атын ойнақтатып жасақтарымен жаудың бір бүйірінен тиісіп, табан тіреп шайқасады. Оның жүрген жолында жау орылған қамыстай жапырылып, қынадай қырылады. Осыны көріп отырған кемеңгер атасы Құл батыр сұрау салып, жас жігіттің Төлес баласы Бақтыбай екенін біледі. Жас батырдың жаужүректігіне риза болған Құл батыр:
– Мен үлкейдім, енді ұрыста жауға Бақтыбайлап тиісіңдер, ұрандарың “Бақтыбай” болсын, – деп бата беріпті. Бақтыбай осыдан бастап батыр атанып, ұранға шыққан” (“Азия” газеті 1995, қараша №45).
Осы шайқаста Бақтыбай қалмақтың батыры Қонжармен жекпе-жекке шығып, жаудың басын алып, сарбаздардың рухын көтереді. Ұрпақтарының айтуынша, Бақтыбай батыр жасы алпыстан асқанданда, ұрыс майданында жау оғынан қаза болған.
Жаужүрек жанның сүйегі Байғанин ауданы, Жем өзенінің шығыс жақ жағалауындағы «Қарасақал» қорымында.
Түйін: Ерлік – елге үлгі, ұрпаққа ұран. Бір аталық ру ғана емес, қалың қазақтың қамқор болып, тірісінде аңызға айналып, өмірден озғаннан кейін де аты айбар болған ержүрек ер туралы насихат жұмыстары әлі де кемшін. Қазақстан тарихына тақырып беріп, есімін ұрпақ жадына ұялату үшін атын қала атына берсе де аздық етпейді. Кино түсіру, көркем әдебиетке ендіру де уақытқа артылар сын. Олай еткенімізде, бүгінгі буын өмірде бары не жоғы белгісіз Робин Гудты емес, батыр Бақытбайын бағалап, мақтанар еді.
Дайындаған
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА